Өңірімізде “Арго” грузин этномәдени бірлестігі құрылды. Достық үйінің 25-ші этномәдени бірлестігінің құрылуы Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының “Үлкен ел – үлкен отбасы” форумында салтанатты түрде жарияланды.
Бүгіндері 130-дан астам этнос өкілі сүттей ұйып, өмір сүріп отырған еліміздің ұлы мерекесі – Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында өткен шарада “Жылдың қайырымды адамы – 2016”, “Мың бала” республикалық-ағартушылық жобасының, “Шаңырақ” этножурналистика саласындағы республикалық конкурстың және тағы да басқа байқаулардың жеңімпаздары марапатталды. Мәселен, “Жылдың қайырымды адамы – 2016” байқауында ірі және орта кәсіпкерлік санаты бойынша Есіл ауданындағы “Ключевое” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, жеке кәсіпкерліктің арасында Қызылжар ауданындағы “Ахмутдинов” ЖК осындай құрметке ие болды. Ал “Шаңырақ” этножурналистика саласындағы республикалық конкурсының облыстық кезеңінің жеңімпаздары – “24 kz” телеарнасының меншікті тілшісі Ирина Панфилова, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның “Новости Приишимья” газетінің бөлім меңгерушісі Нелли Яценко, “Первый Северный” телеарнасының бас редакторы Нұргүл Алина марапатталды.
Форум барысында жыл бойы өңірімізде бірлік пен ынтымақтастықты нығайтып, оны насихаттауға белсене араласқан бірқатар этномәдени бірлестіктердің өкілдерінің еңбегі де елеусіз қалмай, оларға Құрмет грамотасы табысталды.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.