«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БОЛАШАҚ ҮШІН ДАУЫС БЕРЕМІН

“Нұр Отан” партиясының ХVI съезіне Солтүстік Қазақстан облысының шалғайдағы Ғ. Мүсірепов атындағы ауданынан қатысып, ел үшін тарихи маңызы зор жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның одан әрі дамуына қатысты ойларын тыңдадым. Онда сыртқы факторлардың мемлекет құрылысына теріс ықпалына жол бермеу, осы уақытқа дейін қол жеткізілген жетістіктерді сақтап, одан әрі еселей түсуге жағдай жасау, әлемнің 30 дамыған мемлекетінің қатарына қосылу жолымен алға жылжу үшін бір орында қалмау қажет екендігі айтылды. Осы институттық реформаны кезең-кезеңмен жүзеге асыру әрбір қазақстандықтың алдына қойылған зор міндет екенін ұқтым.

Елбасының болашағы біртұтас ұлт құру туралы айтқан сөздері маған үлкен ой салды. Бүгінгі таңда көпэтносты еліміздегі тұтастық пен бірлік, мәдениеттер мен діндердің үндесуі әлемдік эталон ретінде танылған. Біз тәуелсіздік туы желбіреген елімізде ұлттар мен ұлыстардың нәсілдік, этностық, діни және әлеуметтік тең құқықтылығына қол жеткізіп, тату-тәтті өмір сүрудеміз. Азаматтық татулық пен этносаралық келісім біздің басты құндылығымызға айналды. Қазақстанның сыртқы және ішкі саясаты бейбітшілік пен келісімге, сенім мен тұрақтылыққа негізделген және ол өзгеріссіз қалады да. Білім саласының қызметкерлері ретінде біз енді алдымызда тәлім-тәрбие алып жүрген өскелең ұрпақты азаматтық теңдік, еңбексүйгіштік, адалдық, оқымыстылық, білімділік сияқты “Мәңгілік Ел” идеяларына жұмылдыра білуіміз керек. Алға қойған мақсат-міндеті айқын, орнықты азаматтар ғана мемлекетіміздің сенімді іргетасын құрайтынына оқушылардың көзін жеткізу біздің мойнымызда. Осы бағытта патриоттық рухта білім мен тәрбие беру – ортақ міндетіміз.  

“Балам” дейтін ел болмаса, “Елім” дейтін ер қайдан шығады?” дегендей, бүгінгі жас ұрпақтың білім алып, өзін жан-жақты көрсетуіне мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып отыр. Мектептердің барлығының материалдық-техникалық жабдықталуы жаңа үлгіге көшіріліп, шалғайдағы аудандардағы білім ошақтары да Интернет желісіне қосылған. Оқушыларымыз үш тілде білім алып, түрлі деңгейлердегі қашықтық олимпиадаларына қатысатын, өз білімдерін толық сынға салатын жағдайға жетті. Олар да “Қазақ” деген халық, “Қазақстан” деген мемлекет барын өз шама-шарқынша әлемге әйгілеуге үлестерін қосуда.

Еліміздің одан әрі кемелдене беретініне, ол үшін жасалып жатқан жұмыстардың барлығы өз нәтижесін беріп, Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарынан көретінімізге кәміл сенемін. Сондықтан алға қойылған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін үстіміздегі жылдың 26 сәуірінде өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысуды өзімнің азаматтық парызым деп санаймын. Өйткені, ол менің және елімнің жарқын болашағы жолында алға қойған міндеттерді тиімді іске асыру үшін жасалатын маңызды қадам.

Эльмира ҚАРАБАЕВА,

Шөптікөл орта мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Ғ. Мүсірепов атындағы аудан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp