«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДҮРЛІКТІРУДІҢ СОҢЫ – ЖАЗА

Соңғы жылдары еліміз бойынша халық көп жиналатын жерлерге “бомба қойылды” деген жалған ақпарат беру жиіледі. Мекеменің әлеуметтік-экономикалық жұмыс ырғағына нұқсан келтіретін мұндай жалған хабарлар тұрғындар арасында үрей туғызып, адамдардың тыныштығын бұзары сөзсіз. Осыған орай облыстағы ахуалды білмек болып Солтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің экстремизмге қарсы күрес бөлімінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Спартак Қабденовпен әңгімелескен едік.

– Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде терроризм актісі туралы жалған хабарлама жасаған адамға құқықтық жауапкершілік қатаңдатылды. Қолданыстан алынған ескі Қылмыстық кодекстің 242-бабына сәйкес 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру, айыппұл төлеу сияқты жеңіл жазалар қарастырылған болатын. Ал жаңа Қылмыстық кодекстің 273-бабы бойынша лаңкестік актiсi туралы көрiнеу жалған хабар беру ауыр қылмыс түріне жатқызылды. Онда: “Дайындалып жатқан терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады”, – делінген. Ал кәмелеттік жасқа толмаған балалар тарапынан жасалса, ата-анасына айыппұл салынады, ішкі істер органдарының есебіне алынып, ұдайы бақылауда болады. Сондай-ақ, баланың шалалықпен жасаған бұл қателігі өмір бойы алдынан шығып, белгілі бір қызметке орналасуына кедергі де болуы мүмкін.  

– Осы күнге дейін жалған терроризмнің қанша фактісі тіркелді?

– 2013 жылдан осы күнге дейін 15 факті тіркелді. Оның онын ересек адамдар жасаса, бесеуі – кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі. Мәселен, үстіміздегі жылдың 26 сәуірі күні өңіріміздегі үш сайлау учаскесіне бомба қойылғандығы туралы хабар түсті. Тексере келе, ақпараттың жалған екені анықталды. Жалған ақпар берген кісі Астана қаласынан хабарласқан Павлодар облысының тумасы болып шықты. Спирттік ішімдіктің әсерінен хабарласқанымен, ол 3 жылға бас бостандығынан айрылды. Сондай-ақ, 2013 жылы наурыз айында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығында әйел адам жергілікті дәмханалардың біріне жарылғыш зат қойылғандығын хабарлаған. Тексеріс жүргізу барысында аталмыш әйел ұсталды. Ол сол күні Наурыз мейрамын тойлап, ішімдікке сылқия тойған. Ал аталмыш дәмханада таныстарының отырғанын естіп, сондай заңсыз әрекетке барған. Ол да соттың шешімімен 3 жылға бас бостандығынан айрылды. Аталмыш ауданда 5-сыныптың оқушылары үзіліс кезінде Көкшетау қаласының “Жедел жәрдем” қызметіне хабарласып, жарылғыш заттың қойылғандығын хабарлаған. Тексеру кезінде хабар Ғабит Мүсірепов атындағы Ломоносовка ауылынан түскені анықталды. Сондай-ақ, 2013 жылы 12 наурыз күні облыс орталығындағы дүкендердің біріне белгісіз біреу хабарласып, жарылғыш зат қойылғандығын хабарлаған. Тексере келе, оның Шығыс Қазақстан облысындағы Шар қаласында тұратын 5-сынып оқушысы екендігі анықталды. Мұны сол өңірдегі әріптестеріміз арқылы анықтап, істі сол жаққа жібердік. Бала ойнап отырып, ойына келген нөмірді алып, Петропавлдағы дүкенге түскен. Жалпы жалған терроризм бойынша хабарласатындар – алкогольді ішімдікті тұтынғандар, оң мен солын танымайтын балалар және ақыл-есі кем адамдар. Соңғылары денсаулығына байланысты жауапқа тартылмайды. Олар тек арнайы ауруханаларға жатқызылады.

– Телефон терроризмі бойынша істі болған ересектердің де, жастардың да бұлайша сүрінуіне не себеп?

– Менің ойымша, біріншіден, білместік. Ұялы телефонмен хабарласып, оны сөндіріп тастасам, не лақтырып жіберсем, мені анықтай алмайды деп ойлайды. Қазіргі таңда қолымыздағы технологиямен біз жалған хабар берген кісіні бір сағаттың ішінде таба аламыз. Екіншіден, жалған терроризм бойынша жазаның қатаң екенін білмейді. Істері сотқа барып, судья тағайындалған жазаны оқыған кезде өзектерін өкініш өртейді. Екіншіден, жауапсыздық. Себебі, мектепте, ауруханада, вокзал сияқты адамдар көп жиналатын әлеуметтік нысандарда жарылғыш зат қойылғандығы хабарланған кезде біз заң бойынша оны тексеруге міндеттіміз. Яғни, ондағы адамдарды қауіпсіз орынға шығарып, нысанның іші-сыртын тексеріп шығамыз. Бұл үшін бірнеше органның мамандары, техникасы жұмылдырылады. Облыс орталығындағы нысандардың біріне жарылғыш зат қойылғандығы туралы ақпарат түссе, тек ішкі істер органдарының 100-ден аса маманы дабылмен көтеріледі. Дәл осылай өзге де құрылымдардан көптеген мамандар тартылады. Бір сөзбен айтқанда, біреудің бұзақылығы екіншісінің ойынының кесірінен өзгелердің өміріне қауіп төніп, атқарылуы тиіс жұмыстары кейінге қалдырылады. Мәселен, осындай жалған хабар ауруханаға қатысты айтылса, біз жан сақтау бөлімінде ауыр халде жатқан адамды қауіпсіз жерге көшіреміз. Мүмкін, оны орнынан қозғау өміріне одан зор қауіп төндіретін шығар? Бірақ біз суыт хабар түскеннен кейін ешкімді нысанда қалдыра алмаймыз.

– Осындай жалған терроризмнің алдын алу үшін ақпараттық жұмыспен кеңінен айналысу керек шығар?

– Соңғы жылдары аталмыш факті бойынша қылмыстардың көбеюіне байланысты облыстық білім басқармасымен, прокуратурамен, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесе жұмыс атқарудамыз. Сондай-ақ, мектептердегі инспекторлар Қылмыстық кодекстің осы бабын түсіндіру бойынша балаларға арнайы сабақтар өткізуде. Бұрын мектеп оқушыларына жалпылама түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, қазір әр баламен жеке-жеке сөйлесеміз. Ересектер аудиториясына арналған бейнероликтер бар. Олар жергілікті телеарналарда көрсетілсе, баспа беттерінде жалған терроризм бойынша болған фактілерді және соттың шығарған үкімін жариялаудамыз.

Сұхбаттасқан

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp