«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БРАЗИЛИЯДАН – ЕКІ КҮМІС МЕДАЛЬ

Бразилия елінің Ново-Гамбург қаласында жалпы білім беретін пәндерден “MOSTRATEC” халықаралық ғылыми жобалар сайысы өтті. Петропавл қаласындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-лицей-интернатының 11-сынып оқушылары Анар Балкотова мен Болат Омаров күміс медальдарға ие болды.

“Либерату” қоры мен “Интел Бразилия” ұйымының ұйымдастыруымен өткен әлемдік деңгейдегі сайысқа 20-дан астам мемлекеттен жалпы саны 350 ғылыми жоба ұсынылған. Соның 58-і – Қазақстаннан барған үміткерлер. Олар биология, физика, химия, астрономия, экология, энергетика және ақпараттық технология секцияларында бақ сынаған. Бір айта кетерлігі, сынға түсіп, сүрінбей шыққан білімдарлар өз жобаларын ағылшын тілінде қорғаған. Сайыс қорытындысы бойынша Қазақстан 9 алтын, 10 күміс және 8 қола медальды иеленген.  

Қазақстан намысын біздің облыстан қорғаған Анар Балкотова өзінің ғылыми жобасын информатика пәні бойынша “Easycoding” тақырыбына арнаған. “Аталмыш бағдарламаны пайдалану арқылы бастауыш сыныптарда бағдарламалау бойынша оқыту жүйесін жеңілдетуді көздедім”, – дейді Анар Балкотова.

Болаттың таңдап, жыл бойы еңбектенген жобасы математика пәніне байланысты. Ол “Құпия хабарламаларды кодтау және оның кодын ашудың бір тәсілі” тақырыбын қорғаған. Жобасының мақсаты құпияларды бөлісу әдісін оқып-үйренуді көздейді.

Сайыс соңында ұйымдастырылған мәдени-танымдық шара барысында әр мемлекеттен барған үміткерлер өз елінің салт-дәстүрі, өзге де ерекшеліктерімен бөліскен. Анар Балкотова ұлттық киім киіп, “Қара жорға” биінің ырғағымен мың бұралғанда өзгелер де оған қошемет көрсетіп, бірге билеген. Болат Омаров болса сайыскерлер арасында футболдан ұйымдастырылған додада Қазақстан командасының құрамында ойнап, екінші орынға ие болған.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp