«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІ – БІЛІМДІ ЖАС

Осыдан жиырма жыл бұрын ұсынған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы іс жүзінде орындалып, елордамыз Астанада Еуразиялық экономикалық одақты құру жөніндегі шартқа қол қойылды. Бұл келісімнің маңыздылығын ұғып, одақтың қызметін өз мемлекетіміз үшін тиімді пайдалана білуіміз керек. 

Қандай жиын болсын, Мемлекет басшысы Қазақстанның Тәуелсіздігі ең басты құндылық екендігін айтып жүр. Сол себепті де Мәңгілік Елге айналу, ел экономикасын дамыту, жалпыға бірдей еңбек қоғамын қалыптастыру жолында жасалып жатқан батыл қадамдарға ұстаздар қауымы қашан да қолдау білдіреміз.

Елбасы өнеркәсіпті дамытуда, индустриялық базаны, қуатты кадрлық резервті қалыптастыруда, интеллектуалдық, мәдени әлеуетті күшейтуде Еуразиялық экономикалық одақ жұмысын тиімді пайдалана отырып, білімді ұрпақ тәрбиелеу керектігін айтты. Ал білімі мен біліктілігі жоғары азаматтарды тәрбиелеу – педагогтердің басты міндеті екені сөзсіз. Ел ертеңін ойлай отыра, мектеп ұстаздары балалардың бойына білім нәрін сіңіруде аянбақ емес. Біз білім ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты құралы екенін жақсы түсінеміз.

Мектебімізде оқушылардың қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік білуіне айрықша мән берілуде. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сыни ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеруге мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, мектепте оқушылардың техникалық мамандықтарға деген қызығушылығын арттыру мақсатында бірқатар шаралар жүзеге асырылып келеді. Мәселен, робот техникасы үйірмесіне қатысушылар Ресейдің бірқатар көрмелеріне, байқауларына қатысып, жеңіспен оралды. Алдағы уақытта Қазақстанда робот техникасының дамуына айырықша көңіл бөлінетініне сенімім мол. Мемлекет басшысы да 2050 жылға дейінгі екінші және одан кейінгі бесжылдықтарда мобильді, мультимедиялық, нано және ғарыштық технологиялар, робот техникасы, гендік инженерия салаларын дамыту, болашақтың энергиясын іздеу мен ашудың негізін салу қажеттігін атап көрсеткен болатын.

Робот техникасы саласына соны серпін берілсе, ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосатынына сенімдімін. Алдағы уақытта үйірме мүшелері өз өнімдерін шетелге де шығаруды мақсат етіп отыр.

Данияр УӘЛИЕВ,

№16 орталау мектептің директоры.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp