Дүйсенбі күні өңір басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің аппараттық кеңесінде өзекті мәселелер күн тәртібіне қойылды.
Облыстық экология департаментінің басшысы Ермек Омаров ведомствоның 2016 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы және биылғы жоспарлары туралы хабарлама жасады. Департамент басшысының келтірген деректеріне қарағанда, еліміздің қолданыстағы экологиялық заңнамалары талаптарын бұзу фактілерінің алдын алуға және болдырмауға бағытталған инспекциялық жұмыстар қызметтің негізгі бағыттарының бірі болып табылады.
– Былтыр 2015 жылмен салыстырғанда, тексерістер саны да, сонымен қатар анықталған экологиялық заңнамаларды бұзу фактілері де артты. Заң талаптарын елемейтіндерге салынатын айыппұл сомасы 15 миллион теңгеге өсіп отыр, – деді Ермек Омаров.
Ол, сонымен қатар, қоқыс төгетін орындарды оңтайландыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Бұл жұмыстар болашағы жоқ ауылдар және жақын орналасқан бірнеше елді мекендерге қоқыс төгетін бір орын ашу бағыттарында жүзеге асырылды. Оңтайландыру жұмыстары нәтижесінде 87 қоқыс төгетін орын жабылды.
2015-2019 жылдарға арналған “Нұрлы жол” мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту бағыты бойынша жүзеге асырудың барысы туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Тасмұрат Қатқадамов баяндады.
– 2015 жылы бағдарламаның бюджеттік несиелеу бағыты шеңберінде Петропавл қаласында жалпы сомасы 2 млрд. теңге болатын жылумен және сумен жабдықтаудың нысандарын қайта құру бойынша төрт жоба жүзеге асырылды, – деді Тасмұрат Оқанұлы. – 2016 жылы бюджеттік несиелеу арқылы алты жоба орындалса, биыл он жобаны іске қосу жоспарланған.
Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Серік Мұхамедиев “Нұрлы жол” бағдарламасының шеңберінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту бағытында атқарылып жатқан игілікті істерге тоқталды.
– 2015-2016 жылдары өңірімізде бағдарлама аясында бөлінген 3,2 млрд. теңге қаржыға Новоишимка ауылында 200 жатын орны бар корпусымен 400 орындық мектеп-интернат, Тайынша қаласында 200 орындық мектеп пен Петропавл қаласында 320 сәбиге арналған балабақша пайдалануға берілді, – деді Серік Мұхамедиев. – Бұл облысымызда үш ауысымда оқу мәселесін толық шешті және мектепке дейінгі мекемелерде орын тапшылығын азайтуға септігін тигізді. Бағдарлама шеңберінде былтыр облыс орталығында үш көпқабатты тұрғын үй салынса, биыл жетеуінің құрылысы жүргізіліп жатыр.
“ҚазАвтоЖол” ҰК” акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Асқар Жанкин бағдарламаның көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бағытында былтыр атқарылған жұмыстарға тоқталды. 2016 жылы Көкшетау-Петропавл автожолының біздің облыс аумағындағы 143 километрі толық жөндеуден өтті. Енді Ресей шекарасына дейінгі жолдарды жөндеу қолға алынбақ.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.