«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСЫМДЫҚ БЕРІЛУДЕ

Үстіміздегі жылдың басынан өңіріміздегі жергілікті атқарушы органдар 1 321 392 мемлекеттік қызмет көрсеткен. Оның 65 пайызы денсаулық сақтау саласына тиесілі екен.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің жергілікті филиалында облыс әкімі аппаратының басшысы Мадияр Қожахмет пен оның қалалық әкімдіктегі әріптесі Асхат Бакеевтің қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында мемлекеттік қызметтің саны мен сапасы сөз болды.

Бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет түрлерін көбейту ғана емес, оның сапасын да жақсарту басты назарда екені белгілі. Осы орайда Мадияр Қожахмет облыстық әкімдік тарапынан мониторинг жүргізілетінін айтып, оның қорытындысымен де бөлісті. Мәселен, көктемнен қара күзге дейін 70 мекемеде тексеріс жүргізіліп, 120 бұзушылық анықталған. Мұндай олқылықтарды түбегейлі болдырмаудың бір жолы – мамандардың біліктілігін арттыру. Сондықтан үш күндік біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылған.

Ал Петропавл қаласында сегіз мемлекеттік орган мен қала әкімінің аппараты көрсететін қызметтің 71-і тегін болса, қалғандары ақылы негізде екен. Облыс бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтің дені Петропавл қаласына тиесілі болғандықтан, жыл сайын қалалық әкімдік аппаратында мемлекеттік қызметті көрсету сапасын жақсартуға қатысты шаралар жоспары бекітілген. Соның өзінде де мемлекеттік қызметті уақтылы көрсету келелі мәселеге айналған. Петропавл қаласы әкімі аппаратының басшысы Асхат Бакеевтің айтуынша, осындай олқылықтарға жол берген бөлімдердің мамандары жауапкершілікке тартылыпты.

Бүгінгі таңда тұрғындар мемлекеттік қызметті жергілікті атқарушы органдардан ғана емес, халыққа қызмет көрсету орталықтарынан, “Электронды үкімет” порталынан және “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” коммерциялық емес акционерлік қоғамынан да жылдам алуына болады. Солтүстікқазақстандықтар электронды мемлекеттік қызметке басымдық беріп отыр.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp