«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ДАМУ” ҚОРЫНЫҢ ТИІМДІ ТЕТІКТЕРІ

“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ның басқарма төрағасы Қаныш Тілеушин онлайн режімінде өткізген конференцияда облыстық филиалдар арқылы байланысқа шыққан қазақстандықтардың сауалдарына жауап берді.

– Мемлекеттік грантқа қол жеткізу үшін қандай құжаттар қажет?

– Алдымен гранттар “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы шеңберінде берілетінін естеріңізге саламын. Бұл – барлық өңірлерде жұмыс істеп жатқан тетік. “Даму” қоры грант қаржысының мақсатты жұмсалуын қадағалайды. Өңірлердегі Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы оған қатысты барлық кеңестер мен ақпараттарды береді. Сондағы менеджерлер қандай құжаттардың қажет екендігін айтады және оларды дайындауға көмектеседі. Мемлекеттік қор ұтымды деп танылған бір жобаға 3 миллион теңгеге дейінгі қаржы бөледі. Конкурстық негізде ұйымдастырылатын бұл тетікке қатысу үшін облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасына өтініш білдіресіз.

– Ісін жаңадан бастап жатқан кәсіпкерге қандай көмектер көрсетіледі?

– Жасыратыны жоқ, несие беретін екінші деңгейдегі банктер ісі қалыптасқан, жақсы көрсеткіштері бар кәсіпкерлермен жұмыс істеуге басымдық береді. Өйткені, жаңа бизнестің тәуекел тұстары көп. Алайда, қор жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін бірқатар тетікті қолға алған. Соның бірі – екінші деңгейдегі банктерден алынған несиелердің жылдық өтемақысының 10 пайызына демеуқаржылық қолдау көрсету. Сондай-ақ, банктен алынатын несиенің 85 пайызына кепілдік бере алады. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына барып, өзіңізге қатысты барлық ақпараттарға қанығуға болады.

– Бұрыннан кәсібі бар адам басқа бағыт бойынша жаңа бизнеске қадам басса, ол жас кәсіпкерлер қатарына жата ма?

– Жаңадан іс бастап жатқан кәсіпкерлер санатына жату үшін банктен несие алуға өтініш білдірген кәсіпкердің мемлекеттік тіркеуден өткеніне үш жылдан артық уақыт өтпеуі керек.

– “Startup “Bolashak” байқауы 2017 жылы жалғасын таба ма? Бағдарламада өзгерістер бола ма?

– Бұл – “Болашақ” түлектері қауымдастығы ұсынған жоба. “Даму” тарапынан әдістемелік және кеңес беру жұмыстары жүргізіледі. Болашақтықтардың қалай ойлайтынын білмейміз, ал біз оны тиімді бағдарлама ретінде әрі қарай жалғастыруды көздейміз. Ол биыл екінші жыл ғана өткізілді. Жобаның мақсаты – бизнеске ебі бар, белсенді жастарға қолдау көрсету, көптің кәсіпкерлікке қызығушылығын ояту. Бағдарлама өткен жылы қанатқақты жоба ретінде жүзеге асты. Биыл ол айтарлықтай жетілдірілді.

– Банктер беретін несиенің жылдық өтемақы мөлшері өте жоғары. “Даму” қоры бизнеске басқа баламалы ұсыныс жасай ала ма?

– Біз банктердің кредиттерінің өтемақы мөлшерін талдап отырамыз. Бүгінгі көрсеткіш – 16,2 пайыз. Жылдық өтемақы 19 пайыздан басталған күннің өзінде, барлық облыста мемлекеттік қор есебінен кәсіпкерлікті 8,5 пайызбен қаржыландыру бағдарламасы іске қосылған. Кәсіпкерлер осы тетікті пайдаланып, банк төлемдерін азайтуларына болады.

– Наубайхана ашсам деймін. Оған қордың қандай көмегі болады?

– Бұл – бизнестің кең тараған түрі. Бағыт басым секторлардың тізіліміне кіреді. Оған 10 пайыз демеуқаржы беріледі. Кәсіпкерлікке мемлекет тарапынан көрсетілетін басқа да көмектер жайында мекеменің қызмет көрсету орталығының мамандарынан толық ақпарат алыңыз. Старттық бизнеске несие беретін банктер тізімінде “Қазақстанның Халық банкі”, “Сбербанк”, “БанкЦентрКредит”, “АТФ банк” сияқты қаржы институттары бар. Несие қажет болса, осы банктердің біріне барыңыз. Олар – мемлекеттік бағдарлама бойынша жұмыс істеуге шарт жасаған қаржы орталықтары. Несие мөлшері 20 миллионға дейін, жылдық өтемақы деңгейі 19 пайыздан аспауы керек, несие өтемі үш жыл деп белгіленген. Банкке кепілдікке қоятын мүлік жетпесе “Даму” қоры несиенің 85 пайыз кепілдігіне қолдау көрсетеді.

– “Даму” қорының қолдауымен жекеменшік балабақша ашсам деймін. Ол үшін қордың кәсіпкерлік тренингінен өтіп, сертификат алу міндетті ме?

– Бұл бағытқа “Даму” қорының бірқатар мемлекеттік көмектері бар. Банктен алған несиенің жылдық өтемақысының 10 пайызын демеуқаржымен жабу, 50-ден 85 пайызға дейін кепілдік тетігін пайдалану мүмкіндігіне ие боласыз. Тренингке қатысу міндетті емес, бірақ онда бизнеске қатысты біраз ақпараттар алуға болатындығын да естен шығармаңыз.

– Менің аудан орталығында үйім бар. Банктен несие алу үшін оны кепілдікке қоя алмай отырмын. Неге?

– Банк облыс орталығынан алыс орналасқан аудандардағы жылжымайтын мүліктерді кепілдікке ала қоймайды. Себебі, кәсіп дамымай, несие төленбей қалса, арзан бағаланатын кепіл мүлкі несиенің орнын толтыра алмайды. “Даму” қорының банктердің кепілдік және кредит саясатына араласуға құқығы жоқ. Бизнес-жобаңызды жүзеге асыру үшін 15-тен 50 пайызға дейін өз қаржыңыз болу керек. Жаңадан басталған бизнеске – 15 пайыз, бұрыннан бар кәсіпкерлік 50 пайыз қаражат жинауға тиіс. Онымен банкте депозит ашып, кепілдіктің қалған бөлігіне “Даму” қорының кепілдік тетігін пайдаланыңыз.

– Германия мемлекетіне барып, кәсіби біліктілігімді арттырғым келеді. Соған қатысты қандай кеңес бересіз?

– “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының “Іскерлік байланыстар” бағыты бойынша шетел кәсіпорындарында тәжірибе жинап қайту мүмкіндігіңіз бар. Ол үшін, ең алдымен, Алматы немесе Астана қалаларында өткізілген оқытуларға қатысуыңыз керек. Содан кейін арнайы құрылған комиссия сізбен жеке әңгіме өткізіп, бизнеске бейімділігіңізді, мақсатқа жетуге деген құлшынысыңызды байқайды. Бүгінде бұл жобаны Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы жүзеге асырады, өтінішті сол жаққа білдіресіз. Шетелге жету жолақысы республикалық бюджет есебінен төленсе, жатын орын мен басқа да шығындарды шақырған жақ өтейді.

Дайындаған

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp