Бүгінгі таңда білім саласына елеулі өзгерістер енгізілуде. Өскелең ұрпақтың көптілді, жаңа заманға сай, бәсекеге қабілетті жеке тұлға ретінде қалыптасуын қамтамасыз ету мақсатында мектеп бағдарламасына бірінші сыныптан бастап ағылшын тілі пәні енгізіліп, ол 2013-2014 оқу жылынан жүзеге аса бастады.
Дәуіт орта мектебінде бастауыш сынып оқушыларының ағылшын тілін меңгеру деңгейін бақылау мақсатында қоғамдық білім байқауы өткізілді. Ата-аналар, пән мұғалімдері, сынып жетекшілерінің қатысуымен өткен қоғамдық байқауда оқушылардың бағдарламаға сәйкес алған білімдері тексерілді.
Байқауға 1 және 3-сынып оқушылары қатысты. Оқушылардың білімін тексеру “Біз нені меңгердік және не істей аламыз?” сынды сабақтан тыс қорытынды сабақ түрінде жүзеге асырылды. Ойын арқылы жеңіл түрде ұйымдастырылған сабаққа балалар белсене қатысып, өз білім деңгейлерін еркін көрсете алды. Балаларының ғажайып білім еліне саяхаты ата-аналар мен ұстаздардың көңілінен шықты. Мектеп әкімшілігі қоғамдық білім байқауын бұдан былай барлық сыныптарда өткізіп, оны дәстүрлі іс-шаралардың біріне айналдыруды көздеп отыр.
Арайгүл АБДУГАПАРОВА,
Дәуіт орта мектебінің
ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.
Ақжар ауданы.