«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Біржан ЖАЛҒАСБАЕВ: “РУХАНИ ИГІЛІКТЕР САХНАДАН БАСТАЛАДЫ”

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен “Мәдениетті қолдау жылы” болып жарияланған 2000 жылы негізі қаланған С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры санаулы күндерден кейін өзінің он бес жылдық мерейтойын атап өтпек. Осы шығармашылық ұжымның жүріп өткен жолы, бағындырған биігі, алар асуы жайында аталмыш өнер ордасының директоры Біржан Жалғасбаевпен әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Біржан Нұрмақанұлы, алғашқы еңбек жолыңызды өңіріміздегі қарашаңырақтан бастадыңыз. Оған жетекшілік етіп, алға бастап келесіз. Театрдың азды-көпті тарихына ой жүгіртсек.  

– Мұндай киелі өнер ордасы қасиетті Қызылжар өлкесінде бұрынырақта да болған. Сол замандағы солақай саясаттың қыспағынан, қолдаудың жоқтығынан әртістерінен айрылып, құлдыраған шаңырақ араға жарты ғасырдан аса уақыт салып, еңселі егемендікпен бірге қанаттанып, қайта құрылды. Салтанатты ашылу рәсіміне ел Президентінің өзі қатысқан сол театр он беске толып отыр. Адамға он бес жыл аз да, көп те көрінуі мүмкін. 2000 жылы өмір есігін ашқан сәби он бес жасқа толып, ақылы толысып, жетілді деуге болады.

– Бұл да бір айтулы кезең ғой, атаусыз қалмайтын шығар?

– Әлемді жайлаған қаржы дағдарысы қалтыратып отырған қиын-қыстау уақытта мерейлі мерекемізді ұлан-асыр, аста-төк той қылып өткізуді көздеп отырған жоқпыз. Көзі қарақты көрерменнің сырласы мен мұңдасына айналған өнер ордасы жайлы облыс тұрғындары естісін деген мақсатпен көрпемізге қарай көсіліп, атап өтпекпіз.

– Шығармашылық ұжымның басты міндеті кәсіби өсу ғой. Осы уақыт ішінде театр әртістерінің жеткен жетістіктері де, алған асулары да ауыз толтырып айтарлықтай ма?

– Дұрыс айтасыз. Өзінің шымылдығын С. Мұқановтың “Аққан жұлдыз” қойылымымен ашқан ұжым алға ұмтылыс пен ізденістің арқасында айтулы биіктерді бағындырып келеді. 2001 жылы IX республикалық театр фестивалінде М. Баджиевтің “Қылмысты оқиға” қойылымымен бас жүлдені еншіледік. Дәл сол жылы есімдері елімізге белгілі Әшірбек Сығай, Есмұқан Обаев сынды өнер майталмандары арнайы келіп, ұжым ұсынған бірнеше қойылымды тамашалады. Ақты ақ, қараны қара деп бағалайтын әйгілі сыншылар театр ұжымына жоғары баға беріп, мерейімізді тасытты. 2003 жылы Каирде өткен XV халықаралық театрлар фестивалінде де асығымыз алшысынан түсті. Елордада өткен “Шабыт” VII халықаралық өнер фестивалінде жүлделі үшінші орынды қанжығамызға байладық.

– Театрда жыл сайын ауыс-түйіс болып жататынынан хабардармыз, ендеше кадр мәселесі шешімін тауып отыр ма?

– Еңбек жолын осы ордада бастаған әртістердің көбі еліміздің өзге өңірлеріндегі өнер ошақтарына кетті. “Ат тұяғын тай басар” демекші, олардың орындарын жас өнерпаздар басуда. “Актер – театрдың жаны” десек, шыны керек, бұл мәселенің бір жолға қойылуына да көп еңбек еттік. Еліміздің ең ірі өнер ордалары – Алматы мен Астана қалаларына арнайы барып, бітіруші түлектердің өңірімізге келіп, еңбек етулерін сұрағаным да рас. Барлығының айтатыны бір нәрсе – жоғары жалақы және баспана. Жергілікті жердің азаматтары болмаған соң алпыс екі тамырдың туған жерге, өскен өлкеге тартатыны да анық. Осының барлығын көзбен көріп, көңілмен ұғынған соң біз ендігі жерде өңіріміздегі өнерпаз азаматтарды тартуды қолға ала бастадық. Петропавлдағы өнер колледжін актерлік шеберлік мамандығы бойынша бітірген талапты ұл-қыздарды жұмысқа алып, тәрбиелеп, білгенімізді үйретудеміз. Олардың актерлік шеберліктерін шыңдау үшін шетелдерден арнайы мықты режиссерлерді шақыртып, шеберлік сыныптарын өткізуді дәстүрге айналдырдық. Нәтижесі де көңіл көншітеді. Әріге бармай, 2015 жылды айтсақ, олардың бағындырған биіктері де айтарлықтай жоғары. Тәжікстаннан есімі ТМД елдеріне белгілі режиссер Барзу Абдуразаховты шақыртып, ол қырық бес күннің ішінде өз тәжірибесімен бөлісті. Өз саласының майталманы біздің әртістерге қысқа уақыттың ішінде көп жұмыс тындыруды үйретті. Берілген рөлді өз дәрежесінде сомдау, көңілкүйдің ауысуы, сахнадағы әріптесті тығырықтан алып шығу сияқты қасиеттердің қалыптасуына әсер етті. Ол қойған “Ревизор” спектаклі де көзі қарақты көрерменнің көңілінен шықты. Осылайша кадр мәселесінің оңтайлы шешілуіне біздің күш-қауқарымыз жетеді екен. Ендігі жерде бізге Алматыдан, Астанадан шебер актерлер келмейтін болды деп сарыуайымға салынудың жөні жоқ. Оның үстіне, біздің әртістер бас басына би болмай, актерлік ансамбльдің тұтастығы үшін жұмыс істеуді бір кісідей меңгерді. Бұл еліміздегі мүйізі қарағайдай деген көп театрларда жоқтың қасы.

Жақсы сөз жан семіртеді ғой. Болашақта, бірақ қанша уақыттан кейін екендігін білмеймін, театрдың бір бұрышын ұстап тұратын актер деп Асылхан Рәзиевті айта алар едім. Гүлдана, Жанар, Мақпал, Нұржан, Думан және Тұрақ сынды әртістерге де үлкен сенім артамын.

– Болашақ жоспарларыңызбен бөліссеңіз.

– Өнер де, театр да нарықтағы түрлі тауарлар сияқты. Яғни, біздің тауарларымыз – қалың көрерменге ұсынған спектакльдеріміз. Адамдар көргенде қайсысын таңдарын білмей, таңдай қағысып, абдырап қалса, театрға көрермен бас сұққанда репертуар да жайнап тұруы керек. Классика, психологиялық драма, комедия, мелодрама, фантастика, тағы басқа жанрларға таңдау көп болуы қажет. Театрдың репертуарлық мақсатын сақтай отырып, түрлі жанрдағы спектакльдерді халыққа жеткізуіміз керек. Бұл – біздің алғашқы жоспарымыз. Екіншіден, классикалық спектакльді жылына бір рет көрермендер назарына ұсынуды көздеп отырмыз. Өйткені, классикалық дүние арқылы актерлер зияткерлік дәрежеге көтеріле алады. Мысалы, XV ғасырдағы Францияның шығармасын сахналаймыз делік. Оны жұртшылыққа жеткізу үшін актер ізденеді, сол елдің мәдениетімен, тарихымен танысады. Осылайша әртіс он жылдың ішінде қай қазанға салып жіберсең де қайнай алатын шебер деңгейіне көтеріледі.

Үшінші мәселе, шыны керек, бүгінде сананы тұрмыс билеген заман болды ғой. Ақша аз, қымбатшылық. Жоқшылықтан шығудың жолын іздеп, әр жартасқа басын соққан көрермен өмірдің тірегі – рухани әлемнен ажырап қалады. Мұндайда не істеу керек? Қол қусырып, қарап отыруға болмайды. Адамды театрға еріксіз тартудың жолын қарастырған жөн. Біреу жан жүрегімен, егіліп жылай алмай жүрген шығар, әлдекім бөркін аспанға атып, қуанғысы келетін болар? Адам көңілінің қалтарыс-бұлтарысына терең бойлап, рухани әлемінің тазаруына әсер етуіміз керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp