Аяқкиім – тез тозатын бұйым. Дегенмен, бүгінгі тұтынушылардың көбі таңдағанын емес, қолы жеткенін киеді. Өйткені, Қазақстанның кенжелеп қалған жеңіл өнеркәсібі тұтынушыларды өз өнімдерімен қамтамасыз ете алмай, шетелдік тауарларға иек артып келе жатқанымызға да біраз жыл болды. Кезінде жап-жақсы жұмыс істеген кәсіпорындардың бүгінде бары-жоғы белгісіз. Нарықтағы бәсекелестік еңсе көтертер емес. Аталмыш өндіріс саласына түбегейлі бетбұрыс жасап, жаңаша жұмыс істеуге көшпейінше, ондағы мәселелер шешімін таппайтын сияқты.
Өңірімізде аяқкиім сатумен айналысып жүрген кәсіпкерлер көп. Табыс көзін тауып жүргендердің бұл әрекеті – құптарлық іс. Бірақ кең тұтынатын аталмыш тауардың адам денсаулығына әсері зор екендігін ескере отырып, оның сапасына назар аударуға тура келеді. Алайда, қазақстандықтар сапалы аяқ-киім кисе деген игі тілегімізді бүгінгі нарықта сатылатын тауарлардың басым бөлігі жоққа шығарады. Петропавлдың барлық сауда орындарын шарламай-ақ, “Алтын Адал” базарына барып, халықтың тұтыну деңгейіне көз жеткізуге болады. Тауарлардың басым бөлігі – шетелдік өнімдер. Дәлірек айтсақ, Ресей, Қытай, Түркия елдерінен әкелінген. Тіпті, қасына жолап кетсең, резеңкенің жағымсыз иісі мүңкіп тұратын қытайлық шәркелердің өзі тұтынушыларын тауып жатады. Сапа жағынан бірқатар талаптарға жауап беретін түрік ағайындардың бұйымдарын қалтасы қалыңдар сатып алады. Ресейлік тауар өндірушілер нарықтағы қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін өнімнің өзіндік құнын түсіріп, тауарларының сапасын әр кезде талапқа сай ете бермейтіні де байқалады.
– Біздегі сауда-саттықпен айналысатын кәсіпкерлер шетелдерге барған кезде арзан тауарға қарай жүгіретіндерін естіп те, көріп те жүрміз. Бұл тұтынушы контингентінің қалыптасуына байланысты дерміз, бірақ саудагерлердің көздегені сол арзан тауарға екі-үш есе жоғары баға қойып, қалтасын қалыңдату болмауы керек. Біз тұтынушыны сапалы, денсаулықтарына зиянсыз өнімдермен қамтамасыз етуді қашан ойлайды екенбіз? – дейді кәсіпкер – аяқ-киім тігетін Виктор Петросян.
Өзі тауарларының сапасына үлкен мән беріп отырған кәсіпкердің сөзінің жаны бар. Тауары бізге экспортталып жатқан аталмыш елдерде жеңіл өнеркәсіп біздікінен ілгері кеткен. Бүгінгі тұтынушы қай елдің тауары қандай екенін жақсы айыра алады. Тауар “Қытайда жасалған” десе, тұтынушының санасында екі түрлі ой жылт етеді. Біріншіден, Аспанасты елі – жеңіл өнеркәсібін ежелгі заманнан қалыптастырған алпауыт мемлекеттердің бірі. Ал қазақстандық нарыққа жеткізіліп жатқан тауарлардың жартысы – мемлекеттік сараптама сынын көтермейтін өнімдер. Өзімізде жеңіл өнеркәсіп дамымай жатқандықтан, мұндай өрескелдікке көз жұмып қарауға тура келеді.
Өткен ғасырда өңірімізде былғары етік тігетін өндіріс орны, дәлірек айтсақ, облыс орталығында тұтынушылар сұранысын қамтамасыз етіп отырған аяқкиім комбинаты жұмыс істеген. Сол жерден жұрт өздеріне қажетті бұйымдарды сатып алған, я болмаса тапсырыспен тіктірген. Комбинат шикізаттан да тапшылық көрмеген, өйткені, тері-былғары илейтін зауыт іргесінде болатын. Шикізат арзанға алынғандықтан, тауардың да құны жоғары еместін. Жағдайдың осылай болғанын аға буынның кез келгені растайды. Бүгінде сонда еңбек еткен төрт етікші жеке кәсіпкерлік құрған, сондай-ақ, шағын аяқкиім шеберханасын ашып, табыс тауып отырғандар да бар. Мәселен, біз әңгімеге тартқан Виктор Петросянның әкесі 1972 жылы Орал қаласынан аталмыш өндіріс орнының арнайы шақыртуымен келіпті. Кейін ұлын да осы кәсіпке баулыған. Заманның қарбалас кезінде табыс көзі ретінде аяқкиім тігетін цех ашып, оны ұлына мұра еткен.
Сондағы шебер етікшілер бүгінде орта жастан асты. Олардың ізін басып жатқандар шамалы болғандықтан, еңбек нарығында кадр тапшылығы сезіле бастағандай. Ал бүгінгі жастарды етікшілік қызықтыра қоймайды. Алайда, етік жамап, табыс тапқан адамның қарны аш қалмайтыны бағзы заманнан бері дәлелденіп келеді. Бүгінде бір жұп аяқкиіміңді жөндетсең, 1-2 мың теңгені тастап кетесің. Кәсіпкер Виктор Леонович кадр мәселесі өндірісті кеңейтуге көлеңкесін түсіріп отырғандығын айтады. Сондай-ақ, ол өңірімізде етікшілер даярлайтын бірлі-жарымды кәсіптік білім беру мекемелерінің бағдарламасына сын айтты.
Отандық былғары аяқкиім өнеркәсібі нарық жағдайына бейімделіп, жаңа технологиялар негізінде сапалы өнімдер шығаруда қарқынды қимыл танытуы тиіс. Өйткені, нарық талабы бұл саланың заман ағымымен қатар жүруін талап етеді. Киім-кешекте сән үлгісі жиі өзгеретіндіктен, бұл – жеңіл өнеркәсіптің бір қиындығы. Аталмыш салада бәсекелестік те мықты. Былтырдан бері жаһандық дағдарыстың да ызғары сезіле түсуде. Алайда, жергілікті кәсіпкерлер өздерінің қажетті тауар өндіріп отырғандарын ұмытпай, бизнестерін құлдыратып алмауға тырысуда. Біз сөз етіп отырған Виктор Петросян осыдан екі жыл бұрын “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша мемлекеттен демеуқаржы алыпты. Банктен алған несиенің ай сайынғы төлемінің 30 мың теңгесі осы қолдаудың көмегімен жабылады екен.
– Біз тауарларды облыс орталығында ғана сатамыз. Сырт өңірлерден келген қонақтар өнімдерімізге қызығушылық танытып, сатып алып жатады. Біздегі өзекті мәселе – заман ағымына қарай сән үлгісіне ілесе алмай отырғандығымыз. Петропавл аяқкиімдері сапа жағынан мін тудырмайды, ал үлгісі кез келгеннің көңілінен шыға бермейді. Бұл мәселе бойынша біраз жұмыс істеуіміз керек. Ол қаржыға келіп тіреледі. Өйткені, шетелдерден алынатын аяқкиім тігу құрал-жабдықтары қымбат. Дегенмен, мәселенің шешімді жолын табуымыз керек, – дейді Виктор Леонович.
Жергілікті кәсіпкерлер шығын мен пайданың арақатынасы алшақтап кеткендіктен ғана биыл өнімге баға көтерген. Соның өзінде олардың таза былғарыдан тіккен, жылы да жайлы аяқкиімдері шетелдік тауарлардан әлдеқайда арзан. Жасанды теріден тігілген шетелдік бұйымдардың бағасы кейде олардың табиғи былғарыдан тіккен аяқкиімдерінің құнымен теңесіп кетеді.
– Ең басты мақсат – құрал-жабдықтарды жаңартып, өндіріс алаңын кеңейту. Италияға барып, олардың тәжірибесін үйреніп қайтқанымыз да жөн болар еді. Ол жақта да армяндар жұмыс істейді. “Лимонти” деп аталатын әйгілі аяқкиім фабрикасын армян құрған. Арменияда аяқкиім кәсіпкерлігі жақсы дамыған. Кеңес заманы кезінде италиялықтар Ереванда аяқкиім орталығын ашпақ болыпты, бірақ билік рұқсат етпеген көрінеді. Бұл кәсіп – ерінбеген адамға үлкен мақсат әрі табыс, – дейді Виктор Петросян.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.