«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАДЫМЫЗДА МӘҢГІ ҚАЛАДЫ

Облыс орталығындағы Достық үйінде “1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы: отыз жылдан кейінгі көзқарас” тақырыбында “дөңгелек үстел” өтті. “Желтоқсан ақиқаты” республикалық қоғамдық бірлестігінің өңіріміздегі филиалы мен облыстық ішкі саясат басқармасы бірлесіп өткізген жиынға қатысқан үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, тарихшылар, студенттер Желтоқсан көтерілісінің шынайы мәнін ашу, тарихи маңызын бағалау, оның Қазақстан Тәуелсіздігі үшін күрестегі рөлі мен орнын анықтау мақсатында ой бөлісті.

Жиында “Желтоқсан ақиқаты” республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Боташ Қажымов көтерілістің басталуының себептеріне, өз ұйымының жұмыстарына тоқталды.

– Осыдан 30 жыл бұрын орын алған оқиға басшылықтағы өзгеріске қарсылықтан басталған болатын. Дінмұхамед Қонаевтың Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығынан алынып, орнына Геннадий Колбиннің келуі халықтың намысын таптады. Сөйтіп, наразылық көтеріліске ұласты. Бұл шеруге солтүстікқазақстандықтар да қатысты. Біздің ұйым сол қасіретті оқиғада ерлік танытқан азаматтардың есімін өскелең ұрпаққа үлгі етумен айналысады. Мәселен, желтоқсан дүрбелеңіне қатысқан жерлесіміз Нұржан Қалиасқаровтың құрметіне жыл сайын волейболдан еске алу турнирін өткіземіз. Нұржан оқыған Тимирязев ауданындағы Ақсуат мектебіне мемориалдық тақта орнаттық. Сонымен қатар, жылда мектептер мен колледждерде тақырыптық кештер, “дөңгелек үстелдер” ұйымдастырамыз, – деді ол.

Жиында сөз алған М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы Людмила Гривенная Желтоқсан оқиғасының “халық көтерілісі” атануының себебіне тоқталды.

Жиын соңында жас ақын Аманжол Зағыпар Желтоқсан оқиғасына арнап шығарған өлеңін оқыды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp