«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚЫН АТЫНДАҒЫ АУДАННЫҢ АХУАЛЫ

Мағжан Жұмабаев ауданының барлық жергілікті атқарушы органдарының қызметі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұған дейінгі “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол”, қазіргі “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” Жолдауларын орындауға бағытталған. Соңғы басты құжатта Елбасымыз: “Ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделе алатын жоспар. Біз де заманның беталысына қарай межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отырамыз. Біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз – Қазақстанды “Мәңгілік Ел” ету!” – деді. Ақиық ақын атындағы аудан жұртшылығы да барлық солтүстікқазақстандықтар сияқты осы мүддені нысана етіп отыр.

Агроөнеркәсіп кешені аудан экономикасының басты құрамдас бөлігі болып табылады. Үстіміздегі жылғы 9 айда сомасы 17,7 млрд. теңгенің жалпы өнімі өндірілді, табиғи индекс көлемі 99,1 пайыз болды.  

Мал шаруашылығын одан әрі дамыту мақсатында жемазықтық дақылдар өндіруді көбейту арқылы егістік алқаптарының құрылымы қайта қаралды. Ауданның егістік алқабы – 425,4 мың гектар, оның 348,4 мың гектарына – дәнді, 22,4 мыңына – майлы, 52,5 мыңына жемазықтық дақылдар себіледі.

Көктемгі-дала жұмыстары мен орақ науқанын ойдағыдай өткізу үшін республикалық бюджеттен сомасы 405,6 млн. теңгенің мақсатты трансферттері бөлінді. Жергілікті агроқұрылымдар ауа райының қиын жағдайында жақсы астық өсіріп, ысырапсыз жинап алды, гектар берекелілігі аудан бойынша 19,0 центнерді құрады. Бұл – облыс бойынша екінші көрсеткіш.

Ауданда етті мал шаруашылығын дамытуға ерекше назар аударылады. Етті және сүтті мал өсіруге көрсетілген мемлекеттік қолдау айтарлықтай нәтиже беруде. Жыл басынан бергі 9 айдың ішінде тірі салмақта 6114 тонна мал мен құс еті өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 100,5%, 35014 тонна сүт сауылды немесе 105,7%, 15780 мың жұмыртқа алынды немесе 103,7%.

Осы кезеңде республикалық бюджеттен жалпы сомасы 798,2 млн. теңге демеуқаржы алынды.

“Етті қара малдың экспорттық әлеуетін дамыту” бағдарламасын жүзеге асыру аясында жыл басынан бері 1391 бас ірі қара сатып алынды, оның 328-і – асылтұқымды репродуктор шаруашылықтардан.

Ауданның агроқұрылымдары жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Биылғы 9 айда жалпы сомасы 800,0 млн. теңгеге 133 техника алынды.

Өнеркәсіп кешенін дамытуға да көңіл бөлінеді. Есепті кезеңде шығарылған өндіріс көлемі – 3,1 млрд. теңгені, табиғи көлем индексі 106,8%-ды құрады.

Ауданда жұмыс істеп тұрған 1379 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар, олардың 81-і – заңды тұлғалар, 1015-і – жеке кәсіпкерлер, 283-і – шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтар. Үстіміздегі жылғы 9 айда тауар айналымының көлемі 2536,8 млн. теңге болды.

2015 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жергілікті бюджеттің кіріс бөлігі 80,8 пайызға орындалды.

Автомобиль жолдары желісін дамыту мен жақсарту қыруар қаржылық шығынды қажет ететін маңызды мемлекеттік міндет саналады. 2015 жылы жергілікті бюджеттен аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге және ұстауға 27650 мың теңге бөлінді. Облыстық маңызы бар “Булаев – Возвышен – Молодогвардейск” жолының 70 шақырымынан 100 шақырымына дейін суықтай ресайклирлеу әдісімен жаңа технологияны қолдану арқылы сомасы 186 млн. теңгеге орташа жөндеу жүргізілді. “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы аясында ауылішілік жолдарды жөндеуге 20,0 млн. теңге бөлінді.

Тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі де ойдағыдай шешілуде. Ауданның 69 елді мекенінің 65-і торапты су құбырын, 4-еуі жергілікті су көзін пайдаланады. 2015 жылы “Ақ бұлақ” бағдарламасы аясында жалпы сомасы 366,9 млн. теңгеге 6 елді мекенде (Бәйтерек, Медвежка, Лебяжье, Конюхово, Майбалық, Бастомар ауылдары) ауылішілік тарату желілерінің құрылысы басталды.

Тұрғындарды әлеуметтік қорғау жұмыстың басым бағыты болып қала береді. Жергілікті халықты жұмыспен қамтуға арналған шараларды жүзеге асыру ауданда еңбекке орналасудың қарқынды өсімін қамтамасыз етті. Үстіміздегі жылдың 9 айында барлық меншіктегі кәсіпорындар 621 жаңа жұмыс орнын құрды, 1645 адам жұмысқа орналасты, оның ішінде 264 адам қоғамдық жұмысқа тартылды. Әлеуметтік жұмыс орындарын құру бойынша жұмыс жүргізілуде, үстіміздегі жылы бұл мақсатқа аудандық бюджеттен 5,4 млн. теңге қарастырылды.

Ауданда “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы жүзеге асырылуда. 2015 жылғы 9 айда бірінші бағыт бойынша 4 жоба іске асты, оның 3-еуі – білім беруден, 1-еуі – денсаулық сақтаудан. Бұл мақсатқа бюджеттен 73,9 млн. теңге жұмсалды, осы жобалар бойынша жұмыспен қамту орталығы арқылы 23 адам уақытша жұмыспен қамтылды. Екінші бағытты жүзеге асыру үшін 65,7 млн. теңге бөлінді. Аталмыш бағдарламаға 40 адам қатысты, олардың 36-сы – өз ісін ашуға, 4-еуі өз ісін кеңейтуге микрокредит алды. Үшінші бағыт бойынша 4 адам қайта даярлауға жіберілді, оқытуға – 0,656 мың теңге, 15 адамды әлеуметтік жұмыс орнына орналастыруға – 2243 мың теңге, 16 адамның жастар тәжірибесінен өтуіне 3424 мың теңге бағытталды.

Ауданның оқыту саласында 52 мекеме бар, олардың 26-сы – орта, 13-і – орталау, 7-еуі – бастауыш мектеп. Білім ордаларының 6-уы – қазақ тілінде, 7-еуі екі тілде оқытады. Ауданда 6 балабақша, 41 мектепке дейінгі шағын орталық, кәсіби даярлау және сервис колледжі, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, балалар шығармашылығы үйі жұмыс істейді.

Денсаулық сақтау саласына қызмет көрсетудің бірыңғай сапа стандарты белсенді түрде енгізілуде. Аудан аумағында орталық аурухана және бір ауысымда 250 адам қабылдайтын жаңа емхана, 4 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік қосын, 48 медициналық қосын және 1 туберкулезге қарсы диспансер жергілікті тұрғындарға медициналық қызмет көрсетеді. Материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында биыл жергілікті бюджеттің қаражатына 0,830 млн. теңгенің емханалық аудиометрі сатып алынды, жыл соңына дейін сомасы 3,962 мың теңгеге өкпені жасанды желдету аспабын алу жоспарлануда.

“Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында орталық аудандық аурухананың перзентхана бөлімшесіне сомасы 23,360 млн. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді, оның 8,863 млн. теңгесі – жергілікті бюджеттен, ал 14,497 млн.теңгесі республикалық бюджеттен бөлінді.

Биылғы Жолдау Мемлекет басшысының қатардағы арнауы емес. Ол – ұзақ мерзімге міндеттер жүктеген, оларды жүзеге асырудың нақты жолдарын белгілеген бағдарламалық құжат. Оның нәтижелі орындалуы әрқайсымыздың адал, әділ және ыждағатты еңбегімізге байланысты. Сондықтан біздің құлшынысымыз бен тәжірибемізді, зор адами және өндірістік әлеуетімізді пайдалана отырып, оны тиімді шешу үшін бар күш-жігерімізді жұмсауымыз қажет.

Асқар БЕГМАНОВ,

Мағжан Жұмабаев

 ауданының әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp