«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСЕЛІ ЕҢБЕКПЕН ҮЛЕС ҚОСАМЫЗ

Биылғы жыл Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейтойымен және Солтүстік Қазақстан облысының 80 жылдық мерекесімен айшықталып отыр. Әрине, Тәуелсіздік алған 25 жыл тарих үшін қас қағым ғана сәт. Бірақ өткен күндерді уақыт таразысына салсақ, осы жылдары мем­лекетіміздің сан қилы қиындықтарды сәтті еңсергеніне куә болдық. Мамлют ауданының да еліміз бен өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуына қосқан үлесі зор.

Жергілікті атқарушы билік өз қызметінде әрдайым Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған бағдарламалық құжаттарына арқа сүйейді. Біздің елімізде әрбір азаматтың алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасалғанын бәріміз де анық сезініп отырмыз. Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауларында алдымен тұрғындардың әлжуаз топтары, қарттар, жастар мәселесі ерекше назарға алынады. Сондықтан да жыл сайын зейнеткерлердің зейнетақысы, ұстаздар мен дәрігерлердің жалақысы, студенттердің шәкіртақысы өсіп, медицина, білім беру салаларындағы проблемалардың түйіні шешілгенін байқаймыз. Шынын айтсақ, соңғы жылдары бүкіл әлем жұртшылығын алаңдатқан дағдарыстың біздің елімізге салқыны тиіп кетер ме екен деп алаңдаған едік. Бірақ Елбасы қысылтаяң шақтан қысылмай өтудің тағы да жолын тауып, “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” Қазақстан халқына Жолдауы мен “Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол” атты бағдарламалық мақала­сын ұсынды. Бұл маңызды құжаттарда дағдарысты еңсерудің жолдары көрсетіліп, жоспарымыз сәтімен жүзеге асырылуда.

Нақтырақ айтар болсақ, біздің Мамлют ауданында соңғы жылдары әлеуметтік маңызға ие көптеген проблемалар шешімін тапты. Биылғы жылы “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының бірінші бағыты бойынша Мамлют ауданының №1 мектеп-гимназиясының шатырын, ғимараттың сыртын және терезелерін жөндеуге 58 миллион теңге қаржы бөлініп, ол толық игерілді. Сондай-ақ, игілігі мол бағдарламаның арқасында ауыл ішіндегі жолдар, “Ұшқын” балалар сауықтыру лагері, “Достық” саябағы жөнделіп, аудан орталығының көшелері жарықтандырылды.

Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында ауыл тұрғындарын алаңдататын проблемалар аз емес еді. Бүгінгі күні әлеуметтік мәселелердің біразы шешімін тапты. Қазіргі таңда ауыл жұртшылығын жол мәселесі ғана қинап отыр. Оның да жыл санап күрмеуі шешіліп келеді. Биыл аудандық маңызға ие жолдарды жөндеуге және күтіп ұстауға 10,7 миллион теңге қаржы бөлінді. Сондай-ақ, облыстық маңызға ие Становое-Новомихайловка-Раздольное және Новоникольское-Андреевка-Новомихайловка автожолдарын жөндеуге 312 миллион теңге жұмсалды. Мамлютка қаласындағы Победа көшесіне жөндеу жұмыстарына бөлінген 55 миллион теңге қаржы толықтай игерілді.

Ал “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы аясында Покровка, Афонькино, Калугино, Воскресеновка және Ленин ауылдарының көшелері де жөнделіп, бұл мақсатқа 11,8 миллон теңге қаржы жұмсалды.

Тұрғындардың әлжуаз топтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жаңаша серпінге ие болды. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақы және жәрдемақы мөлшері артты. Біздің ауданда да әлеуметтік қолдауды күшейту мақсатында ақшалай көмек көрсетуді қарастыратын “Өрлеу” бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ, халықты жұмыспен қамту бағытында жоспарланған іс-шараларға сәйкес 2016 жылдың басынан бері 541 адам тұрақты жұмысқа орналасса, 101 тұрғын қоғамдық жұмысқа тартылды. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында 15 адам әлеуметтік жұмыс орындарында еңбек етуде.

“Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының екінші бағыты кәсіпкерлікті және тірек ауылдарды дамыту арқылы жұмыс орындарын құру болып табылады, бұл мақсатқа ел қазынасынан бөлінген 30,5 миллион теңгеге 14 адам өз ісін ашуына мүмкіндік алды. Сонымен қатар 7,5 миллион теңге инвестицияланған несиелер бойынша бөлінді. Тағы да бағдарламаға қатысушы 20 адамға 32,09 миллион теңге несие берілсе, 4 тұрғын 7,5 миллион теңгенің инвестицияланған несиесіне қол жеткізді. Шағын несие алушылар есебінен қосымша 20 жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта олардың қатары тағы да толықпақ, өйткені, 19 адам кәсіппен айналысу үшін білімдерін жетілдіріп қайтты.

Біздің өңіріміздің табиғаты ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы. Мамлют ауданында да егін егіп, мал өсіруді кәсіп қылғандар аз емес. Бүгінгі күні бізде 62 мал фермасы жұмыс істейді, соның 11-інде қазақтың ақ бас, “Ангус”, “Қалмақ”, “Симменталь” тұқымды қара мал түрлері өсіріледі. Ал “Мәмбетов және К”, “Белое Агро”, “Житница”, “Қызыләскер” серіктестіктерінде мал басының генетикалық әлеуетін арттыратын репродуктор бар.

“Сыбаға” бағдарламасы арқылы мал шаруашылығын дамыту және ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру үшін жеке қаражат есебінен 129 миллион теңгеден астам қаржыға 800 бас сатып алынды. “Құлан” бағдарламасы да жылқы шаруашылығын дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Шаруалар өз қаражатына 184 жылқы сатып алып, төрт түлік төресінің санын көбейтті. Бұл мақсатқа 53,6 миллион теңге жұмсалды. Сондай-ақ, “Алтын асық” бағдарламасының тиімділігін түсінгендер жайылымдағы қой санын 330 баспен толықтырды. Бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыруды көздеп отырмыз. Сондықтан мал арқылы пайда табуды көздегендерге қолдау көрсетіліп, көмек берілетін болады.

“Еңбектің наны тәтті” дегендей, біздің елімізде жұмыс істеуге ниетті адамдарды қолынан қағып, кеудесінен итермейді. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы көптеген тұрғын аяғынан тік тұрып жатыр.

Алдымызда егемендік алған жылдар ішінде қол жеткізген жетістіктерімізді еселей түсу міндеті тұр. Сондықтан ауданның әрбір тұрғыны биікке ұмтылған еліміздің дамуына елеулі еңбектері арқылы үлес қосарына сенімдімін.

Ерболат БЕКШЕНОВ,

Мамлют ауданының әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp