Солтүстікқазақстандық құтқарушылар үстіміздегі жылғы наурыз-сәуір айларында орын алуы мүмкін су тасқынының алдын алу мен зардаптарын жою бойынша құтқару және басқа шұғыл жұмыстарды жүргізуге арналған “Көктем – 2017” республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шарасы аясында кәсіби дайындықтарын пысықтады.
Қызылжар өңіріндегі оқу-жаттығуға облыс әкімінің орынбасары, облыстық көктемгі су тасқынына қарсы штабтың жетекшісі Антон Федяев басшылық етті. Аталмыш шараға облыстық жұмылдыру даярлығы, азаматтық қорғаныс, апаттар мен зілзалалардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру жөніндегі басқарма, төтенше жағдайлар жөніндегі департамент, барлық деңгейдегі әкімдіктер, азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар қызметтері, аумақтық органдардың құрылымдары қатысты.
Осыдан екі жыл бұрын көктемгі су тасқыны барысында облыс орталығында тұрғын үйлердің жер төлесін, саяжайларды су басқан болатын. Биылғы қыста да қар қалың жауды, сондықтан мұндай қауіп биыл да бар. Оқу-жаттығу сценарийі бойынша облыс орталығының су басу қаупі жоғары аймақтарының бірі болып табылатын Ойқала шағынауданы “су астында” қалды. Ернеуінен шыққан Есіл өзенінің тасқын суы жер үйлерді басып, жеке секторға залал келтірді. Ендігі кезекте құтқарушылардың міндеті – баспаналарын ағын су шайған тұрғындарды құтқару, оларға медициналық көмек көрсету, ауруханаға жеткізу, суға батқан адамдарды жағаға алып шығу. Адам өмірін өлімнен арашалауға арналған құтқару шараларына департаменттің 3 мың маманы мен 600-ден астам арнайы техникасы жұмылдырылды.
Бір жарым мыңдай адам тұратын шағынауданды қызылсу толық шаймауы үшін құм салынған қаптардан бөгет жасалып, қоршаулар нығайтылды. Бұл мақсат үшін екі “КамАЗ” инертті материалдар жеткізілді. Мамандардың айтуынша, облыс бойынша барлығы бір миллион тоннадам астам инертті материал әзірленген.
Құтқару шарасына қатысқан Ұлттық ұланның сарбаздары қоғамдық тәртіпті қадағаласа, өрт сөндірушілер санаулы минуттар ішінде болжамды өрттерді сөндірді. Ал суда жедел құтқару жасағының қызметкерлері суға батып кете жаздаған азаматтарға көмек көрсетті. Сөйтіп, өңір құтқарушылары командалық-штабтық оқу жаттығулар барысында берілген тапсырманы ойдағыдай орындап, жоғары дайындықтарын көрсете білді.
Шара соңында төтенше жағдай орын алған жағдайда тұрғындарды қауіпсіз жерлерге көшіру, қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелері назарда болу қажеттігі тағы бір ескертіліп, оқу-жаттығудың қорытындысы бойынша жауапты басшыларға тапсырмалар берілді.
Наталья ПОПОВА,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мемлекеттік тіл және ақпарат тобының маманы.