«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Білімді шәкірт – ұстаз мақтанышы

Қазақта “Ел боламын десең, бесігіңді түзе!” деген тәмсіл бар. Яғни, бала тәрбиесі, олардың ертеңгі күні жақсы азамат болып ержетуіне қолайлы жағдай жасау – ата-ананың ғана емес, бүкіл қоғамның мойнындағы міндет. Сондықтан егемендік алып, еңсеміз түзелген ширек ғасырдың ішінде елімізді айтпағанның өзінде, облысымызда шәкірттердің алаңсыз білім мен тәрбие алуы үшін заманауи үлгіде салынған жаңа мектептер ашылды. Мамлют ауданының орталығындағы 300 орындық №2 білім беру мекемесі де “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша бой көтеріп, өткен жылы пайдалануға берілді. Ғимараттың ашылу салтанатына облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысып, ұстаздар қауымының жұмысына сәттілік тілеген еді. Бұл білім ордасы бұрынғы апатты жағдайдағы мектеп ғимаратының орнына тұрғызылғанын да айтып өткен жөн.

 

Сән-салтанаты келіскен жаңа мектепте оқушыларға сапалы білім беруге қолайлы жағдай жасалған. Оқу ғимаратында шеберхана, химия, физика, биология, информатика және лингафондық-мультимедиалық, зертханалық кабинеттер, акт және спорт залдары бар. Бүгінгі күні жаңа мектепте 257 шәкірт білім алуда. Ақиық ақын Мағжан Жұмабаев: “Алты Алаштың игі жақсысы бас қосса, төрдегі орын ұстаздікі”, – деп бекер айтпаған ғой. Мектеп табалдырығын аттаған баланың тәрбиелі, білімді болуы, әрине, алдымен ұстазына байланысты. Сондықтан біздің мектептегі 40-қа жуық тәлімгер білім-біліктіліктерін уақыт талабымен ұштасырып, заман ағымына сай еңбек етуді мақсат тұтады.

Жаңа мектеп жанында бүлдіршіндерге арналған шағын орталық та бар. Бұл жерде барлығы 30-дан астам балғынның уақыттарын тиімді әрі қызықты өткізуі жан-жақты қарастырылған.

Шәкірттердің білімді болып өсуімен қатар, денсаулықтарына да ерекше мән береміз. Оларды саламатты өмір салтын ұстануға баулитын мектеп маңында арнайы шағын футбол, жеңіл атлетика, гимнастика, волейбол, баскетбол алаңдары бар.

Оқушылар игілігіне берілген жаңа мектептің ашылғанына бір жыл ғана толса да, біз әртүрлі деңгейдегі іс-шараларға белсене қатысып жүрміз.

Ғалихан БҮЙРЕКБАЕВ,

№2 орта мектептің

директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp