Облыс орталығындағы “Жеңіс” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өткен “Мен – чемпионмын!” балалар спорттық ойындарының республикалық кезеңі өз мәресіне жетті. Еліміздің барлық өңірлерінен іріктеліп алынған он алты команданың басын қосқан сайыста солтүстікқазақстандық “Стрела” командасы жеңімпаз атанды.
Тартысты өткен сайыс барысында жергілікті “Стрела” өзінің алғашқы қарсыласы – Павлодар облысының “Рекорд” командасымен сайысты. Бұл дода “Көпсайыс” деп аталды. Жарыс барысында бір ұжым болып әрекет етудің арқасында “Стрела” өрендері республикалық жобадағы алғашқы жеңістеріне қол жеткізді. Келесі сайыс “Арқан тарту” болды. Бұл додада жергілікті өрендер небәрі 6 секунд ішінде павлодарлықтарды тізе бүктірді. “Рекорд” командасының ұл-қыздары “Алып дөңгелек” сайысында да жеңіліс тапты. Көрермендер үшін қызықты өткен “Капитандар сайысы” да солтүстікқазақстандықтар үшін нәтижелі болды. Бәсеке барысында петропавлдық Александр Науменко жеңістің бірінші сатысына көтерілді. Соңғы сайыста да жерлес команда айқын басымдықпен жеңіске жетіп, республикалық жобаның ширек финалына жолдама алды.
Ширек финалда Қостанай облысының “Акула”, қызылордалық “Спарта”, Жамбыл облысының “Барыс” және ақтөбелік “Ақберен” командалары кездессе, ал алаң иелері Алматы облысының “Соколымен” күш сынасты.
Алматылық қарсыласынан басым түскен жерлестеріміз ақтық кезеңде қызылордалық “Спарта” командасымен кездесті. “Баскетбол” сайысында допты себетке көп түсірген қызылордалықтар алға шықты. Ал “Арқан тартыс” кезеңінде петропавлдықтар таразы басын теңестірді. Өкінішке қарай, “Алып дөңгелек” сынында жеңімпаз анықталмады. Төрешілер қос командаға ұпайды тең бөліп берді. “Капитандар сынында” жерлес көшбасшы қызылордалық қарсыласын 3:2 есебімен тізе бүктірді. Ал, жалпыкомандалық эстафетада мәреге қарсыласынан бұрын жетіп, өрнекті ойын үлгісін көрсете білген солүстікқазақстандық өрендер “Мен – чемпионмын!” жобасының жеңімпазы атанды.
Шараның салтанатты жабылу рәсіміне қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров саламатты өмір салтын ұстанып, спорттық ойынға белсене қатысқан жеткіншектерге алғысын білдіріп, жеңімпаз команданың капитаны Александр Науменкоға ауыспалы кубокты табыс етті.
Жалпыкомандалық екінші орынға қызылордалық “Спарта” командасы ие болды. Ақтөбе облысының “Ақберен” командасы үздік үштікті тұйықтады. Жарыста жүлдеге іліккен барлық команда мүшелері медальдармен, грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Шара соңында сайыстың “Үздік ойыншысы” аталымында жеңіске жеткен өрен анықталды. Ол – батысқазақстандық “Жайық” командасының ойыншысы Айбатыр Мырзабеков. Жас қатысушыға жоба ұйымдастырушылары тарапынан “Мен – чемпионмын!” деген жазуы бар велосипед пен спорттық сөмке табыс етілді.
Еске салатын болсақ, Орал қаласында өткен ойынның “Арқан тарту” сайысы барысында Айбатыр жеңіске деген мұқалмас ерлік-жігер таныта білген. Бір өзі командасын жеңіске сүйреген өреннің жұлдызды сәті ғаламторға жүктеліп, кейін танымалдыққа ие болған. “YouTube” бейне порталында бейнероликті аз уақыт ішінде 59 мыңнан астам адам көріп үлгерген.
Қанат СӘДУӘҚАС,
өңірлік дене тәрбиесі, спорт және алғашқы әскери дайындық орталығының директоры.