«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БҰЛ – БІР ДӘУРЕН


 

Алдымыздағы жылы өңіріміздің ғана емес, еліміздің де сая­си, әлеуметтік-мәдени, қоғамдық өмірінде мән-маңызы зор оқиға болғалы тұр. Ол – қазақ баспасөзі қарашаңырағының бірі, республикамыздың қиыр-теріскейінде тұсауы кесілген “Soltústіk Qazaqstan” газетінің бір ғасырлық ғұмыры. 

Бұл – қазақтың әлеуметтік-мәдени тұрмысындағы үлкен жетістік. Осы күнге куә болғалы отырған оқырман қауымның ішінде өзім де бармын және газеттің бүгінгі қызметкерлері аса мерейлі, қуанышта болуы тиіс деп ой түйемін.

Олай дейтінім, мен ес білгелі осы сүйікті басылымнан қол үзген емеспін. Айғақтап айтар болсам, газеттің “Ленин туы” атауымен біздерге жол тартқан кезінен күні бүгінге дейін ол – менің қалаулы серігім. Жасым 84-ке толған қазіргі ғұмырымда оны сырласымдай сезінемін. “Ленин туын” оқымаған адам өзінің тірлік-тұрмысының ортасында олқы көрінетін.
Осы тұста айтарым, өзім туып-ержеткен бұрынғы Совет, қазіргі Аққайың ауданының “Маңғұл” атанған ұжымшарындағы мектепте білім алған балауса күннен, үлкен аға-апалардың ғибраты ғой, оқуға, зейін-зердені өрлетуге ұмтылдық. Кітаппен, оқулықпен ғана шектелмей, білім, таным көкжиегін кеңейтуге “Ленин туы” арқылы да жол салдық.
Әттең, жетімдік, қолдың қысқалығы, соғыстан титықтап шыққан ауыр тұрмыс бізді оқумен қатар ауыр еңбекке де бейімдеді ғой. Сөйте жүріп ауыл босағасынан аттап, аудан орталығы Смирново ауылында орысша оқуыма тура келді. Сонда да ана тілімнен іргемді бөлмедім.
Мектепті күміс медальмен тамамдадым, бірақ қазақ тілін, ата-анадан дарыған туған сөзді өгейсітпедім. Қазір ойласам, бұл үлкен жетістік екен!
Бәрін жіпке тізгендей болмайын, тек 1967 жылы бұрынғы Соколов, Булаев, Совет, Ленин аудандарынан шетқиырлап жаңа Бескөл ауданы құрылғанда оның байланыс торабын басқару жүктелді. Көпқырлы байланыс қызметінің бір парасы – газет тарату ісімен айналысуға да тура келді.
“Ленин туының” әр жаңа нөмірі ауылдарға жол тартпай тұрып, менің алдымда жатады. Алдымен өзім айрықша ынта-ықылас аударамын, көп оқиғалармен танысамын, әсіресе, өткір мәселелер, шырайлы әңгімелер, очерктер көкейіме қона кетеді. Сөйте жүре газеттің көптеген “Мынау!” деген қаламгерлерімен таныс-біліс болып алдым. Өзіммен бір ауданнан түлеп ұшқан ағаларым – Мұхамедқали Нұрғожин, Рәшид Бәдірленов, Тұрысбек Кәдіров, Бақыт Мұста­фин (марқұмдар), кейін қосылған жас толқын дерлік Мәлік Мұқанов, Амандық Әбжанов, Мереке Тұралин (бұл інілерім де бүгінде қара жердің құшағында), сондай-ақ Жарасбай Сүлейменов, Болат Қожахметов, Зейнолла Әкімжанов және басқалар тың күшпен келіп басылым іргесін бекем етуге жігер жұмсағанын айту – парызым.
Бүгінгі “Soltústіk Qazaqstan” – кейінгі ұрпаққа ұлылардан жеткен тәбәрік. Басылымның 85 және 90 жылдық мерейтойларына орай шығарылған “Дәуір-дастан” және “Қарашаңырақ” кітаптарында есімдері толық тізімге енгізілген ұлт дарабоздарына қаныққанда айызың қанады!
Менің ойымша, ұлы Мағжаннан бастап, Смағұл Сәдуқасов, Қошке Кемеңгерұлы, Сәбит Мұқанов, Әбдірахман Айсарин, Сабыр Шәріпов, Әбілқайыр Досов, Мәжит Дәулетбаев, Мәлік Ғабдуллин, Жұмағали Саин, Диқан Әбілов, Әлжапар Әбішев, Әбділда Тәжібаев, Сафуан Шәймерденов, Жақан Сыздықов, Сейітжан Омаров, Асқар Тоқмағамбетов… Міне, мәдениетіміздің, әдебиетіміздің сүт бетіндегі қаймақтары – осылар газетте ой толғап, қалам ізін салғаны мақтаныш қой. Ұзын-ырғасы отыздан асып жығылады. Тап осы ретте біздің газеттің алдына елімізде “Egemen Qazaq­stan” ғана түсе алады!
Бұл – бір дәурен!
Ендігі сөз басылымның бүгінгі ахуалы. Таралымы ойды шідерлей береді. Оқырманның ықыласы жойылып бара жатқандай. Бұл қазіргі ұлт баспасөзінің бір сырқатына айналған сыңайлы. Оқырман ықыласы қайткен күнде ауады? Бұл үшін басылым айыпты дей алмаймын. Зор талпыныс, ой қозғайтын ұмтылыс, тапқыр тақырыптар, жақсы айдарлар баршылық. Қаламгерлер тың ізденістерге қол жеткізіп жүр. Бұларды көре білмес көз ғана байқамайды!
Басылымның таралымы қайткенде көбейіп, оқырмандар қатары молаяды? Бұл ретте мен мынадай ұсыныс айтар едім: бүгінде оқырмандар облыс өңіріндегі аудан орталықтарында, қалаларда тұрады. Олардың бәрінде, Құдайға шүкір, қазақ мектептері бар. Ендеше, мұғалімдеріміз неліктен газетті жаздырып алмайды? Газет тілшілері осы мектептерге барып, мұғалімдермен жанды, әсерлі әңгіме өткізсе – игі.
Екіншіден, осы бастаманы облыс орталығының университетінде, колледждерде де қолға алса – құба-құп. Айталық, Сәбит Мұқанов атындағы кітапхана, облыстық мұражайларды, қазақ театрын, жалпы қалың оқырмандарды қатыстыра отырып, жанды әңгімеге баурайтын үлкен басқосу ұйымдастырса, абзал.
Осындай игі істерді аудан орталықтарында да ұйымдастыруға болады деп ойлаймын. Оған әкімдердің әлеуеті жетеді. Тек, “Сен салар да, мен салар” болмай, газет тілшілері де әрекет етуі керек қой. “Киіз кімдікі болса, білек соныкі” емес пе?!
Жүз жыл – ғасыр айғағы. Ағайынның, қалың қалаулыңның, тілеуліңнің ортасынан табылғай, сүйікті “Soltústіk Qazaqstan”!

 

Тілек ӘБДІРАХМАНОВ,
еңбек ардагері.
Петропавл қаласы.


 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp