«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бойларында ұлттық рух пен намыс бар

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Ел ертеңі білімді ұрпақтың қолында” деп, білім беру саласын ұдайы қолдап келеді. Еліміз бойынша ашылған Назарбаев Зияткерлік мектептері осының дәлелі. Біз Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауларында алға қойылған міндеттерді басшылыққа алып, жұмыс істейміз.

Елбасымыздың “Мәңгілік Ел” идеясын іске асыру жолындағы түбегейлі өзгерістерге бет бұрған жаңа қоғамда тек білімді болу жеткіліксіз. Ең алдымен, әрбір жеке тұлғаның бойынан адамгершілік, ізгілік, кішіпейілділік, қайырымдылық, батылдық, отансүйгіштік қасиеттер табылуы тиіс. “Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы” демекші, қазіргі қоғамның қарқынды дамуына байланысты оқушыларды біліммен ғана емес, рухани тұрғыдан да тәрбиелеу абзал.

Шәкірт бойына патриоттық сезімді, бауырмалдық пен қамқорлықты ұялату мақсатында мектебімізде “Шаңырақ” қауымдастығы құрылды. Оқушылар қауымдастығында жоғары және төменгі сынып оқушыларын бір шаңыраққа топтастыру арқылы ауызбіршілікке, біртұтастыққа бейімдеу, олардың арасында бауырмалдық, қамқорлық қарым-қатынас қалыптастырып, көшбасшылық қабілеттерін дамытуды көздейміз.

Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларының бойына патриоттық сезім ұялату мақсатында “Туған елге тағзым” атты өлкетану-зерттеу экспедициясы жұмыс істейді. Экспедицияның мақсаты өскелең ұрпақты Қазақстанның ұлан-ғайыр даласымен таныстырып, әйгілі тұлғалардың туып-өскен, кіндік қаны тамған жерлеріне апарып, ұлылардың жұтқан ауасымен тыныс алдырып, өмірі мен шығармашылықтарына үңілдіру болып табылады.

Биылғы жылы “Туған елге тағзым” өлкетану-зерттеу экспедициясының мүшелерін сайдың тасындай небір сайыпқырандарды, тарлан таланттарды өмірге әкелген Қызылжар өңірі де қарсы алды. Петропавл қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұстаздар ұжымы мен оқушылар қауымы киелі Семей мен Көкшетау қалаларынан келген балаларды қарсы алып, зерттеу жұмыстарына қажетті материалдарды іздеуге қолғабыс етті, рухани нәрмен сусындатты.

Біздің оқушыларымыз өз кезегінде Абай мен Шәкәрім, Мұхтардай Қазақ елінің ұлы тұлғаларын өмірге әкелген Семей өңіріне табан тіреді. Экспедиция аяқталған соң қорытындысы шығарылып, алдағы оқу жылында өткізілетін экспедицияда зерттеу жүргізу үшін жинақталған материалдар мектеп кітапханасына тапсырылды.

“Зияткерлік мектептің оқушысы оқуға міндетті 100 кітап” атты жоба да жастарға пайдалы. Жобаның мақсаты оқушыларға қазақ әдебиетімен қоса әлем классикасының алтын қорындағы аса құнды шығармаларды оқытып, сол туындылардың рухани маңыздылығын жеткізу болып табылады. Жоба соңында оқушылар рефлексивті эссе жазып, “Кітап кейіпкерлерінің күні” атты іс-шара өткізіледі.

Оқушыларға патриоттық тәрбие беру, туған елге деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімдерін дамыту мақсатында “Қазақтың 100 әні” жобасы өз бастауын алды. Оқушылар жобадағы әндерді орындаумен қатар, әннің шығу тарихы, мазмұны мен авторын біледі. Бұл олардың әннің мәтініне терең үңіліп, мән-мағынасын түсінуге жол ашады.

“Зияткерлік мектептің TEDx” клубы оқушылардың бойында ғылыми-зерттеу, әріптестік қатынастармен қатар, шешендік өнерді дамыту бағытында құрылған. Жұмыс барысында шәкірттеріміз алуан түрлі көзқарастар мен пікірлерді қарастырып, әлемнің алдыңғы қатарлы ғалымдары мен өнертапқыштарының лекцияларын қазақ, орыс, ағылшын тілідерінде тыңдап, оларды жан-жақты талқылайды.

Үш тілде мақала жазуға дағдыландыру арқылы балаларды шығармашылық жұмыс пен ғылыми ізденіске баулимыз. Зияткерлік шыншылдық, жауапкершілік қағидаттары мен ақпараттық технологияларды таныстыруда “Wikipedia клубы” жобасы үлкен рөл атқарады. Қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде Қазақстан туралы онлайн контент қалыптастыруға өрендерді мектеп жасынан баулуды көздейміз.

Оқушылар бойына еңбексүйгіштік қасиетін дарытып, қоғам игілігі үшін еңбек етуге үйрету мақсатында жазғы демалыс уақытында 7-8-сынып оқушылары “2 апта ауылда”, 9-12-сынып оқушылары “10 күн ата-ананың жұмысында” атты әлеуметтік тәжірибеден өтеді.

Мектебіміздің 12 оқушысы демалыс уақытында Катар, Малайзия, Сингапур мемлекеттері мен АҚШ-тың Стенфорд қаласына барып, өз мектебінің, елінің жетістіктерімен бөлісуге мүмкіндік алды. Сонымен қатар, олар шетелдің озық тәжірибелерін үйреніп, елге оралған кезде сыныптастарымен пікір алмасты.

“Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты” деп Мағжан атамыз жырлап кеткендей, қазақ елінің болашағы жалынды жас ұрпақтың қолында. Ата-бабамыздан асыл мұра болып қалған ұлан-ғайыр жеріміз, келешек ұрпаққа үлгі-өнеге болар салт-дәстүріміз, қашан да елімен бірге өмір сүретін ғажап тіліміз бар. Ғасырлар бойы ұрпақтар сабақтастығы нәтижесінде қаны да, жаны да қазақ еліміздің әрбір азаматы еліне, жеріне, тіліне деген сүйіспеншілігін бойына сіңіріп келеді. Оның негізінде ұлттық рух, намыс жатыр. Көкірегі ояу, білімді, рухани азықтанған жас өрендердің саны күн санап көбеюде. Жарқын болашақтың нышаны іспеттес дәл осы жастардың арқасында Қазақстан дамыған елдердің қатарына енетініне кәміл сенімдемін.

Нұрғали ЕЛШІБЕКОВ,

химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp