«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЛАШАҒЫН ОЙЛАҒАН ОЗАДЫ

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов селекторлық режімде аудан әкімдерімен кеңес өткізіп, онда үш мәселе әңгіме өзегіне айналды. Дәлірек айтсақ, мектеп жасына дейінгі балалардың балабақшамен қамтамасыз етілуі, мемлекеттік-жекешелік әріптестік төңірегінде жүзеге асырылатын жобалар және облыс аумағындағы елді мекендерде спорт алаңдарын салу жайы сөз болды.

Бірінші мәселе бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова сөз алып, өңіріміздегі балабақша мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда өңір бүлдіршіндерінің 97 пайызы балабақшамен қамтамасыз етілген. Биыл сәбилер үшін 1263 орын ашу көзделсе, оның 288-і аудандарда жүзеге аспақ. Нәтижесінде 2017 жылы облыс бойынша балабақшамен қамтамасыз етілу 99 пайызға көтеріледі. 2017 жылы облыс орталығы мен аудандарда мемлекеттік-жекешелік әріптестік және 2011-2020 жылдары білім беруді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша бірқатар жаңа нысандар бой көтермек. Сондықтан өңір басшысы балабақша мәселесін 2017 жылы түпкілікті шешу қажеттігін тілге тиек етіп, қолға алынатын әр нысан бойынша жол картасын жасауды орынбасары Анархан Дүйсеноваға тапсырды.

Өңірімізде мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде 2016-2020 жылдары 30 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Осы мақсатқа 3,8 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бүгінгі таңда оның 5-еуі қолға алынса, 14 жобаға жеке кәсіпкерлер қызығушылық білдіріп отыр. “СҚО мемлекеттік-жекешелік әріптестігінің өңірлік орталығы” ЖШС-нің директоры Арман Шәймергенов мемлекет пен жеке кәсіпкерліктің ынтымақтастығы негізінде жүзеге асырылатын жобалар туралы әңгімеледі. Еліміздің Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары бойынша ақпан айында концессия шартына қол қойса, біздің өңірге 2016 жылға бөлінгелі отырған 2 миллиард теңгенің мақсатты жұмсалуының жолдары белгіленуі қажет.

Сондықтан бұл күнгі отырыста облыс басшысы әр жобаға жеке-жеке тоқталды. Аудандар ұсынып отырған жобалар мектеп жасына дейінгі балалар мекемесін ашу, тұрғын үй құрылысын жүргізу, ірі елді мекендердегі жылыту қазандықтарын күрделі жөндеуден өткізу, көшелерді жарықтандыру, жолдарды жөндеу сияқты өзекті мәселелерге арналған. Бұл мәселелердің қайсысы болсын маңызды екенін атап көрсеткен өңір басшысы олардың сметалық құжаттарын жасап, істі әрі қарай жалғастыруды тапсырды.

Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин өз сөзінде 2016 жылы облыс аумағында 8 футбол алаңын, 35 шағын футбол алаңын, 23 волейбол мен баскетбол ойнауға арналған алаң мен 16 жаттығу кешенін салу жоспарланып отырғанын жеткізді. Өңір басшысы Ерік Сұлтанов: “Мұндай ойын алаңдары әр елді мекенде болуы керек. Балалар әр ауылда бар. Саламатты өмір салтын қалыптастыру үшін жағдай жасалғаны жөн. Ұрпақ спортпен айналысуды дағдыға айналдырса, құба-құп”, – деді.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp