«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДЫҚТАР ДӘН РИЗА

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Қызылжар ауданында бірнеше әлеуметтік нысан пайдалануға берілді.

Алдымен аудан орталығы Бескөл ауылында 18 пәтерлік жалгерлік жатақхананың тұсаукесері өтті. Салтанатты шара барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров тұрғындарды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен құттықтап, жаңа пәтердің кілттерін табыстады.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың басшылығымен бiз қуатты мемлекет, жаңа экономика, бiртұтас қоғам құрдық. Егемендiк тойын жалпы елмен бiрге бiздiң облыс та оң өсiм, жоғары нәтижемен қарсы алып отыр. Үстіміздегі жылы өңірде 170 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Тұрғын үйлер облыс орталығында ғана емес, сонымен бірге аудандарда да бой көтеруде. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында 307 елді мекенде және 4 шағын қалада абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ауылішілік жолдар жөнделіп, жарықтандырылды, спорт кешендеріне қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мүмкіндігі туды, – деді Айдарбек Сейпілұлы.

Аудан орталығының оңтүстік-шығыс бөлігінде бой көтерген баспананы “Лира” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысшылары салған. Серіктестіктің басшысы Андрей Радченко учаске басында 40-қа жуық адам еңбекке тартылғанын атап көрсетті. Шағын отбасылық жатақханадағы 50 және 70 шаршы метрді құрайтын әр пәтер орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылған.

Мұндағы пәтерлерге “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында алты ай өндірістік тәжірибеден өтіп, тұрақты жұмысқа орналасқандар қол жеткізді. Үш бөлмелі пәтерге ие болған Руслан мен Дана Кәкеновтардың қуаныштарында шек жоқ. Руслан “Күзет” мекемесінде жұмыс істесе, Дана аудандық жер қатынастары бөлімінде ісқағаздар жүргізушісі болып қызмет атқарады. Бағдарламаның арқасында баспаналы болған жас отбасы бірнеше жылдан бері пәтер жалдап келген. Енді жастар “Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ-да есепшот ашып, қаражат жинаулары қажет.

Қызылжар аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары бөлімінің мамандарының айтуынша, 18 пәтерлі шағын отбасылық жатақхананың құрылысына облыстық және республикалық бюджеттен 158 млн. теңгеге жуық қаражат бөлінсе, ауланы абаттандырып, сыртқы инженерлік желілерді тартуға қосымша 44 млн. теңгеге жуық қаржы бағытталған. Жатақханада 5 жыл бойы тұратын жастар коммуналдық төлемдерден бөлек, айына 5 мың теңге жалгерлік ақы төлейтін болады.

Содан кейін Айдарбек Сейпілұлы осы ауданның Новоникольск ауылында болып, жаңа заманауи дәрігерлік амбулаторияның салтанатты ашылу рәсіміне қатысты, бұл нысанның ауыл тұрғындары үшін маңызы ерекше екенін айта келе, осы бағыттағы жұмыстар облыс бойынша жалғаса беретінін атап көрсетті.

– Ауылдарыңызда заманға сай медициналық мекеменің болуы үлкен көмек. Бұл тұрғыда Елбасының ұстанып отырған саясаты айқын. Халық тұтастай медициналық көмекпен қамтамасыз етілуі тиіс. Адам болған соң ауырмай тұрмайды. Десе де, дендеріңіз сау болып, бұл мекеменің табалдырығын сирек басуға жазсын, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Айдарбек Сейпілұлы дәрігерлік амбулаторияның ұжымына жаңа “Жедел жәрдем” автокөлігінің кілтін табыстады. Тағы екі көлік орталық аудандық аурухана мен Соколовка дәрігерлік амбулаториясына берілді.

Дәрігерге дейінгі тексеру, медициналық мұрағат, физиотерапевт және тағы басқа кабинеттерден тұратын ғимараттың жалпы аумағы – 416 шаршы метр. Екі мыңға жуық тұрғыны бар ауылдықтар үшін бұл әлеуметтік нысанның маңызы зор. Басы ауырып, балтыры сыздағандар көбіне аудан орталығы мен Петропавл қаласына қатынайтын. Енді жаңадан ашылған ғимаратта науқастар мен медициналық көмекке жүгінген азаматтарға сапалы амбулаториялық көмек көрсету үшін барлық қажеттіліктер қарастырылған. Ақхалаттылар ұлық мереке қарсаңында ел игілігіне пайдалануға берілген денсаулық сақтау мекемесінде соңғы үлгідегі заманауи медициналық қондырғылар орнатылғанын мақтанышпен жеткізуде.

– Жаңа ғимаратта 26 кабинет бар. Бұл жерде ем-дом шараларын жүргізетін тоғыз маманның екеуі – жалпы практика және тіс дәрігері. Болашақта науқастардың денсаулығы, бұрынғы және қазіргі сырқаттары туралы басты жиынтық мәліметтерді қамтамасыз ететін электрондық денсаулық паспорттарын қолдануға көшеміз. Біздің мекемемізде көрші маңдағы жеті ауылдың 3,7 мың тұрғыны ем-дом шараларын ала алады, – дейді амбулаторияның аға дәрігері Биғайша Қуанышпаева.

Дәрігерлік амбулаторияның құрылысын “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі жүргізді, оның жалпы құны – 74 млн. теңге. Бюджет қаражатына сатып алынған бұл нысан аудандық орталық аурухананың балансына берілді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp