Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты Жолдауы ел экономикасы мен халықтың әл-ауқатын жақсартуға, жаңаша өмір сүруге дағдылану мен әлемдік дағдарыс ызғарын еңсеруге, елдегі бірлікті сақтауға бағытталған. Стратегиялық құжатта Президент кәсіпкерлікті одан әрі дамыту мәселелеріне тоқтала келіп: “Мемлекет сіздердің бизнестеріңізді дамытып, аяққа нық тұруларыңызға барлық жағдайды жасады. Бүгінгідей сын сағаттарда сіздерге үлкен жауапкершілік артылады. Жекешелендірудің жаңа легіне белсенді қатысыңыздар, қаржыны заңдастырып, ашық жұмыс істеңіздер. Қуатты ел болу – бәсекеге қабілетті болу деген сөз. “Қазақстанда жасалған” әрбір бұйымда төрт қасиет – сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана ісіміз өнімді, затымыз өтімді болады”, – деді.
“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ қабырғасы қаланғаннан бері елдегі шағын және орта бизнесті дамытуға елеулі үлес қосып келеді. Оны қордың солтүстікқазақстандық филиалының өткен жылғы жұмыс нәтижесінен де айқын аңғаруға болады.
2015 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасы Үкіметі “Бизнестің жол картасы – 2020” бизнесті дамыту мен қолдаудың Бірыңғай бағдарламасын бекітті. Оның қаржылай агенті “Даму” қоры болып табылады. Мұндағы “Даму” қоры ұйымдастыратын негізгі көмек – мемлекеттік демеуқаржы тетігі мен екінші деңгейдегі банктерден несие алуға кепілдік жасау. Демеуқаржы алу үшін банктің жылдық сыйақы мөлшерлемесі 16 пайыздан аспауы керек, сонда оның 7 немесе 10 пайызын мемлекет өз қаражаты есебінен жабады. Бүгінгі таңға дейін республика бойынша 6,5 мың жоба иесі демеуқаржы алды. Оның 7 пайызы солтүстікқазақстандық кәсіпкерлердің еншісінде. Бұл – жалпы құны 46 миллиард теңгеге бағаланған 455 жоба. Ондағы 6,8 миллиард теңгенің 145 жобасы 2015 жылы қаржыландырылды. Демеуқаржы бойынша біз өңірлер арасында 7-ші орындамыз.
Кәсіпкерлер екінші деңгейдегі банктерден несие алар кезде олардың қатал талабына ұрынып, қиналып жатады. Халықаралық тәжірибе шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан кепілдік жасаудың тиімділігіне көз жеткізіп отыр. Бүгінгі таңда республика бойынша “Даму” қоры арқылы 1641 кәсіпкерге кепілдік берілді. Соның ішіндегі 944,2 миллион теңгені құраған 69 кепілдік солтүстікқазақстандықтардың еншісінде.
Аталмыш қор қаржылай емес қолдау түрлерімен де кәсіпкерлікке көмек көрсетеді. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікке қызмет көрсету және қолдау орталықтары жұмыс істейді. Қолдау орталығының мобильдік тетігі арқылы бизнес-оқыту, кеңес беру мен сервистік қолдау түрлері жүзеге асырылады.
Петропавл қаласындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы 2013 жылдың 29 желтоқсанынан іске қосылды. “Бір терезе” қағидасы бойынша тегін қызмет көрсететін орталық кәсіпкерлерге бизнестің түрлі аспектілері бойынша кеңес береді. Онда бизнес-жобаның дайындалу үлгісі, заң бойынша мәселелер, мемлекеттік қолдау тетіктері, бухгалтерлік және салық есебі, тағы басқа ақпараттар қамтылады. Орталықта, сондай-ақ, семинар-тренинг пен шеберлік сыныптары тегін өткізіліп, жұрттың бизнеске деген белсенділігін арттырады. Өткен жылы орталыққа 4738 адам кеңес алуға келсе, оның 1649-ы – кәсіпкерлікті қолға алуға ойы барлар немесе бизнесті енді бастағандар. Жыл бойы 300 кәсіпкердің басын қосып, бизнесті тиімді жүргізудің жолдарын үйреткен 20 семинар өткізілді. Өңірімізде 2015 жылы 114 жеке кәсіпкерлік пен 10 жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің дүниеге келуі саланың жақсы көрсеткішін аңғартады. Олардың қатарында 39 жас бизнесмен бар. Орталықтың жанынан құрылған жедел топ наурыз бен қараша айларының аралығында аудандарға 76 рет іссапарға шықты. Топтың қызметіне сүйеніп, бизнестің түрлі тетіктері мен бағыттары бойынша кеңес алғандар саны – 866 адам.
“Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша бірнеше жоба жұмыс істейді. Мәселен, шағын және орта бизнестің топ-менеджментін оқыту жобасы Назарбаев Университеті мен шетелдің оқыту орталықтарының білікті тәлімгерлерін тартып, белді кәсіпкерлердің басшыларына оқыту шараларын ұйымдастырады. Оған қатысқан кәсіпкерлердің бизнеске көзқарастары түрленіп, бәсекелестікке қабілеттіліктерін шыңдауға, компанияларын жетілдіруге деген талпыныстары ұлғая түседі. Жоба басталғаннан бері өңіріміздің 57 кәсіпкер-басшысы осы оқытудан өтті. Оның 13-і кәсіпкерлер қатарына былтыр қосылғандар.
“Іскерлік байланыс” жобасы да – кәсіпкерлердің көпшілігін қызықтыратын бағыт. Онда отандық өндіріс орындары шетелдік және халықаралық ұйымдардың қолдауымен басқа елдерден өздеріне әріптес табуға, олармен іскерлік байланыс орнатуға мүмкіндік алады. Жоба екі кезеңмен ұйымдастырылады. Бастапқыда қатысушы елде өткен бизнес-тренингтерде болып, өзінің біліктілігін арттырады. Бұдан үздік шыққан бизнес-жобалар екінші кезеңге жолдама алып, шетелге бизнес-стажировкаға шақырылады. “Даму” қоры “Іскерлік байланыс” жобасын жүзеге асыра бастағалы өңіріміздің 77 кәсіпкеріне осындай көмек көрсетілді.
“Аға синьорлар” жобасы бойынша білікті шетелдік мамандар біздің елге келіп, өз тәжірибесімен, іскерлігімен бөліседі. Онда олар өндірісті басқару және білікті мамандарды қалыптастыру, технология мен құрал-жабдықтарды жаңғырту сияқты мәселелерге назар аударады. 2015 жылы солтүстікқазақстандық 6 кәсіпорын аталмыш жоба бойынша қолдау көруге өтініш түсірді. Олардың екеуіне, дәлірек айтсақ, Петропавл қаласын абаттандыру, көшелер мен ғимараттардың алдын көгалдандыру кәсібімен айналысатын “Айсин А.М.” жеке кәсіпкерлігі және GPS навигаторы бойынша жолаушылар көлігіне диспетчерлік қызмет көрсету жобасын қолға алғалы отырған “КоммунСевер” ЖШС-іне шетелдік мамандар шақырылды.
“Бизнеске сервистік қолдау көрсету” жобасы – іскерліктегі қағазбастылықты жеңілдету, барлық заңды іс-әрекеттерді оңай еңсеру үшін кәсіпкерге үлкен көмек көрсететін тетік. 2015 жылы 1228 кәсіпкерге 1798 сервистік қызмет көрсетілді.
Мереке СЫЗДЫҚОВ,
“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ өңірлік филиалының директоры.