Қазақстан чемпионатына биылғы жылдан бастап қосылған Петропавлдың “Құлагерінің” ойындарына қала жанкүйерлерінің ықыласы ерекше. Әйтеуір, өз алаңында өткізген алты кездесуде Спорт сарайының бос орындары көзге шалынбады. Осыған қарағанда, командамызға тілеулестік олқы емес.
Соған орай, “Құлагер” қарашаның 10-ы және 11-і күндері Алматыда алаң иелерінен екі мәрте басым түсіп, қоржынға алты ұпай қосып қайтты.
Ал 21 және 22 қараша күндері Атыраудың “Бейбарысымен” өткен жекпе-жектер жерлестерді қанша қамшылағанымен, үшінші орында тұрған қарсыластар біздің жігіттерді еркін қимылдата қоймады.
Алғашқы күнгі кездесуде алдымен меймандар есеп ашты. Біздің команданың капитаны Ильгиз Нуриев есепті теңестірді. Үш кезеңнің қорытындысы итжығыс болғандықтан, қосымша бес минут қай команда шайба соққанша ойналды.
Бұл уақыт та нәтижесіз өткендіктен, буллиттер соғылды. Дес бергенде біздің қақпашымыз, америкалық легионер Джон Мюррей екі мәрте қапы қалмады да, қонақтардың қақпашысы шайбаны өткізіп алды. Сөйтіп 2:1 есебімен “Құлагер” жеңіске жетті.
Ал 22 қараша күнгі ойында қонақтар бірінші кезеңнің 22-ші секундында-ақ біздің қорғаушылардың ұнжырғасын түсірді.
Бұл аз болса, қақпамызға екінші шайба да соғылды.
“Құлагерлік” Артем Сенькевич бір шайба енгізіп, үмітімізді жандырып еді, атыраулықтар тағы да алға шықты. Есеп 3:1.
Ойын аяқталуға 9 минут қалғанда “Құлагердің” қорғаушысы Алексей Петушков та көзге түсті.
Бұл кездесу 3:2 есебімен тамамдалды. Соңғы екі минутта бас бапкеріміз Вячеслав Билан Джон Мюррейдің орнына алаңға алтыншы ойыншыны шығарса да, есеп сол қалпында қалып, қонақтар үш ұпайды еншілеп кетті.
Екі ойынның нәтижесін салмақтай отырып пайымдар болсақ, командамыздың ойын өрнегінде әлі де аса жинақылық байқалмайды. Әсіресе, қорғаныста олқылықтар баршылық. Жылдам ойлап, жылдам ойнау жетіспейді.
Жерлестеріміз 25-26 қараша күндері көш соңындағы “Астана” хоккейшілерін қабылдайды.
(Өз тілшіміз).