Ұлттық банктің облыстық филиалының мәжіліс залында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) облыстық филиалы басшыларының қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. “БЖЗҚ-ға зейнетақы активтерін біріктіру үдерісінің аяқталуы және оның ағымдағы қызметі” деген тақырыптағы кездесуді Ұлттық банк филиалының директоры Жомарт Қажырақымов ашты. Ол БЖЗҚ-ның біріктірілу себептеріне тоқталып, оның коммерциялық ұйымға жатпайтынын, зейнетақы активтері мен міндеттемелерінің қабылдау-өткізілуі табысты атқарылғанын, жаңа зейнетақы заңнамасына сәйкес барлық зейнетақы активтерін сенімгерлік басқарудың Ұлттық банкке жүктелгенін айтты.
Одан кейін сөз алған “БЖЗҚ” АҚ-ның баспасөз орталығының қызметкері Марина Теплых қор қызметінің барша салымшыларға қолжетімдігі мен қолайлығы және зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат берудің әлеуметтік маңыздылығы туралы әңгіме өрбітсе, қордың облыстық филиалының директоры Рамазан Мұқанов пен өңірлік сервис орталығының меңгерушісі Данияр Маекенов БЖЗҚ-ның жыл басынан бергі жұмыс қорытындыларын саралады. Онда айтылғандай, облыстағы зейнетақы қоры салымшыларының саны 317474 адамды құрайды, олардың жинақталған зейнетақы қоры 112 миллиард теңгеге жетті. Қордың Петропавл қаласында үш бөлімшесі және аудандарда 13 бөлімшесі жұмыс істейді. Сондай-ақ, 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы жүйесіне енгізілген зейнетақы жарналарының жаңа түрі – міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары жайында кеңірек түсінік берілді. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының салымшысы жұмыс берушілер болып табылады.
Осы мәселенің өзі баспасөз мәслихаты барысында қойылған сұрақтардың біріне арқау болды. Өйткені, міндетті кәсіптік зейнетақы жарнасының есебінен зейнетақы жинақтарын ел Үкіметі бекіткен тізбедегі мамандықтар бойынша жұмыс істейтін азаматтар ғана ала алады. Қазірде өңірімізде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша 96 ұйыммен 4717 шарт жасалды. Олардың бүгінгі жинақ активі 127 миллион теңгені құрайды.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қойған қор жинақтарын қабылдау-өткізу барысында қаржылық шығынға жол берілмеді ме деген сұраққа облысымызда ондай фактінің орын алмағаны айтылды. Сондай-ақ, жабылған жинақтаушы зейнетақы қорларының қызметкерлерін жұмысқа орналастырудың негізінен оң шешілгенін білдік. Қазір БЖЗҚ облыстық филиалының штатында 80 адам болса, соның тең жартысы – қаладағы бұрынғы басқа қорлардың қызметкерлері.
Осы айтылғандардың бәрі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының алғашқы аяқ алысының жақсы екенін байқатады.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.