«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛИНА – ТІЛ ШЕБЕРІ

Қыз бала – бойжеткен, келін, ана,

Бәрі де дер кезінде дара тұлға.

Ұрпағыңның ойласаң болашағын,

Қызды сыйла жамағат, қызды сыйла! –

деген жыр шумағы қалай тауып айтылған десеңізші?! Шындығында да, қыз бала сән мен сымбаттан жаралғандай. Өне бойы тұнып тұрған сұлулық.

Нәзіктік пен инабаттылықты ту етіп, білім бұлағынан нәр алып, биікке ұмтылған жігерлі жастардың бірі – Алина Гайнуллина. Бала кезінен өлең оқып, Абайдың қарасөздерімен сусындап өскен Алина Петропавл қаласындағы Ғабит Мүсірепов атындағы №43 орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Заман талабына сай болуға талпынған ұстаздың алдына қойған мақсаты зор. Ол – аянбай еңбек етіп, биік белестерді бағындыру.  

Асыл жар, инабатты келін болуды өзінің міндеті санаған Алина үй шаруасымен қатар, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Өнерден ауылын алысқа салмаған Алинаның ойы – ұшқыр, тілі шешен. Ол ән айтып, би билейді. Жақында өткен өзге ұлт өкілдері арасындағы тіл білгірлерінің облыстық байқауында жас маман оза шауып, 1-орынды жеңіп алды.

Татулықтың тірегі болып саналатын тілді жетік меңгеру, оған құрмет көрсету әрбір адамның азаматтық парызы деп санайтын Алинаның бұл бірінші жүлдесі емес.

(Өз тілшіміз).

СУРЕТТЕ: Алина Гайнуллина.

  Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp