«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕСКІРМЕЙТІН ЕСТЕЛІК

Бұл оқиға 1924 жылы болған екен. Тарихи маңыздылығы бар ғибратты әңгімені Сәкен Сейфулиннің зайыбы болған Көкеш апамыздың немере інісі Медғат атамыздың аузынан естідім. “Ұлы бабам Иса баласы Мұса (Көкештің әкесі) небәрі 32 жыл ғана ғұмыр кешіпті. Ол кісінің өмірінің қысқа болуы туралы Әктайім (Мән) атаның айтуынан білемін”, – деді болған жағдайды баяндап берген Медғат атамыз. Әктайім Мұса атамызды көріп білген, араласқан адам екен. Ол адамгершілік қасиеті мол, ауқатты азамат болыпты. Өткір, ұқыпты, пысық, қонақжай бәйбішесі Зәуре де кім келсе де қазан көтеріп, шәйнегін алып жүгіреді екен.

– Әкеден 9 жасымда жетім қалып, ағайын-туыстың ортасында ержеттім. 24 жасымда үйленген кезімде Әктайім (Мән) атам мен Мұса бабамның жасаған жақсылықтарын өздеріне қайтара алмадым, – деп көзіне жас алды Медғат атамыз.

Осы уақытқа дейін Әктайім (Мән) атамның немерелерімен шынайы туғандай араласып келген Медғат атамыз Мұса бабамыздан Сайфи есімді ұл туып, оның 36 жасында дүние салғанын жеткізді. Сайфиден – Әлкеш (38 жасында), Бекеш (28 жасында), Әлкештен – атамыз Медғат пен Сағдат тараған. Жоғарыда айтылған Мұса бабамыз кезінде болыс болыпты. Ол кісінің Көкеш есімді қызы (шын есімі – Гүлнар), Сайфи деген ұлы болған. Тарихи деректерге сүйенер болсақ, Көкештен бір жас кішкентай бауыры Сайфи Сәкен Сейфуллинмен бірге оқыған.

Мұса атақты Мәті-Дәуленмен құда болып, сұлу да сымбатты Көкешті ұлы Пейрушаға айттырады. Ақылы ажарына сай бойжеткен атастырған адамын менсінбейді.

Оқиғаның мән-жайына қанық болған ақын жанына Әлкей мен Қаскей есімді азаматтарды ертіп алып, көлігімен Сілетінің бер жағындағы Қайрат ауылынан бір шақырым жердегі Қызылжардағы Сайфидің үйіне келеді.

Бұл кезде қаймағы бұзылмаған қазақ ауылы беделді отбасының қызын тұрмысқа бермекші болып дүрлігіп, тойға дайындалып жатады. Қалыңдыққа күйеу жігіт Пейруша келгенде бойжеткен Сайфидің отауында отырады. Меймандар келгенде кетіп қалудың ретін таппай Сәкен Сейфуллин солармен бірге болады. Ертесіне Мұхамедрахым сапар жайын Көкешке айтып: “Сәкеннің басы бос, сенімен сөйлескісі келеді”, – дейді. Ал Көкеш болса оған: “Кеше ғана кездестік қой”, – деп аса бір құлық таныта қоймайды. Ақыры, бұл әңгіме Пейрушаға жетіп, ол Сәкен Сейфуллинді шақыртып, ашық әңгімеге тартады.

“Сәкен, екеуіміз бір Ақмоланың адамымыз ғой. Сенің атың, даңқың бар. Мен жердің үстімен келіп, астымен қайтпайын. Көкеш әкемнің атастырған қалыңдығы еді, сен араға түспе”, – дейді. Сәкен: “Кеше Қазақстанның үкіметі “Әйелге бостандық” деген Заң шығарды, оған өзіміз қол қойдық. Қазір “сенімен кетемін” десе менің еш сөзім жоқ. Ал енді: “Саған бармаймын” десе “бостандық” дейтін әңгіме бар емес пе? Таңдауы өзінде”, – деп жауап береді.

Ақыры Көкеш апамыз өз таңдауын жасап, Сәкен ақынның етегінен ұстап, жаңа өмірге қадам басады. Сәкен Сейфуллин жаңадан шыққан червонецтің төрт-бес жүз теңгесін Сайфиге береді де, қыздың киер киімін алып, Әлкей үшеуі Ертістегі пристаньға келіп, Омбыға аттанып кетеді.

1924 жылдың қыркүйек-қазан айларында Сәкенмен бірге Омбыдан Мәскеуге, одан Орынборға келген, бұған дейін ауылдан шығып көрмеген, хат танымайтын Көкеш қала мәдениетіне, тәрбиесі мен тәртібіне көндіге алмайды. Осындай нәрселерге Сәкен Сейфуллиннің көңілі толмай әйелін: “Үйіңді сағынып жүрген шығарсың, ауылыңа барып қайт”, – деп ноғай жігітпен еліне шығарып салады.

Жолаушы Көкешті Мұхамедрахымның үйіне алып келіп, оған хат тапсырады. Бір тілім қағазда: “Мұхамедрахым ағай, болашақта біздің жарасып кетуімізге мүмкіндік болмай қалды. Сондықтан ғафу етіңіз, балдызыңызды қайтарып отырмын”, – делінген. Мұхамедрахым оны Көкешке қалай естіртерін білмей қиналады. Ақыры не керек, айтуға мәжбүр болады. Көкеш қатты қайғырып, жылап-сықтайды. Мұхамедрахым оны Сайфидің үйіне жеткізіп салады.

Көкеш бір ай бойы жұртқа көріне алмай, үйде қамалып отырыпты. Содан кейін інісінен өзін Омбыға жеткізіп тастауды өтінеді. Омбыға келген соң пойызға отырып, Ташкенттен бір-ақ шығыпты. Онда ол мұғалімдік оқуға түссе керек.

Көкеш “халық жауының әйелі” деген айыптан қашқақтап, бой тасалап жүріпті. Қызылордада “Еңбекші қазақ”, “Әйел теңдігі” журналында әдеби қызметкер болған. Ташкентте түрлі жұмыстар атқарған. “Қайда жүрсем де Сәкенімді сатқан жоқпын. Тіксінген басшылар қызмет бермеді. Мен сұрамадым. Каучук зауытында қара жұмысшы болдым. Еден де жудым. Зейнетке киім күзетшілігінен шықтым”, – деген сөзі оған дәлел болса керек. Кейін Шымкентке келіп, сонда тұрған. Көкеш апамызға қаладан үй әперуге, республикалық дәрежеде зейнетақы дайындауға, қасына күтуші және қаладағы кинотеатрға Сәкен Сейфуллиннің есімінің берілуіне қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматов көмектескенін де айта кеткен жөн.

Көкеш 1927-1930 жылдары Орта Азиядағы басмашылармен күреске қатысқан. Ол 1988 жылы 79 жасында қазіргі Уәлиханов ауданына қарасты “Озерное” кеңшарында Сайфидің баласы Әлкештен туған Гүлнардың қолында тұрып, қайтыс болды.

Гүлайым ШӘРІПОВА,

Қайрат орта мектебі қазақ тілі мен

әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Уәлиханов ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp