Өңірімізде саламатты өмір салтын ұстанатын жастардың қатары жыл санап көбейе түсуде. Әсіресе, аудандарда ашылған түрлі спорт үйірмелерінің өскелең ұрпақтың шымыр болып өсуіне ықпалы зор.
Осыдан екі жыл бұрын Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл ауылында да таэквондо үйірмесі ашылған еді. Бүгінгі күні үйірмеге 40-50 жеткіншек келіп, жаттығып жүр. Олар ауданішілік, облыстық, республикалық сайыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып үлгерді. Мәселен, өткен жылдың соңында Түркістан қаласында өткен таэквондодан (WTF нұсқасы) облыстық ашық турнирге қатысқан ауданның жас спортшылары жүлделі орындарға қол жеткізді. Сайысқа Қызылорда облысынан және Шымкент қаласынан бірнеше команда қатысса, біздің өңірдің намысын Уәлиханов ауданының таэквондошылары қорғады. Жарыс қорытындысы бойынша 26 кг. салмақтағы Саяжан Боранбаева бірінші орынға ие болды. Ал Әсем Омарова (41 кг.), Диас Тұрсынбек (33 кг.), Данияр Нұрмағанбетов (25 кг.) екінші және үшінші орындарды еншіледі. Таэквондо жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасының үш дүркін жеңімпазы, спорт шебері Дәулет Манапов балғындардың бағындыратын белестері бұдан да биік боларына сенімді.
Жанаргүл МЕЙРАМ,
“Солтүстік Қазақстан”.