Петропавлдағы есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық (түзету) мектеп-интернатының ұжымы осы санаттағы оқушылар арасында алғаш рет “Есназар – 2015” атты халықаралық интернет-олимпиада өткізді. Байқауда өрендер математика, информатика, физика, химия, биология, география және арнайы-түзету, яғни дыбысты айтуды қалыптастыру пәндері бойынша сынға түсті.
Олимпиаданың өткізілуіне білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығы және “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ-ның Солтүстік Қазақстан облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты филиалы ұйытқы болды.
Тестілеу сынағына Астана, Қостанай, Көкшетау, Семей, Павлодар, Ақтөбе, Зырян, Орал, Петропавл, Ресейдің Омбы, Щадринск, Челябинск қалаларынан және Беларусь Республикасынан есту кемістігі бар балаларға арналған 15 мектептен 350-ден астам оқушы қатысты.
Тестілеуге қатысушылардың басым бөлігі (212 бала) дыбысты айтуды қалыптастыру бойынша сынаққа түсті. Петропавлдағы есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық (түзету) мектеп-интернатынан – Рустем Абилев, Кирилл Житников, Толғанай Елюбаева сынды оқушылар жүлделі орындарға ие болды. Білім беру стандарттарының айтарлықтай айырмашылықтарына қарамастан, Беларусь Республикасының өкілдері де жақсы нәтиже көрсетті.
Барлық қатысушылар – сертификаттармен, жеңімпаздар – дипломдармен, оларды дайындаған мұғалімдер алғыс хаттармен марапатталды.
Елена КУЛАКОВА,
Петропавлдағы есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық (түзету) мектеп-интернаты директорының инновациялық жұмыс жөніндегі орынбасары.