“Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің “SENIM” салалық кәсіптік одағы” республикалық қоғамдық бірлестігінің Солтүстік Қазақстан облысындағы филиалы өңірдегі 30 бастауыш кәсіподақ ұйымын біріктіреді. Бұл ұйымдардың құрамында 8 мыңнан астам мүше бар. Кәсіподақ олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысып келеді. Мақсат – ақ халаттыларды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету, еңбек жағдайларын жақсарту, ұжымдық және жеке дауларды шешу, медициналық қызметкерлердің мәртебесін көтеру, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау.
Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің “SENIM” салалық кәсіптік одағы” республикалық қоғамдық бірлестігінің Солтүстік Қазақстан облысындағы филиалы дәрігерлерді ешқашан назардан тыс қалдырмайды. 2020 жылы коронавирустық инфекциямен күрес уақытында медицина қызметкерлеріне тиісті төлемдердің жасалуын және жалақысына қосымша ақының төленуін қадағалау үшін арнайы комиссияның құрамына кірдім. Бұл комиссия эпидемияға қарсы күреске жұмылдырылған өңірдің денсаулық сақтау мекемелерінің қызметкерлеріне қосымша төлемдер жасау үшін Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қаулысымен бекітілген қауіпқатер топтарына кіретін дәрігерлердің тізімдерін анықтап, тиісті төлемдер белгілеумен айналысты.
Өкінішке қарай, қауіпті дертпен күресте үш медицина қызметкері көз жұмды. Олардың отбасыларына мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан тиісті жердем – 10 млн. теңгеден төленді. Елімізде қауіпті вирус жұқтырғандарға көмек қолын созған жандар да назардан тыс қалған жоқ. “COVID-19” бойынша карантиннің енгізілуіне байланысты алдымен “Жедел жәрдем” қызметіндегілерге 100 мың теңгенің материалдық көмегі көрсетілді. Сонымен қатар оларға дезинфекция құралдарын алуға 100 мың теңге мен 250 мың теңгенің екі қайырымдылық сертификаты табысталды. Ал коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған 13 медицина қызметкеріне 130 мың теңгенің материалдық жәрдемі көрсетілді. Провизорлық стационарларда еңбек етіп жатқандарға да барынша көмек көрсетілді. Оларға 50 мың теңгенің азық-түлігі жеткізілді.
Кәсіби мереке – Медицина қызметкерлерінің күнінде кәсіподақ мүшелері назардан тыс қалған жоқ. “SENIM” денсаулық сақтау саласы қызметкерлері кәсіподағының облыстық филиалы провизорлық және карантиндік стационарларда, блок бекеттерде тынымсыз еңбек еткен жандарға 100 мың теңгелік сертификаттарды табыс етті. Сонымен қатар қауіпті індетпен күресте белсенділік танытқан дәрігерлер төсбелгілермен, грамоталармен марапатталды.
Қатаң карантиндік режім уақытында кәсіподақ мүшелеріне жан-жақты қолдау көрсету үшін провизорлық стационарларда қызмет етіп жүрген жандарға 60 мың теңгеге азық-түлік бумалары сатып алынды.
Аудандардағы әріптестер де назардан тыс қалған жоқ. Ғабит Мүсірепов атындағы, Шал ақын, Жамбыл және Уәлиханов аудандарының 9 ауруханасына және облыстық көпсалалы ауруханаға жәрдем ретінде 380 мың теңгеден бөлінді.
Медицина қызметкерлерін әлеуметтік қорғау бағытындағы жұмыс та жалғасуда. Төтенше жағдай мен карантин уақытында кәсіподақ мүшелеріне жәрдемдесіп, оларға материалдық көмек көрсету үшін “SENIM” ұйымының облыстық филиалы ұжымдық келісімшарттарға өзгерістер енгізуді ұсынды. Оның негізінде карантиннің салдарынан уақытша еңбекке жарамсыздығына төленетін жәрдемақының көлемі орташа еңбекақының 100 пайызын құрауы керектігі айтылды. Қазір осы қосымша келісімге қол қою жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінге дейін бастауыш ұйымдардың жартысынан астамы осындай өзгерістерді қолдады.
Коронавирустан айығып шыққан ақ халатты абзал жандарды сауықтыру мақсатында кәсіподақтар федерациясы 50 пайыздық жеңілдігі бар 14 санаторлық-курорттық жолдама бөлді. Бүгінде барлық сертификат иелері сауықтырудан өтіп үлгерді.
Одан бөлек, Кәсіподақ күніне орайластырып, жұмыс барысында коронавирус инфекциясын жұқтырған немесе пневмонияға шалдыққан тағы 10 медицина қызметкеріне 50 мың теңгенің ақшалай сертификаттары тапсырылды. Осылайша, облыстағы ақ халаттылардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту үшін “SENIM” кәсіподағының облыстық филиалы барлығы 6 млн. теңгеге жуық қаражат жұмсады. Бұл шаруа биыл да жалғасын таппақ.
Серік СҰЛТАНОВ,
“SENIM” денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы” республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы.