«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛҒАШҚЫ ҰСТАЗДАРҒА АРНАЛҒАН ФОРУМ

“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ “Солтүстік Қазақстан облыстық педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты” филиалында өңір мұғалімдеріне арналған “Алғашқы ұстаз – аяулы бейне!” атты форум өтті. Шара “Менің алғашқы ұстазым!” бірыңғай республикалық акциясы аясында ұйымдастырылды.

Форумға облыстың үздік тәрбиешілері мен бастауыш сынып мұғалімдері, “Алтын белгі” иегерлерін, халықаралық зияткерлік байқау жеңімпаздарын, ғылым, спорт, саясат, өнер салаларында аттары шыққан адамдарды даярлауға өз үлестерін қосқан 200-ге тарта ұстаз қатысты.  

Форумның алғашқы бөлімі педагогтердің кәсіби біліктілігін, шығармашылығын тәжірибемен ұштастыруға бағытталды. Ұстаздар “Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектептері” дербес білім беру ұйымы директорының орынбасары Данияр Уәлиевтің бастамасымен құрылған роботтехникасы үйірмесінің жұмысымен көзбе-көз танысып, “Батыр” балабақшасының педагогтері ұсынған “М.Монтессори және құмды, мандал-терапиялық әдістемелер” бойынша шеберлік сыныптарын тамашалады.

Осыдан соң көшбасшылықтың мазмұнын айқындайтын интерактивті дәріс ұйымдастырылды. Қатысушыларға көшбасшылықтың маңыздылығын анықтауға бағытталған сауалдар қойылып, өз тәжірибелерімен бөлісу мүмкіндігі жасалды. Дәріс барысында педагогикалық шеберлік бойынша Вашингтон қаласында тәжірибеден өтіп жатқан филиалдың аға оқытушысы Альбина Қасеновамен, №1 Тайынша орта мектебінің ұстаздар әулеті Трекоздармен және Ленинград №2 орта мектебінің “Акжар leader” желілік қауымдастығының көшбасшысы Әсемгүл Байғожинамен онлайн режімде байланыс орнатылды. Форумға қатысушылар үш тілде қарым-қатынас жасау мүмкіндігіне ие болды.

Жиында “Шебер ұстаз”, “Зерттеуші ұстаз”, “Табысты мұғалім”, “Белсенді өмірлік ұстаным”, “Дені сау ұрпақ”, “Алғашқы қадам жетекшісі”, тағы басқа аталымдар бойынша үздік педагогтер марапатталды.

Қайша ЕЛЕНБАЕВА,

“Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ облыстық педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты” филиалының аға оқытушысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp