«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ БАСҚАРУ – ЖАУАПТЫ МІНДЕТ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында алдымызда кәсіби мемлекеттік аппарат құру міндеті тұрғанын, ол үшін халыққа және мемлекетке қызмет ету қағидаттарына сәйкес бірінші кезекте мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру, заңдылықты қатаң сақтау және тұрғындарға сапалы қызмет көрсету міндеттері жүктелетінін атап өтті.

Аталмыш мәселені шешудің маңызды түйіні басқарушылық қызметтің тиімділігі болып табылады, өйткені, көп ретте ұйымның функционалдық жағдайы оның нәтижесіне байланысты. Сондықтан осы міндетті жүзеге асыру үшін оңтайлы, жеке өз мүдделерін көздемейтін өзара байланыстар құруға қабілетті, мемлекеттік басқарудың әлеуметтік міндеттерін жүзеге асырудың сапасына қатысты жауапкершілік деңгейі жоғары қызметкерлер қажет.

Осыған орай көшбасшылық туралы мәселе тегін туындап отырған жоқ, тиімді көшбасшылық басқару үдерісін барынша оңтайландыруға ықпал ететін басшылық құрамы бөліктерінің бірі болып табылады. Табыс сыры – мемлекеттің реформаны уақытынан оза жүргізе отырып, қоғамның сұраныстарына уақтылы жауап беру қабілеттілігінде.  

Елбасының ойлы, сындарлы саясаты Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы қуатты серпілісті қамтамасыз етті. Бұл орайда 1997 жыл шешуші жыл болды, онда күрделі экономикалық, Азиялық дағдарыс жағдайларында Президент халыққа 2030 жылға дейінгі даму жолы Стратегиясын жариялады. Көшбасшылық факторы дәл осында – шешімді кезеңдерді айқындай отырып, алдағыны көре білуде, ұлтты биік мақсаттарға қол жеткізуге жұмылдыруда.

Егер мемлекеттік қызмет туралы айтар болсақ, онда сөз етерлік бағыттардың бірі корпоративтік басқару қағидаттарына негізделген жинақы, тиімді Үкімет құру болып табылады. Және Стратегияның алғашқы онжылдығының ішінде оның қажетті заңнамалық және институттық базасы құрылып болды. Айталық, Қазақстан 1999 жылы бұрынғы кеңестік кеңістікте бірінші болып Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік құрды. 2000 жылы “Мемлекеттік қызмет туралы” Заң қабылданды, 2005 жылы мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексі енгізілді. Біздің мемлекетіміз бұрынғы Одақ республикалары ішінде бірінші болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама қабылдады.

Нұрсұлтан Назарбаев егемен мемлекеттің және әлемдік қауымдастықтың осызаманғы саяси тарихына тәуелсіз Қазақстан Республикасының қабырғасын қалаушы ретінде ғана емес әрі тамаша стратег және әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалардың ұйымдастырушысы ретінде де енді.

Елбасы “Нұр Отан” партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумында мемлекеттік қызметшілерге арнаған сөзінде мынадай әдеп нормаларына назар аударды: “Ол билігін және өкілеттілігін жүргізе білуі тиіс және адал болуы, өзінің қара басының қамы үшін емес, мемлекет игілігіне жұмыс істеу қажет, мемлекет қаржысын қалтасындағымен шатастыруға тиіс емес. Шенеунік “Немен күн көремін?” деген сұрақтан қорықпай өмір сүруге тиісті, шектен шыққан байлыққа кенелмеуі керек. Заң талабымен толық сәйкестікте өмір сүру маңызды. Кез келген орында, кез келген лауазымда қандай да жағдайда болсын халықтың, өз елінің азаматтарының сенімін жоғалтпайтындай жұмыс істеу қажет. Қазақстанның мемлекеттік қызметшісі әділдіктің, қарапайымдылықтың үлгісі болуы, адамдар арасында өзін ұстай білуі керек. Ұжымды басқармас бұрын ол алдымен өзі бағыныштылыққа үйренуі, өз қызметшілерінен талап еткенді өзі де орындай білуі тиіс. Егер мемлекет мүддесіне залал жасалып жатқанын немесе жемқорлық іс-әрекеті дайындығы барын байқаған болса, оған шұғыл араласуы қажет”.

Мемлекеттік қызмет бүгінгі таңда кәсіптілікті өте қажет өтетін сала болып саналады, тек мемлекеттік аппаратта ғана шешімдер қабылдау салмақтылықты, жауапты көзқарасты, тәжірибені қажет етеді, ал саяси шешімдердегі қателіктердің әлеуметтік зардабы жекелеген адамға емес, барлық қоғамға тиеді.

Ел Президенті Қазақстан дамуының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарына сәйкес мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру хақында маңызды міндет қойды. Ол үшін ел тұрғындарына мемлекеттік қызметтер сапасын жақсарту, тұтастай алғанда мемлекеттік қызметшілерді даярлауға қоса, мемлекеттік қызмет реформасын жеделдету қажет.

Мемлекеттік қызметте жоғары білімдері бары – 3870 адам немесе 83 пайыз (2011 жылы – 3661 немесе 79 пайыз), соның ішінде 563-нің – бірнеше білімі бар, 10 – ғылым кандидаттары, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында оқу бітірген – 10 және “Болашақ” бағдарламасы бойынша оқыған 4 адам бар. Орта біліммен қызмет ететіндер 4 адам немесе 0,1 пайыз (2011 жылы – 967 немесе 21 пайыз).

Мемлекеттік қызмет өтілі бойынша неғұрлым көп үлесті – 5-тен 10 жылға дейін – 1136 адам алады немесе 24,4 пайыз.

Бүгінде мемлекеттік қызмет үшін кадрлар даярлау мен оқыту алдыңғы шепке шықты. Еліміз экономикаға, біздің индустриялық қуатымызға және ғылымға ғана емес, қазақстандық қоғамның барлық тұрмыс жағдайына ықпал ететін инновациялық даму кезеңіне аяқ басты. Осызаманғы Қазақстанға жоғары кәсіби ғалымдар мен инженерлер ғана емес, сондай-ақ, даму бағдарламасын қалай бастауды білетін, олардың орындалуын нақтылап, ойластырып және кәсіби ұйымдастыра алатын мемлекеттік қызметшілер де қажет.

Ел Президентінің 2004 жылғы 11 қазандағы №1457 Жарлығымен мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктіліктерін көтеру ережесі бекітілді.

Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік өте маңызды миссияны атқарады – ол қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру мәселелерінде барлық мемлекеттік органдар қызметін үйлестіреді, тиісті нұсқамалар жасайды, жұмыс істеп тұрған оқыту ұйымдарының қызметіне жетекшілік етеді, аталмыш саладағы іс жағдайын сараптайды, нұсқамалар дайындайды, бөлінген бюджеттік қаржының пайдаланылуын бақылайды.

Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметшілерді оқыту инфрақұрылымына ел Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, өңірлік оқыту орталықтары (ӨОО), “Мемлекеттік қызметтің қызметшілерін басқару жөніндегі Ұлттық орталық” АҚ және басқа білім беру ұйымдары енеді. Мемлекеттік қызметшілерді оқыту жүйесіне орталықтағы сияқты өңірлік деңгейлерде де бірыңғай талаптар, мақсаттар және міндеттер енгізіледі. Бұл ретте жаңа оқыту алаңдары құрылуда. Мемлекеттік қызметшілер қатары сол сияқты “Болашақ” бағдарламасы бойынша оқудан өткен жас мамандармен толығуда.

Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті тұрақты негізде облыстың мемлекеттік қызметшілерінің уақтылы қайта даярлаудан және білімдерін көтеруден өтуінің мониторингін жүргізеді. Мысалы, 2007 жылдан бастап 2013 жылдың соңына дейін мемлекеттік қызметшілерді өңірлік оқыту орталығында – 8132, Мемлекеттік басқару академиясында – 339, салалық оқу орындарында – 2421, шетелдерде 24 адам оқудан өтті.

2013 жылдың 26 наурызынан бастап мемлекеттік қызметтің жаңа жүйесі туралы заң күшіне енді. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейтуді, мемлекеттік қызметшілерді іріктеудің мөлдірлігін арттыруды, меритократия, яғни үздік кадрларды жоғарылату қағидатын енгізуді қамтамасыз етеді.

Светлана ЗАЙЦЕВА,

Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің облыстық департаменті

басшысының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp