Ардагерлер мен мүгедектерді қолдаудың қазан айында өткен қайырымдылық айлығына қалалықтар белсенді атсалысты. Петропавл қаласында ұйымдастырылған әртүрлі шараларға олардың көңілі толып, бір жасап қалды.
Петропавл қаласында зейнетақы немесе жәрдемақы алатын 52132 тұрғын бар. Оның 41949-ы зейнет жасындағылар болса, соның ішіндегі 19949-ы бұрынғы жұмыс орнымен байланысы үзілгендер, 10183-і – мүгедектер, 112-сі – соғыс ардагері, 4970-і – тыл еңбеккері. Үлкендеріміздің қай-қайсысы болмасын кейінгі буынның құрметі пен сыйластығын, жанашырлығын сезінсе, қуанып қалады.
Петропавл қалалық ардагерлер кеңесінің есепшотына күзде өткен қайырымдылық сенбілігінен 12 миллион теңге қаржы түсті. Биыл ардагерлерге құрметті ерекше танытқан кәсіпорындар мен мекемелер аз болған жоқ. Соның ішінде “Фирма Леонтьев” ЖШС-ін, Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатын, №3 қалалық аурухананы, Петропавл темір жол колледжін ерекше атап өтуге болады.
Бүгінде көптеген кәсіпорын мен мекемелердің басшылары өздерінің қарауына ардагерлерді алып, көмек көрсету үдерісін қалыптастырған. Қазір қаланың 393 зейнеткері қамқоршысына иек артып, алаңсыз өмір сүруде. 451 зейнеткер әлеуметтік қызметкердің көмегін пайдаланады. Биылғы қайырымдылық айлығы аясында оларға 676,5 мың теңге материалдық көмек көрсетілді. Соғыс ардагерлерінің әрқайсысына 5 мың теңгеден бөлінді. Қаламызда 100 жасаған сегіз тұрғын да назардан тыс қалмады. Қала бойынша 27 мың ардагерге 40 миллион теңгенің сый-сияпаты жасалды.
Көптеген кәсіпорындар мен мекемелер бұрынғы әріптестерін орталарына шақырып, сыйлық жасады. Мәселен, “Қазақтелеком” АҚ-ның облыстық филиалы ардагерлеріне қаржылай қолдау көрсету үшін 3 миллион 142 мың теңге бөлген. Қайырымдылық айлығында көптеген концерттік бағдарламалар қарттарға қуаныш сыйлады. С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры мен Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театры қарттар мен мүгедектерге қойылымдарын тегін көрсетті.
Айлық аяқталды, алайда, бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді.
Амангелді ҒАЗИЗОВ,
Петропавл қалалық ардагерлер кеңесі төрайымының
орынбасары.