Елбасы Н.Ә.Назарбаев “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін инновациялық бағытқа түсірудің маңыздылығын атап айтып, ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналу міндетін қойды. Соған орай Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Аймағамбет Барлыбаевты сөзге тартқан едік.
– Аймағамбет Сабырұлы, Қазақстан – аграрлық мемлекет. Жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орында тұрғандықтан болар, жайылымдық жерге де, егістік алқапқа да, шабындыққа да кенде емес. Еліміз осынау ұшы-қиыры жоқ кең даланың мүмкіндігін толық пайдаланып отыр ма?
– Әрине, ең бірінші байлығымыз – жеріміз. Жеріміздің мүмкіншілігі зор, оның асты да, үсті де байлыққа тұнып тұр. Біз соны дұрыс пайдалануымыз керек. Мал шаруашылығы – қазақ халқының ата кәсібі. Сондықтан болар, Елбасымыз да шаруашылықтың осы түрін дамыту қажет екенін үнемі айтып жүр. Себебі, осыншама жердің иесі бола отырып, мал өнімдерімен еліміздің азғантай халқын толық қамтамасыз ете алмасақ, елдігімізге сын емес пе?! Статистикалық ақпаратқа қарасақ, қазіргі жағдайда тұтынатын ет өнімдерінің 60 пайызы ғана өзіміздікі.
Кеңес өкіметі тұсында Қазақстан өз аумағында мекен еткен 17-18 миллион тұрғынды азық-түлікпен толық қамтамасыз етті. Сол кезде 29-30 миллион тонна дәнді дақылдар өндіретін. Қазір де, Құдайға шүкір, ұнды да, бидайды да экспорттап жатырмыз. Алайда, бір ескерерлігі – бидайымыздың сапасының төмендеп кеткені. Ал мал шаруашылығына келетін болсақ, бұл саладағы өндірілетін өнімнің көпшілігі жекеменшіктен шығып отыр. Бір кездері мал өнімдерінің 95 пайызын сол ауыл тұрғындары беретін, қазір 85 пайыздың маңайында. Анығын айтуымыз керек, қосалқы шаруашылықтағы өнімінің сапасы төмен. Өйткені, әр ауылдың жағдайы әртүрлі, малға беретін азықтары да әр алуан. Бүгінде ел тұрғындарының 48 пайызы ауылда тұрып жатыр, дені – өзіміздің қазақтар. Соңғы кезде сол ауылдықтардың өзі мал басын күрт қысқартып жіберді, мұның себептері де бар. Біріншіден, олар малды жем-шөппен қамтамасыз ете алмай отыр. Демек, мемлекет тарапынан малдың жемшөбіне көмек көрсетілуі керек.
– Сіздің пікіріңізше, халық қорасындағы қойы мен сиырына өзі жемшөп даярлауға қауқарсыз ба?
– Ауыл тұрғындарын арзан бағамен жемшөбін беру арқылы қолдау керек, егер олай болмаса, он шақты жылдан кейін қазіргі қолда бар малдан да айырылып қалуымыз ғажап емес. Қазір шұрайлы жерлер көрінген көк аттының қолында кетті, ауыл шаруашылығына бейімі жоқ адамдар иелік етіп отыр. Сонысы – өкінішті. Олардың ауыл шаруашылығынан хабары жоқ, ауылдың проблемасын білмейді, білсе де, олардың ауылға жаны ашымайды. Көктемде егін егіп, күзде жинап алып, сатып жіберсе болғаны. Өсімдік өсіру мал өсірумен салыстырғанда жеңілірек екені анық. Бір айдай уақыт егін егеді, жазда 15 күндей дәрілейді, күзде бір айда жинап алады. Ал малдың соңынан жыл он екі ай жүру керек. Әрине, жүргісі келмейді, ал шұрайлы жайылым мен шабындық жерлер солардың қолында. Сондықтан біз осы мәселені шешпей, дастарқанымызды толтыра алмаймыз.
– Соңғы жылдары Қазақстанда жайылымдық жер азайып кеткені айтылып жүр, бұл алқаптарды мақсатсыз пайдаланудан туған тапшылық па?
– Мемлекет жерін бергеннен кейін оған қойылатын талапты күшейту керек. Жер берілген екен, оны дұрыс пайдалану мәселесін заң жүзінде шешу керек. Жемшөп өсіретін алқаптарға егін егуге болмайды, себебі, сол маңдағы ауыл тұрғындары мал азығынсыз қалады. Мысалы, бұрынғы кеңшардың жерін түгелдей бір фирмаға бере салуда: оның ішінде егістік те, шабындық та бар. Ол жерлер тиімді пайдаланылып жатқан жоқ. Екіншіден, Үкімет талап қоя алса, мысалы, жерді алған екенсің, белгілі бір мөлшерде шөп шауып, ауыл тұрғындарына тиімді бағамен бергізу керек. Міне, сонда ғана халық малдың санын көбейте бастайды. Біз халықтың қорасындағы малға тәуелдіміз, демек, оларға қолдау көрсетуге міндеттіміз.
– Жұрт қорадағы малын өзіне тиімді бағаға сата алмауда. Осы мәселені қалай шешуге болады?
– Мен кезінде 10 мың бас ірі қарасы бар аудандық шаруашылық бірлестігін басқардым. Соның өзінде 24 мың центнер ет өндіретінбіз. Бұл – бір ауданда ғана. Біз жекенің артық малын сатып алатынбыз, егер ол жас тайынша болса, оны өсіріп, семіртіп, сосын барып ет комбинатына өткізетінбіз. Қазір салмағы 200 килограмм ғана болатын бұзаулар пышаққа ілінеді. 200 килограмм бұзау 100 килограмм ғана ет береді, ал енді оны жемдеп, 4 центнер қылатын болсақ, одан 200 килограмм ет алынар еді. Демек, біз асығыстық жасап, 100 килограмм етті далаға тастап жатқан сияқтымыз. Ал тұрғындар қысылғаннан бере салады, жемі болмай қалады, шөп қымбаттап кетеді. Ал алыпсатарға бәрібір, келді, ақшасын берді де, сойып алды, базарға шығарып, сатып жіберді. Сондықтан дәл бұрынғыдай халықтың малын сатып алатын, оны сол күйінде емес, семіртіп, өсіріп барып соятын шаруашылықтар құру керек. Мал бордақылаумен айналысатын шаруашылықтары халыққа да, Үкіметке де пайдалы болар еді.
– Бүгінде бір тіркеме шөбіңіз 30-40 мың теңгеге сатылып жатыр. Ешбір артық еңбекті қажет етпейтін, өздігінен өсіп шығатын шөптің құны неге сонша қымбат? Бұл шөптің нақты өзіндік құны ма, әлде қолдан жасалып отырған қымбатшылық па?
– Қолында техникасы бар адамдар аз, сондықтан да баға шарықтап кетіп жатыр. Менің ұсынысым да сол ғой: әр округте немесе аудандағы екі-үш округте бір-бірден тек шөппен айналысатын бригадалар құру керек. Орамадағы шөп, сүрлеме, тағысын тағыларды дайындаса, халық алып, қорасындағы төрт түлігінің басын көбейтер еді. Мен тәжірибе шаруашылығын да басқардым. Осы облыстағы басқа шаруашылықтарға жоғары сапалы тұқым беретінбіз, оның ішінде дәнді дақылдар тұқымын және негізінен көпжылдық шөптердің тұқымын. Қазір мұндай жұмыс атымен жоқ, ешкім айналыспайды. Үкімет тарапынан демеуқаржы беріліп тұратын тұқым шаруашылығын құру керек. Бүгінде не өседі, соны шауып алып жүрміз. Мұнымен алысқа шаба алмаймыз.
– Елбасы мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруды тапсырды. Жылына 60 мың тонна ет экспорттау қазіргі жағдайда мүмкін бе?
– Кезінде Қазақстан шетелдерге және одақтың құрамында болған өзге республикаларға 300-400 мың тонна ет жөнелтетін. Демек, бізге жететін меже белгілі деген сөз. Бұрын мыңдаған тонна май, вагон-вагон жүн жіберілетін. Ал қазіргі кезеңде соның бірі де жоқ, жүнді ешкім жинамайды, шашылып қоқыста жатыр, теріні ит-құс сүйретіп әкетеді. Күнде дастарқанымызда тұратын ірімшіктің 98 пайызын шетелдерден импорттап отырмыз. Өзімізде оны өндіретін сапалы сүт те жоқ, оған мүмкіншілік те жоқ. Енді осыншама жерге иелік етіп отырып, өзімізді сүт пен маймен қамтамасыз ете алмасақ, несімен аграрлық республикамыз деп мақтанамыз? Сондықтан мемлекет тарапынан беріліп жатқан жәрдемқаржыны тиімді жұмсау тетігін жасау керек. Ол қаржыны онсыз да қалтасы қалың ірі агрофирмаларға емес, ауылдағы ағайынға беру керек.
– Мемлекет үшін малдың жеке адамдардың қолында болғаны пайдалы ма, әлде ірі шаруашылықтарда бағылғаны тиімді ме?
– Екеуі қатар жүргені дұрыс, екеуі де пайдалы. Әлем елдерінің тәжірибесіне зер салсақ, қай ел болсын азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығын қаржылай қолдап отырады. Мысалы, Беларусь елінде мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау 18 пайызды құрайды екен, бұл мал шаруашылығына кететін барлық шығынның 18 пайызын Үкімет мойнына алып отыр деген сөз. Ал бізде бұл әзірге 4,5 пайыз ғана, ол да аз қаржы емес. Соңғы кездері Қазақстан нарығына Беларусьтен ет келе бастады. Неге? Себебі, оларда мал шаруашылығы бізден әжептәуір жақсы дамыған, бір саты биік тұр. Оны мойындауымыз керек.
Ірі агрофирмалармен бірге шағын фермерлерге де мүмкіндік беру керек. Ауылда тұратын еңбекқор адам 10 сиыр ұстаймын десе, мемлекет оған да көмектесуі керек, қорасын салуға, шөбін шабуға қол ұшын беруі тиіс. Ал қазіргі таңда жәрдемқаржы беруде алалаушылық көп екенін жасыра алмаймыз, ірі фирма болса, оған көбірек, ал орташа шаруашылық болса, аздау төлейді, ал шағын шаруа қожалықтарына мүлдем бермейді. Бұл дұрыс емес, қайта шағын қожалықтарға қолдау көбірек болғаны жөн. Өйткені, олардың қиыншылықтары да көп.
– Ауыл шаруашылығы министрлігі ірі қараның басын арттыру мақсатында шеттен жаппай сиыр сатып алуды жүзеге асырып жатыр. Осы қаншалықты тиімді? Өзіміздің қолда бар қазақы Зеңгі баба тұқымының саны мен сапасын арттыру ісі неге кенже қалып отыр?
– Қазақтың өзінің бұрыннан келе жатқан асылтұқымды малы азайды. Негізі мал басын асылдандыру саясаты дұрыс. Мемлекет те одан ақша аяп қалып жатқан жоқ. Бәленбай миллиард теңге шығарып, шетелден сиыр сатып алып жатырмыз. Оған ешкім қарсы емес, бірақ мәселе қанша сиыр алатынымызға және оны кімге беруімізге байланысты. Сатып алуда еш қиындық жоқ, “ҚазАгроҚаржы” ақшаны береді, барасың да, сатып алып келесің. Ал ол ірі қара қай шаруашылыққа келді, кәсіпкердің білім-парасаты осы малды жойып жібермей, өрістетуге жете ме? Мәселе сонда. Малды әкелу үшін мұқият дайындық жасау қажет, оны қоятын қорасын, жемшөбін дайындау керек, мамандар болуы тиіс. Ал біз әкелеміз де, не қорасы, не жем-шөбі жоқ біреулерге бере саламыз. Ал оның әрқайсысының құны өте қымбат, сонау жақтан ұшақпен әкелеміз. Кейде өлтіріп те алып жатырмыз, келгеннен кейін ауру жұқтырғаны белгілі болып, мыңдаған басты өртеп те жібердік.
Мемлекет қаржысына алынған сиырларды шаруаларға тегін беруді қою керек. Себебі, ертең ол сойып тастаса да, ешкімді жауапкершілікке тартпайды. Келешегі жоқ серіктестіктер бар, бірақ солардың өзі мыңға жуық ірі қара алған. Біз жұмыс барысымен оларды көп аралаймыз, қарап жүрсең, сол малдың жартысы қазір жоқ. Қайда жібергені белгісіз, ешкім сұрап жатқан жоқ. Осы мәселе мені қатты толғандырады. Бұл қалай? Мемлекеттің қаржысын бей-берекет жұмсауға болмайды ғой. Бүгінгі таңда мал сатып алып жатқандар ауыл шаруашылығы саласының білікті мамандары емес. “Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар?” демекші, кім көрінгеннің қолында кетіп жатыр. Сондықтан малды жәрдемқаржы ретінде тегін емес, жалға беру керек. Қора-қопсыны салып, барлық техникасымен қосып, оны да жалға ұсыну қажет. Сосын оған жоспар құрып, тапсырма жүктеу керек. Мысалы, Ресейдің Түмен облысында қолы іс білетін адамға бюджет қаржысына миниферма салып береді. Қажетті техникамен түгел жабдықтайды. Талай рет барып, тәжірибе алмастық. Бәрін берген соң тиісті меже қояды, мысалы, бір сиырдан 8 мың литр сүт саууың қажет немесе 100 сиырдан 90 бұзау аласың, осынша салмақ қостырасың дегендей, егер сен оны асыра орындасаң, Үкімет саған 50 пайыз демеуқаржы береді. Былайша, бүкіл шығыныңның жартысын жабады деген сөз. Сөйтіп, сен де пайда көресің, төлі сенікі, сүті сенікі, оны өзің саудалап пайда табасың. Осындай тәжірибені қолдансақ, бізге де артық болмас еді.
– Шаруашылықтарда білікті мамандар жоқ деп қалдыңыз. Нақты қандай мамандар бізге қажет?
– Бізде енді он жылдан кейін мал шаруашылығы мамандары тіпті азайып кетуі мүмкін. Өйткені, оны ешкім даярлап жатқан жоқ. Екіншіден, мал шаруашылығына қызығушылықты төмендетіп алдық, жастарымыз қораға кіргісі келмейді. Бұрын біздің елде бірнеше жоғары оқу орнында маман даярланатын. Ветеринарлар, зоотехниктер. Бұлар өз ішінен тағы бірнеше салаға бөлінеді. Бүгінде осы мамандардың әлеуетін пайдалана алмай отырмыз. Шаруашылықтар ақша үнемдеу мақсатымен білікті адамдарды шақыруды қойды. Кейбір серіктестіктер ветеринар мен зоотехник мамандардың жұмысын бір адамға жүктей салады. Бұл дұрыс емес, зоотехник – ұйымдастырушы, ал ветеринар ол – дәрігер маман.
– Мал шаруашылығымен айналысушылар мен ғалымдар арасында да байланыс үзіліп қалған сияқты. Бұл саланы ғылымсыз дамыту мүмкін бе?
– Ғылымсыз мал шаруашылығын дамыту мүмкін емес. Өкінішке қарай, бізден ешкім ештеңе сұрап жатқан жоқ. Тәжірибе шаруашылықтарының бәрін банкрот қылды. Сондықтан ғалымдар тәжірибесін қайда жасайтынын білмей жүр. Ірі шаруашылықтардың бірін ғылыми-зерттеу институттарына бекітіп берсе, ғылымдағы жаңалықтардың бәрін соған енгізіп, кейін өзгелерге үйретуге болар еді. Мысалы, Өзбекстанда соны байқадым. Бізде, керісінше, шаруашылықтар мен ғалымдар өзеннің екі жағалауында қалып қойған сияқты.
– Сонда ғалымдардан ақыл-кеңес сұрамайтындай шаруашылық басшыларының бәрі білімді болып кетті ме?
– Біріншіден, шаруалар бәрін тегін алғысы келеді, оған да келістік дейік, ал енді бір ауылға барып, ғылыми тәжірибені жүзеге асырайын десек, әлгі қожалықта бір білімді маман жоқ. Барсаң, малшы мен басшысынан басқа ешкімді кездестірмейсің. Ал малдың иелері түк түсінбейді. Кіммен жұмыс істейсің? Мен өзім барып, малдарын ұрықтандырып бермеймін ғой, оны істейтін мамандар болуы керек. Ол жерде білімді адамдар болмай, мал басын асылдандыра алмаймыз.
– Өзіңіз қандай ғылыми жұмыспен айналысып жүрсіз?
– 1983 жылдан бері ғылымның басықасында жүрмін. Қазір Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы институтында “Байкал” деген препаратпен айналысып жатырмыз. Жапонияның Теро Хито деген ғалымы ойлап тапқан “Байкал” деген биологиялық белсенді препарат бар, сол пайдалы микроорганизмді Ресейде Шаблин деген ғалым енгізген болатын. Міне, сол технологияны Қазақстанда алғаш болып біз қолданып жатырмыз. Оны пайдалану арқылы өнімділікті 15-20 пайызға дейін көтеруге болады. Бұл биологиялық белсенді препаратты берген кезде ол ағзадағы зиянды микроорганизмдерді жойып, ал пайдалы микробтарды өсіріп отырады. Соның есебінен мал жақсы өнім береді.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
журналист.