Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы бір топ жаңа кітаппен толықты. Жас оқырмандарымыз бұл жолы “Аруна” баспасынан шыққан “Тыңда, балам, ертегі” топтамасымен жарық көрген “Қарлығаш пен дәуіт” атты ертегілер жинағын алып оқи алады. Бұл кітапта “Екі қаз, бір бақа”, “Ит пен мысық адамға қалай үйренді?”, “Құмырсқаның қанағаты” сияқты қазақ халқының ертегілері топтастырылған.
Кішкентай балалар “Қайда? Қашан? Неге? Неліктен?” деген сан алуан сұрақтарға жауап іздесе, олардың назарына “Анау не? Мынау не?” деген танымдық кітаптарды ұсынамыз. Сондай-ақ, табиғат туралы сұрақтарға да жауап алатын қызықты кітаптар бар. Әр сұраққа толық жауап жазылған кітаптар ішінде “Қызықты деректер”, “Біліп ал!” айдарлары берілген. Бұл балалар үшін таптырмас ақпарат көзі болып табылады.
Сөздерді шапшаң айтуға үйренгісі келген оқырмандарға балалар ақыны Қастек Баянбайдың “100 жаңылтпаш-өлең” кітабын оқуға кеңес береміз.
Майра МАҚЫШЕВА,
Ғабит Мүсірепов атындағы
облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының библиограф маманы.