“Кешегіні бүгін ұмыту парасаттылыққа жатпайды” деген ұғымды ешқашан жадымыздан шығармауға міндеттіміз. Осы орайда бүгінгі Шал ақын ауданына елеулі еңбек сіңірген Социалистік Еңбек Ері Есім Шайкин жайлы бірауыз сөз айтуды азаматтық парызым деп білемін.
Ел қамын өз басынан артық ойлаған Есім Шайкенұлы аудан тізгінін қолға алған сәттен-ақ өзіне жүктелген жауапкершілік жүгін қара нардай көтеріп, халық мүддесін бәрінен де жоғары қоя білді. Кішіге де, үлкенге де ілтипатты болып, әрбір адамның жүрегіне жол тапты.
Есім Шайкенұлы қызмет бабында қаншалықты талапшыл да қатал болғанымен, күнделікті өмірлік жағдайларда айналасындағыларға соншалықты мейірбан басшы еді. Жұмыс барысында жүзінен кім де болса именіп, сөзінен кім де болса тайқақситын. “Алдыңдағы ағаның етегін баспа, жолын қу, артыңдағы ініңнің бетін қақпа, белін бу” деген халықтық қағиданы есінен шығармаған Есекең қалғып-мүлгіп жүретін кеңшар басшыларын “ұйқыларынан оятып”, дүр сілкіндіріп, ауылаймақтың тазалығын сақтауға, көшелерге ағаш отырғызуға жұмылдырушы еді. Ауызсу, автобус қатынасы, мектептердің жағдайы, тұрғын үй салу, жастардың бос уақытын мәнді де мағыналы өткізу мәселелерін назарынан шығармай, үнемі қатаң қадағалап отыратын. Есім ағаның жүріс-тұрысы, жұртқа жұғымды мінезі, бір сөзінен, бір сөзін оздырып айтатын шешендігі – бәрі-бәрі кімді болса да өзіне тартып, баурап алатын. Сондықтан да болар, жұрттың бәрі оны қатты сыйлап, айтқан сөзін ықыласпен тыңдап, “Бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарған” ұйымшылдықпен еңбек етті. Әсіресе, аудан орталығы – Сергеевка қаласы адам танымастай өзгеріп, көркейген кез еді ол. Осындағы май-сүт зауытының, балық өңдеу, тігін фабрикаларының жұмысы алға басып, атақтары шығып тұрды.
Қазіргі кейбір басшылардың қылығына қарасаң қарның ашады. Сондайлардың сөз жүзіндегі “елге жанашырлығының арқасында” кей ауылдағы бұрын жастар баратын клуб бүгінде гаражға айналған… Осындай кереғарлықты көргенде “Ер Есімдей ер қайда?!” деп күрсінесің еріксіз…
Әскер НҰРМҰҚАНОВ.
Астана қаласы.