Кеше Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшелері Петропавлдағы қазақ мектеп-гимназиясында, қалалық оқу орындарында “Дінтану негіздері” курсын жүргізетін ұстаздармен кездесті.
Жастардың теріс пиғылды діни ағымдардың жетегінде кетпеуі үшін не істеу керек? Мектептерде 2009 жылдан бастап оқытылып келе жатқан “Дінтану негіздері” курсының мұғалімдеріне қандай мәселелерге мән берген жөн? Дәстүрлі дін жайында толық ақпаратты қайдан алуға болады? Ақпараттық-насихат тобы осы сынды мәселелер аясында сұхбат жүргізді. Кездесу онлайн режімінде өтті. Оған облыс бойынша 63 оқу мекемесі қосылды.
Өңіріміздегі діни ахуал тұрақты болғанымен, жат ағымдардың жетегінде кеткен жастар қатары аз емес. Теріс ағымдардың құрсауына да тез түсетін жастар. Мұндай жолға олар діни білімдерінің таяздығының кесірінен тап болады, дейді Павлодар қаласындағы “Әбу-Бәкір Сыддық” медресесінің директоры Бауыржан Отарбаев. Ол өскелең ұрпақ бойында діни иммунитет қалыптастырудың маңызына тоқталды. Оқушылар ақ пен қараны ажырата білу үшін мектептен бастап дәстүрлі дін жайында мағлұматты молынан беру керек, деп санайды ақпарат-тықнасихат тобының мүшелері. Мектептегі дінтану факультативін жүргізетін ұстаздар мен дәстүрлі дін өкілдері арасында байланыс болуы тиіс. Мектепте дәстүрлі дін өкілдерінің қатысуымен “дөңгелек үстелдер”, семинарлар мен сұхбат алаңдарын жиі өткізіп, оқушыларға жат ағымдар жайында ақпаратты молынан берудің тәсілдерін жан-жақты қарастыру қажет, деген топ мүшесі – “Әзірет Сұлтан” мешітінің ұстазы Мақсат Қайырғали әріптестеріне толғандырған сұрақтары болған жағдайда muslim.kz діни сайтына жолдауларына болатындығын айтты.
Бұл ақпараттық-насихат тобының облысымызда өткізген соңғы кездесуі болды. Олар бұған дейін, Уәлиханов, Ақжар, Тайынша, Ғ.Мүсірепов атындағы, Айыртау аудандарында болып, ондағы әр саланың өкілдерімен кездесіп, мешіт жамағатымен сұхбаттасып, түзеу мекемелеріне де барды.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.