«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАҚЫТТЫҢ КІЛТІ

 

Тәуелсіздік – тәңір сыйы. Еліміз егемендік алғалы 25 жыл болды. Төбеміз көкке жеткен 1991 жылы елімізде қаншама жас шаңырақ бой көтерді. Олар – өз алдына тәуелсіз отбасы, мемлекет байлығы. Отбасы бақытты болуы үшін ерлі-зайыптының болмысы бүтін, екеуі де иманды, ибалы, ұқыпты, ағайын-туғанға қайырымды, бір-біріне бауырмал, мейірбандылығымен, парасаттылығымен ерекшеленуі керек. Осындай толыққанды жарасымды жұп отбасын құра алады. Саналы ұрпақ тәрбиелейді. Ата-ана – отбасының сәулетшілері. Осы екі сәулетші отбасын қалай құрып, оны қандай бағытта алып жүрсе, оның мүшелері де соған икемделіп, тәлімді тәрбиемен өсіп-өнеді.

Шаңырақтарына жарық сәуле шашып, жылу беріп, шырайын келтіріп отырған Қайрат Сейдахметұлы мен Гүлден Жолдыбайқызын осындай отбасы сәулетшілері деуге болады. Екеуі де жастарға өнеге етерліктей өмір сүріп келеді. Биыл күміс тойларын тойлап, шаңырақ иелері бір жасап қалды. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп, тойлары тойға ұласуда.

Жамбыл ауданындағы Суаткөл ауылында туып-өскен, бір сыныпта оқыған Қайрат аға мен Гүлден тәте жастықтың жалынымен 1991 жылғы көктемде отау құрған.

– Ол кезде Кеңес Одағы құлайды дегенге ешкім сенген жоқ, көкейімізде ел болашағы қандай болады деген күдік тұрды. Бірақ азат күнге жететінімізге сендік. Бұл біз үшін жақсылықтың нышаны болатын. Әр күніміз елдің амандығын тілеумен өтіп жатты, ақыры аңсаған күнге де жеттік. Осылайша, отбасымыз да тәуелсіздікпен бірге жетіле бастады. Қиындық кездеспеді деуге болмас, бірақ біз үшін еліміздің егемендігінен асқан бақыт жоқ, – дейді өмірдің ыстығы мен суығын бірге кешкен, бір-біріне демеу болған ерлі-зайыптылар.

Жиырма бес жыл жұптары жазылмаған шаңырақта Тілеген мен Тұрар атты қос батыр өсуде. Ұлдар – ата-анасының көз қуанышы, баға жетпес қазынасы.

Қайрат аға отбасында жеті ағайынды. Ол үйдің кенжесі. “Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп” дегендей, бауырлардың ара-қатынастары жақсы. Әке-шешелерінен алған тәлім-тәрбиелерін, көрген-білгендерін бүгінде өз отбасыларында ұстануда. Қайрат Сейдахметұлы бройлер құс фабрикасында жұмыс істейді. Ол – ана тілі мен салт-дәстүрді ерекше сыйлайтын ұлтжанды азамат.

Көпбалалы отбасынан шыққан Гүлден тәте – үлкен қарашаңырақтың кенже келіні. Келін болып түскенде енесі Шәру апайдың ерекше шапағатына бөленіп, отбасын шынайы сүюге баулығандығын бүгінде сүйіспеншілікпен еске алады.

Гүлден Жолдыбайқызы – бүкіл ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнап келе жатқан ұлағатты ұстаз болса, өз отбасында аяулы ана, сүйікті жар. Қазіргі кезде қалалық классикалық гимназияда психолог болып қызмет атқарады. Жұптарын жазбай, қол ұстасып бірге келе жатқан саналы ғұмырларында олар замандастары мен жұрт алдында абырой мен бедел жинай білді.

Келешегін ойлаған ата-ана осыдан үш жыл бұрын облыс орталығына қоныс аударыпты. Жаңа мекен, жаңа орта. Балаларының болашақтарына кеңінен жол ашуды мақсат тұтқан олар қай жерде өмір сүрсе де, балаларынан ізгілікке толы тәрбиесін аяған емес. Осындай дұрыс бағыттың арқасында ұлдары да саламатты өмір салтын сақтап, өздері қалаған әртүрлі үйірмелерге қатысады.

Кешкілік дастарқан басында шүйіркелесе жиналған шырайлы шаңырақ мүшелері әдептілікті де әдемі сақтайды. Алға қойған астан алдымен үйдің қожайыны дәм тату қажеттігін, шай құйғанда кесені оң қолмен ұсынуды, дастарқан басында жинақы отырып, аз сөйлеп, көп тыңдау керектігін бұл үйдің тәрбие көрген балалары жақсы біледі. “Осы балапандарымыз аман болып, еліміздің елеулі азаматтары қатарына қосылса, ешкімнің ала жібін аттамай, ақ жолмен жүріп, Отанына адал қызмет етсе екен”, – деген жүрекжарды тілектерін ата-ана Алладан жатса-тұрса тілейді. Бұл тілектерінің қабыл болуы үшін ұрпақтарына жақсы тәрбие беру қажеттігін де естен шығарған емес.

Тектілігі тереңге тамырланған қазақ халқы бала тәрбиесіне баса назар аударған. Ұлтымыз қашанда баласының рухани жағынан бай болуына көңіл бөлген. Сәби дүниеге келгеннен бастап оның ойлы, дене бітімінің дұрыс қалыптасуына, ақылының жетілуіне ден қойған. Бұл ретте асыл жар, ардақты әке болып отырған Қайрат Сейдахметұлы: “Тәрбие басы – тал бесік. Балаға жақсы тәрбие беріп, отансүйгіштікке баулу – кез келген ата-ананың басты борышы”, – деп өз ойымен бөлісті.

Гүлден Жолдыбайқызы әңгіме соңында “Бақыттың кілті – сенімде, адал сезім мен шынайы сыйластықта”, – деген ойын жеткізді. Шынымен де, осындай үш қасиет болса, әр отбасының керегесі кең, босағасы берік болары сөзсіз.

Бір сөзбен айтқанда, ерлі-зайыпты Жакиндер отбасы – сыйластықтың, ауызбірліктің, ынтымақтың жарқын үлгісі. Олардың отбасына амандық тілей отырып, бақыт пен сыйластық мәңгілік салтанат құрсын демекпіз.

Айгүл ХАМЗИНА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp