Жыл санап гүлденіп келе жатқан Петропавл қаласының көркіне қарап, еріксіз сүйсінесің. Жаңадан бой көтерген әсем ғимараттар шаһардың ажарын ашып тұрғандай. Сол нысандардың бірі – “Жас Өркен” шағынауданында салынған мұз айдыны мен жеңіл атлетика манежі бар Спорт сарайы.
Облыс тұрғындарының бұқаралық спортқа деген ықыласы артып келеді. Дегенмен, спорт мектептерінің залдары мен басқа да үйірмелердің жаттығу залдары жергілікті спортшылар мен спортсүйер қауым үшін тіптен тарлық ете бастағаны анық еді. Осыны ескерген облыс басшылығы 2014 жылдың маусымында үлкен құрылысты қолға алып, 2015 жылдың күзінде мұз айдыны және жеңіл атлетика манежі бар – Спорт сарайының тұсауын кесті. Өңір спортына үлкен серпін берген ғимараттың жалпы аумағы – 14915,5 шаршы метр. Ел болып тосқан спорт нысанының құрылысына бюджеттің үш миллиард теңгеге жуық қаражаты жұмсалды.
Сүйікті қаламыздың ажарын аша түскен нысанның іске қосылуы облыс өміріндегі айшықты оқиға екені сөзсіз. Жуырда Спорт сарайында өңірімізде спорт түрлерін дамыту мәселелері талқыланған алқа отырысында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин саламатты өмір салтын серік еткен жерлестеріміздің қатары қалыңдай түскенін тілге тиек еткен болатын. Бүгінгі күні солтүстікқазақстандықтардың 28,2 пайызы, яғни 160 мың адам спортпен шұғылданады. Оларға үш мыңға жуық спорт нысаны қызмет етеді.
Спорт сарайының жобасы бойынша негізгі үш блок – жеңілатлетикалық манеж, бір мың жанкүйер тамашалай алатын орыны бар мұз айдыны және велошабандоздар мектебі орналасқан. Бүгінде ғимаратта 10 зал жұмыс істеп тұр. Бұл жерде балалар шайбалы хоккей, коньки тебу, шағын футбол, күш жекпе-жегі, дзюдо, бокс сияқты спорт түрлерімен еркін шұғылдана алады. Көркем гимнастика, акробатика залдары да жұмыс істейді. Бірегей спорт нысанында жеңіл атлеттерге арнаған жүгіру жолдары, үш қарғып секіру секторы орнатылған. Жеткіншектер 38 жаттықтырушының қарамағында спорттың қыр-сырын меңгереді. Әмбебап спорт залдарында бұған дейін тар жерлерде қысылып-қымтырылып келген жергілікті балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептерінің тәрбиеленушілеріне жан-жақты жағдай жасалып отырғандығын мақтанышпен айта аламын.
Сондай-ақ, нысанда жергілікті велоспортшылардың жаттығу базасы жұмыс істейтіндігін атап айтқым келеді. Өңірімізде жоғары жетістікке қол жеткізіп жүрген спорт түрі – велоспорт екені мәлім. Мәселен, Лондондағы жазғы Олимпиаданың жеңімпазы Александр Винокуров атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері соңғы жылдары тамаша нәтижелерге жетті. Егер Алексей Луценко әлем чемпионы атанып, халықаралық велокөпкүндіктерде кезең жеңімпазы атанса, еліміздің “Astana Pro Team” кәсіби велокоманданың сапында Бахтияр Қожатаев, Артём Захаров, Арман Қамышев, Алексей Луценко, Руслан Тілеубаев тамаша өнер көрсетіп жүр. Ал “Астана” құрлықтық командасының мүшелері Тілеген Майдос, Виктор Окишев, Вадим Галеев халықаралық, республикалық сайыстарда топ жаруда. Енді бұл саңлақтардың жолын қуған жас спортшылар үшін заманауи үлгіде жабдықталған велобаза бар.
Спорт сарайы туралы қалам тербегенде “Құлагер” хоккей командасына тоқталмай өту мүмкін емес. Өткен жылдың көктемінде облыс басшысының бастамасымен құрылған команда бұған дейін Теміртау мен Көкшетаудың мұз айдындарын жалға алып жүрген. Енді, міне, жарқырап жатқан жабық мұз айдынына жайғасты. Ал жанкүйерлер болса, сүйікті командасының жаттығулары мен ел біріншіліктеріндегі жарыстарды тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Кеше ғана құрылған команданың алғашқы қадамдары сәтті. Команда барлық қарсыластарын тізе бүктіріп, Қазақстан кубогын жеңіп алса, ел біріншілігін жүлделі үшінші орынмен аяқтады. Үстіміздегі жылғы чемпионатта да сәтті өнер көрсетіп, үздіктер қатарынан көріне білуде. Мұз айдынында легионерлермен қатар, жергілікті хоккей мектебінің тәрбиеленушілері де жақсы ойын өрнегін көрсетіп жүр.
Ол бастан-ақ бұл ғимаратқа айына 1,5 мың адам келіп жаттығады деген жоспар болған. Қазір аптасына 1100-ге жуық спортсүйер жас есігімізді ашады. Үйірмелердің бағасы қолжетімді. Залдардың төрі спортқа ден қойған жастардан еш босап көрген емес. Келуші жеткіншектердің арасынан болашақта бүкіл елдің мақтанышына айналатын спортшылар шығады деген сенім мол.
Басты мақсат – тұрғындардың жүйелі түрде спортпен айналысуына жағдай жасау, денсаулықтарын нығайту. 2015-2016 жылдары спорттық нысанда “Open Cup” Латын Америка билері бойынша Қазақстанның ашық кубогы, жасөспірімдер арасында балдық би орындаушылары арасында Еуразия кубогы, шайбалы хоккейден ел біріншілігінің ойындары, көркем гимнастика және конькимен жүгіруден облыс біріншілігі сияқты үлкенді-кішілі жиырмаға жуық спорттық шара өтті. Бұдан басқа да сайыстар ұйымдастыратын боламыз. Міне, Спорт сарайы ел спортына осылайша үлкен серпін беруде. Үстіміздегі жылы облысымызға жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев спортпен айналысамын дегендер үшін барлық жағдай жасалған осынау ғимаратқа арнайы ат басын бұрып, жергілікті спорт майталмандарымен жүздесіп, әсем ғимаратқа риза болғаны көңілімізді жадыратты.
Бүгіндері балаларын ертіп келетін ата-аналардың саны артып отыр. Бұл – жақсы бастама. Ата-ана да баласымен бірге спортпен шұғылданса, құба-құп. Саламатты өмір салтына ден қойған жастардың жігерін жаныған бұл шаңырақ талай мықтының тұсауын кесері сөзсіз.
Александр НАДОБЕНКО,
Спорт сарайының директоры.