Қызылжардағы бокс мектебінде өңірімізге белгілі бапкер болған Александр Лебедевті еске алуға арналған турнир өтті. Шараға жаттықтырушының туған-туыстары мен достары шақырылды. Осы орайда зейнеткерлік демалысына шыққанымен, балаларды жаттықтыруын тоқтатпаған Александр Николаевичтің еңбек сүйгіш болғандығын атап айтқым келеді. Ол бүкіл ғұмырын жас спортшыларды тәрбиелеу ісіне арнады. Сонымен қатар оның басты жақсылықтарының бірі ретінде көзі тірісінде құрып үлгерген “Денсаулық тобын” ерекше атап айтар едім. Ол топта 20 жылдан астам уақыт бойы спорт саласының ардагерлері жиналып, демалыс күндері спортпен жаттығу мүмкіндігіне ие болған еді. Өмірде де, залда да ұқып-тылығымен, жауапкершілігімен көзге түскен білікті бапкер өмірден өтсе де, артында ізін жалғастырушы ізбасарлары қалды. Спорттық шара барысында Александр Лебедевтің орнын жоқтатпай жүрген бокс мектебінің жаттықтырушылары Серік Ахметов пен Антон Лопатинді әңгімеге тартым.
Серік Ахметов – білікті бапкердің қарамағында жаттыққан боксшылардың бірі. Бүгінде жергілікті балалар Серіктей білікті бапкердің қарамағында бокстың қыр-сырын меңгеруде. Оның сөзіне қарағанда өмірден озған тәлімгердің жаттықтырған шәкірттерінің ішінен ең бірінші кезекте Ресейде тұрып жатқан бокстан спорт шебері Артем Языков пен П.Лумумба атындағы университеттің профессоры, спорт шебері Виктор Проценконы ерекше атап өтуге болады.
Бапкердің сөзіне қарағанда, Александр Николаевич қатал спорт – бокстің бел ортасында жүргенімен, ақкөңіл, мінезі жұмсақ, ақжарқын адам болған екен. Десек те техникасы мықты, қимылы ширақ болған. Шаршы алаңда қандай қарсылас кезіксе де, осал еместігін танытып, жүрексінбейтін. Бірақ адам туа сала мықты боксшы болмайды ғой. Даңқты боксшының өзі бастапқы бәсекелердің бірінде өзінен жасы да, тәжірибесі де үлкен, бокстан спорт шебері Михаил Тухватулиннен ойсырай ұтылған. Ащы жеңілістің дәмін татқан жерлесіміз былғары қолғабын қабырғадағы шегеге іліп, спорттан кеткен жоқ. Қайта жылдамдық пен техникасына ерекше көңіл бөліп, жаттығуларын үдете түскен.
Ал турнирдің ұйымдастырушыларының бірі – Антон Лопатин аталмыш сайысқа Рудный, Қостанай, Атбасар, Ақтөбе, Ресей Федерациясының Макушино қалаларының боксшылары, сондай-ақ, Айыртау, Жамбыл және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың былғары қолғап шеберлері де қатысқандығын тілге тиек етті.
– Ұйымдастырушылық шараларды екі айдың ішінде бітірдік. Демеушілермен, облыс басшылығымен тіл табысып, кубоктар мен медальдар, грамоталар сатып алынды. Жарыс қорытындысы бойынша “Үздік техника”, “Жеңіске деген жігер” және тағы басқа аталымдар бойынша марапаттадық, – деген Антон Лопатин облыстық бокстың деңгейін көтерген бапкердің балаларды тек қана жұдырықтасуға үйретіп қана қоймай, сонымен бірге тәрбие жұмысын жүйелі жүргізгенін атап айтты.
Оның айтуынша, бүгінде бапкердің шәкірттері білікті спортшылар ғана емес, сонымен бірге адамгершілігі мол жандар. Бүгінгі таңда шаршы алаңда облыс және ел намысын абыроймен қорғап жүрген шәкірттерінің ішінен ағайынды Азамат пен Жанат Жақияновтарды атап айтуға болады. Ағайындылардың бірі Жанат Солтүстік Қазақстан облысынан шыққан тұңғыш кәсіпқой боксшы, Азия жеңімпазы. Ол үстіміздегі жылдың сәуір айында Ұлыбританиядағы Шеффильдте француз боксшысы Карим Гуэрфиді бесінші раундта нокаутқа түсіріп, одан Еуропа чемпионы титулын тартып алды. Осылайша еншісінде 22 жеңісі бар спортшы Еуропаның жаңа чемпионы атанды. Сондай-ақ, Александр Николаевичтің ұлы Андрей Лебедев те бокстан КСРО-ның спорт шебері. “Білікті бапкердің жолын қуған ұлы білім саласында 40 жылдан астам уақыт еңбек етті. Мен онымен 2005 жылдан бері таныспын. Бастапқыда Андрей менің бапкерім болса, кейін әріптес болдық. Біз алдағы жылы да осындай турнирді қолға алуды жоспарлап отырмыз,” – деп сырын ақтарған Антон Лопатин өзінің көп жылғы жаттықтырушылық жұмысында Александр Лебедевтің әдістемелерін қолданғанын жасырмады. Себебі, білікті, тәжірибелі ұстаздарының қалдырған әдістері өзінің өзектілігін жоғалтпасы сөзсіз.
Облысымыздың беткеұстар былғары қолғап шеберлерін даярлап жүрген бокс мектебіндегі барлық топтарда жалпы 400-ден астам жеткіншек жаттығуда. Оларды 14 жаттықтырушы – бокс, 6 бапкер кикбокстың қыр-сырына баулуда. Бүгінде бар қажетті құрал-жабдықтар бар. Сондай-ақ, республикалық және халықаралық сайыстарға баруға тиісті қаражат та бөлінуде.
Міне, қарап отырсақ, тәжірибелі бапкерлеріміз де, мықты боксшыларымыз да бар.
Рашид ИСМАИЛОВ,
қоғамдық тілші.