Отаны үшін от кешіп, жаралы болып оралған, еңбек етіп отбасын құрғандар тізімін өз әкем Қасым Ахметжанұлынан бастайын. Үш жыл атқа мініп, қылыш асынып Қиыр Шығыста әскери міндетін атқарып қайтқан жауынгерді қырық бірдің соғыс басталған 22 маусымында алғашқылардың қатарында қайта әскерге шақырыпты.
“Әскерде болып көрді
менің басым,
Күтіп тұр алдымызда от пен жалын.
Қорғауға елімізді мен дайынмын,
Қалғанша жүрегімде қасық
қаным”, – деп жазыпты әкем майданнан қосағы Күлжиянға, ағайын-туысқа, атам Ахметжанға жолдаған хатында.
“Көзіңнен айналайын, балапаным,
Есіме түсті тәтті қылықтарың.
Иіскесем маңдайыңнан алдыма алып,
Рахатқа батар еді шыбын жаным.
Қолыма ап төрт балапан баққан едім,
Қолдарын ешбірінің қақпап едім.
Қалайша осыларды сақтаймын деп,
Жанымды жалынды отқа қақтап едім”. Бұл – әкемнің жалған жаламен халық жауы атанып, қуғында жүріп қаза болған ағасы Мерғалымның төрт баласын сағынғанда жазғаны. Ал өзінің тұңғышы 42-нің қаңтарында дүниеге келіпті. Атамыз Ахметжан оның атын Әскербек қойған. Бірақ оған өз тегін бергізбей, Қасымов деп жаздырады. Ондағысы “Ұлым соғыстан оралмаса, Қасым аты қалсын” дегені болса керек. Жанбосынның Әбілтайынан жарық дүниеге сәл бұрынырақ Әскербектің замандасы Майдан туды. Ал Майданның әкесі майдан шебінде қалды.
Өмірден ертерек өткен Жұмабек, Төлеген сияқты құрдас-достарыма және осы жолдардың авторы маған алғашқы ұстаздық еткен, кейінде осы мектепке қызметке келгенімде басшым, тәлімгерім болған соғыс ардагері Төкен Әбілқасымов ағам соғыста жараланып, елге балдақпен оралған. Бірақ мүгедекпін деп отырып қалмады, жоғары білім алып, алдымен бастауыш сыныптарға сабақ берді, кейін көп жыл Сарбұлақ мектебін басқарды. Мүгедектігіне қарамай еңбек еткен, сыңар қолымен ат жегіп, пошта тасыған Шағыр Шегенов аға да көз алдымда. Жараланып, жау қолына түсіп, тұтқындалғаны үшін сотты болған, еліне оралып кеңшар бөлімшесін басқарған сыңар қолды Сейіт Әлмұқанов аға да еңбектен қол үзбеді.
От пен оқтың ортасында жүріп майдан шебіне оқ-дәрі, қару-жарақ, азық-түлік жеткізіп, ауылға аман-сау оралғасын бейбіт еңбекке араласқан Бейсенбай, Зұлқарнай, Қажығали ағаларым сияқты жүргізушілерді де жиі еске аламын. Менің ұстаздарымның бірі, әкемнің досы, атты әскер жауынгері Қайырбай Ақтіленовтің үйіне қолғабыс жасауға барғанда оның әскери қолбасшының өз қолынан алған қылышын ұстап көру бала бізге бір ғанибет болатын. Әншілік, домбырашылық өнері керемет Әлібек Болатов ағамыз соғыстан аман оралып, ауылда кітапханашы болғанда алғашқы кітаптарымды сол кісінің қолынан алып оқығаным да есімде.
Шағын ғана Сарбұлақ ауылынан жүзге тарта жерлестерім, ағаларым, аталарым сын сағатта қолына қару алып, жарақты жауға қарсы соғысқа қатысқан. Көпшілігінің топырағы бауырластар бейітінен бұйырып, “Боздақтар” тізіміне енген. Майданнан оралғандардың арасында қатарлары әбден селдіреген тірілердің қатарында қалғаны жалғыз Айса Сапанов ағамыз еді. Ол да қазір аудан орталығына қоныс аударыпты. Оның өзі қуанышты жағдай. Ауылымызда қалған жалғыз Ұлы Отан соғысының ардагеріне бұрынғы Рузаев, Куйбышев, Чистополь аудандарын біріктіріп отырған Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығында салынған үйден жайлы пәтер кілтін бергені үшін ел басқарып отырған азаматтарға рахметтен басқа айтарымыз жоқ.
Ұлы Жеңіс күні қолына қару алып, соғысқа аттанған азаматтардың артында аңырап қалған аналары бүгінде арамызда жоқ, сол сияқты майдангер ағалардың өмірлік жан-жары, қосақтары да күн сайын азайып бара жатыр. Былтырғы шілденің басында өмірден озған жауынгер, еңбеккер әкеміздің қосағы, батыр анамыз Күлжиянды атамай кету – арымызға сын. Әкеміздің ағасы Мерғалым Ахметжанұлының төрт баласын бағып-қаққан, “бір қолымен өз ұл-қызын, екінші қолымен әлемді тербеткен” анамызға әкем соғыстан былай деп жазған екен:
“Сен дағы аман боп тұр, сүйген досым,
Жүрегің мен деп соққаны шын болсын.
Тілеп жүр бір Алладан игі тілек:
Әрқашан аман бол деп тіккен қосым!
Сыйласып бірыңғай бол ата-енемен,
Сөз айтсаң бетіне кеп – қате дер ем!
Бұл кезде көз тоқтатар ешкімі жоқ –
Ермегі енді сенсің мәпелеген!
Балаға қолың тиіп, қақпа бірін,
Жүректен айтам саған іштің сырын.
Егер де сондай хабар бола қалса,
Көңілім саған деген болар қырын.
Қосылған жастай, қалқам, сен бір алма,
Бұл күнде ұшыраған мұндай халге.
Гүліне дүниенің қызығам деп,
Жамандық, әрбір түрлі ойға салма.
Анадан сен де қалған жетім болдың,
Тоқалдан әкең алған қорлық көрдің.
Қорлыққа шыдамауға белді буып,
Қол ұстап, Қасымыңа серік болдың”.
Бүгіндері анамыздың үрім-бұтағы болып жыл дұғасын өткізіп, Құран бағыштап, ас берген кезімізде менің мектептегі, өмірдегі ұстазым, соғыс ардагері Төкен Әбілқасымовтың қосағы Мәруар Рүстемқызын, соғыс ардагері Кәршал Кәлішұлының қосағы Кәмәш Елубайқызын, атты әскер командирі Орманғали Көшпаевтың анасы “Қара кемпір” атанған Бишан әжені, жауынгер Хайролла Сартбаевтың қосағы Ғизат апаны, жалпы барлық жауынгер аталардың тылдағы серіктерін де еске алып, тағзым етеміз!
Көкалажар ауылдық округінің әкімі, бауырым Кенжеболат Ахметжановтан әкеміз Қасым туралы естелік жазбақ болып Сарбұлақ ауылынан Ұлы Отан соғысына аттанып, елге оралған жауынгерлер мен сол соғыста қаза тапқан жерлестеріміздің тізімдерін беруді өтінген едім. Көңілге демеу болары – соғыстан елге тірі оралғандар тізімі басым екен. Бірақ өмір-өзен бастауын бұлақтан алып, үлкен теңіз-көлдерге құятындай кешегі тірі ардагерлер өткендер қатарына қосылып жатса да, олардың ұл-қыздары, немере-шөберелері өмірге келіп, ата-бабалар ісін мөлдір бұлақтардай жалғастырып жатыр. Сол бастаулар суалмасын, өмір-өзен тоқтамай ағып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Хайролла АХМЕТЖАНОВ,
Алматы облыстық мәслихатының депутаты, “Еңбекшіқазақ” газетінің бас редакторы,
ардагер журналист.