«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕР ДӘУЛЕТІ — ЕҢБЕК

Үлкен жол жанай өтетін Рассвет ауылының келешегі зор. Мал ұстап, жеке шаруашылықпен айналысамын деушілерге де, Петропавлға қатынап жұмыс істеймін дейтіндерге де қолайлы жер. Сондықтан да шалғай ауылдардан облыс орталығына қарай үдере көшкендердің кейбіреуі осында тұрақтап қалып жатыр.

Ауылда төрт түлікті ырыс көрген шаңырақтардың қатары қалың. Солардың бірі – Жакеевтер отбасы. Бұл отбасы 2001 жылы Өзбекстаннан қоныс аударған. Атамекенді аңсап жеткен отандастарымыз құтты қоныс іздеп біраз ауылдарды аралап көрген екен. Іздеген жерұйықтарын Рассвет ауылынан тауыпты.

Содан бері он бес жылға жуық уақыт өтті. Жергілікті халықпен тіл табысып, жаңа ортаға сіңісіп кеткен Ерғали Жакеев бертін келе өз кәсібін ашуға бел буады. Сол шешімінің арқасында бүгін Рассвет ауылында екі бірдей азық-түлік дүкені жұмыс істеп тұр. Кәсіпкерлігін әрі қарай дамыту мақсатында әрі жастардың кешкі уақытты қызықты ұйымдастыруы үшін және ауылдағы жиын-тойларды өткізуге “Рассвет” дәмханасын да ашты. Жетпіс орындық шағын дәмхана қазір ауылдың да, көршілес орналасқан елді мекен тұрғындарының да қажетіне жарап тұр.

Отбасылық кәсіптің аясын кеңейтіп, оның қиындығын бірге еңсеріп жүрген Ерғали мен зайыбы Айгүл – ауыр еңбектен беттері қайтпайтын жандар. Дүкендері мен дәмхананың жұмысын бір ізге түсірген олар төрт түлік малдың да бабын тауып, ырыстарын еселеп отыр. Бүгінде иеліктерінде 15 жылқы, 47 сиыр, 80-ге жуық қой-ешкі бар. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында жеңілдетілген пайызбен 5 миллион теңге несие алып, қара малдың санын көбейтуді көздейді.

Алдына осындай мақсаттар қойып, оған жету жолында қажырлы еңбек етіп жүрген Ерғали бұл кәсіптердің басын қайыру үшін өзіне тиесілі техника болуы керек екенін жақсы түсінеді. “Сауда-саттыққа да, мал шаруашылығымен айналысуға да керек техникалардың барлығын сатып алдым. Осының арқасында жылдан-жылға қарасы көбейіп келе жатқан малдың қысқы азығын да уақытында әзірледім. “Кісідегінің кілті аспанда” демекші, бүгінде өзіңнің техникаң болмаса, кәсіпті бастап та қажеті жоқ. Тапқан-таянғаның техника жалдаудан артылмайды. Өз күшіммен жинаған 80 тоннадан астам көк шөптің арқасында қыстан қысылмай шығамыз”, – дейді ол.

“Жігітке жеті өнер де аз” дегендей сегіз қырлы бір сырлы Ерғали – өзінің елгезектігімен, еңбекқорлығымен ауылында да, ағайын-туыстарының ортасында да беделді азамат. Ұлы Бүркіт пен қызы Мәдинаның алаңсыз білім алуы үшін “таңның атысынан, күннің батысына” дейін бір тыныштық көрмей, жұмыс істеп жүрген азаматтың ұстанымы – “Кедейлік кетсін десең, еңбек ет, молшылық жетсін десең, еңбек ет”, деген халық нақылы.

Зағипа АХМЕТОВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp