
Жуырда Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті жетінші сессиясында өңіріміздің дамуына үлес қосқан майдангерлер Қасым Жүнісов пен Сергей Пресняковке “Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы” атағын беру туралы шешім қабылданған болатын. Облыс әкімі аппаратының басшысы Мадияр Қожахмет пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов Ұлы Отан соғысына қатысқан қос майдангердің шаңырақтарына барып, оларға аймақ басшысы Ерік Сұлтановтың атынан тиісті марапаттарды табыс етті. Қасым Жүнісов майданға 18 жасында аттанып, Еуропаның біраз елдерін жаудан азат етуге қатысыпты. Украина майданында, Курск иініндегі шайқаста болып, екі рет жараланған ол Жеңісті КСРО-ның Моңғолиямен шекарасындағы Даурия шағын бекетінде қарсы алыпты. Бүгінге дейін жасы 90-нан асқан қарияның ерлігі мен еңбегі бірнеше мәрте бағаланып, өңіріне 4 орден мен 22 медаль қадалыпты.
Сергей Пресняков те соғыстың небір зұлматтарын бастан кешірген. 95 жастағы майдангердің де омырауы түрлі орден, медальдарға толы. Олардың арасында бірінші дәрежелі Отан соғысы ордені мен “Ерлігі үшін”, “Германияны жеңгені үшін” медальдары бар. Бүгінде 10-ға жуық кітаптың авторы атанған ардагер жуырда “Страницы славной истории” атты тағы бір еңбегін жарыққа шығарыпты.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.