Облысымызда қатерлі ісік дертіне шалдыққандар көбеймесе, азаймай тұр. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының берген соңғы мәліметіне сүйенер болсақ, бұл дерттен көз жұмғандар өткен жылы 100 мың адамға шаққанда 10,5 пайызға ұлғайған.
Қай дерт болсын емге көнеді, дейді дәрігерлер. Тек оны уақытында анықтау қажет. Сондықтан аурудың алдын алу мақсатында елімізде денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасының аясында скринингтік тексерістер өткізіліп келеді. Бұл тексерістерде жүрек-қан және қатерлі ісік дерттерінің алдын алуға басымдық берілген. Оның себебі де белгілі. Биылғы жылдан бастап скринингтік тексерістердің тізімі біршама ұлғаймақ. Қатерлі ісік дерті бойынша сүт безі, жатыр мойны, тоқ ішектің қатерлі ісігі тізімінің қатарына қуықасты безі, асқазан, бауыр және өңеш обыры енбек.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше әлемде өңеш дертіне шалдыққан адамдар саны күн санап артып келеді. Елімізде 2012 жылы 1363 адам өңеш қатерлі дертіне шалдыққан. Науқастанғандардың 40 пайызы 1-2 кезеңде болса, 7,9 пайызы дерттің 4-ші кезеңіне жеткен. Облысымызда сол жылы өңеш обыры дертімен 49 адам науқастанса, өткен жылы 39 адам тіркелген. Науқастанғандардың 3-нің дерті асқынып, ем қонбады.
Өңештің қатерлі ісігінің пайда болуына не әсер етеді?
Қатерлі ісіктің неден пайда болатындығы толыққанды анықталмаған. Оның пайда болуына сыртқы факторлар, дұрыс тамақтанбау, ішімдіктерді, дәмдеуіштерді қолдану әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ, созылмалы эзофагит, өңештің дивертикулы, өңештің таз ауруы, химиялық күйіктен кейін пайда болған өңештің тарылуы және рефлюксэзофагит дерттері себеп болуы әбден ықтимал.
Бұл сырқат 50 жастан жоғары ересектерде және ерлерде жиі кездеседі. Дерттің алғашқы кезеңінде аурудың белгілері байқалмайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, аурудың елеусіз кезеңі 15 айға дейін созылады. Сырқаттың алғашқы кезеңдерінде тамақты асығыс жеу кезінде қою тамақ қиын өтуі мүмкін. Адам бұл жағдайды қарапайым түйілу деп мән бермеуі де мүмкін. Әдетте, түйілген кезде адам су ішіп немесе жеген тамағын құсып, қою тамақты жеген кезінде өңешінің ауыратындығын ұмытып та кетуі ғажап емес. Мұндай жағдай бірнеше рет қайталанғанда ғана дерт өрши түседі.
Осы кезеңде өңештен нан, ет сынды қою тамақтардың қиын өтуін науқас анық сезетін болады. Сілекей үлкен мөлшерде бөлінеді. Адам өзін толып кеткендей сезінеді. Төс сүйек тысырайғандай болады. Тамақ ішкен соң адам жиі кекіре береді. Күнделікті жеп жүрген астың дәмі өзгергендей болады. Ауыздан жағымсыз иіс шығады. Науқаста әлсіздік пайда болады. Дене салмағы төмендейді.
Кей науқастарда өңештің қатерлі ісігі дертінің белгілері жүректің, өкпенің, асқазанның ауырғанына ұқсас келеді. Сондықтан бойыңызды әлсіздік билеп, әдеттегіге қарағанда тез шаршайтын болсаңыз, қою тамақты жұтқан кезде түсініксіз қиындық пайда болса, учаскелік дәрігеріңізге және хирургке көрінуіңіз қажет. Елімізде 2013 жылдан бастап, 50 жастан асқан тұрғындар арасында өңештің қатерлі ісігін анықтауға бағытталған медициналық тексерістер жүргізіліп келеді. Мұндай тексеріс екі жылда бір рет ұйымдастырылады. Мекенжайы бойынша тіркелген 50, 52, 54, 56, 58, 70 жастағы әйелдер мен ер адамдар емханаларында ФГДС-тен өтуі тиіс. Егер әр адам өзінің денсаулығына селқостық танытпай, белгіленген уақытта тегін медициналық тексерістен өтсе, онда қатерлі ісік сынды емге көне бермейтін сырқаттың да алдын алуға болады.
Виктор ФРЕШЕР,
облыстық онкологиялық
диспансердің онкохирург дәрігері.