«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСАНДЫ ҰРЫҚТАНДЫРУ ЖОЛЫМЕН ТУҒАН он бес сәбидің үшеуі биыл бір жасқа толды

Облысымызда №3 қалалық аурухананың негізінде ашылған экстракорпоралды ұрықтандыру бөлімшесінің іске қосылғанына 2 жыл болды. Бөлімше қызметкерлерінің біліктілігінің арқасында бала сүюге зар болған 12 отбасының шаңырағы сәби күлкісіне бөленді. Тіпті кейбір отбасылар бір емес, егіз баланың ата-анасы атанған. Жасанды ұрықтандыру жолымен туған 15 баланың 3-уі биыл 1 жасқа толды. Олардың үшеуі де – облыс орталығының тұрғындары. 

Аталмыш бөлімше облысымыздағы демографиялық жағдайды жақсарту мақсатында құрылған. Қазіргі таңда бұл бөлімшеде 295 отбасылық жұп емделуде. Олардың барлығы өз қаражаттарымен ем қабылдауда. Ұрықтандырудың құны 288 мың теңгені құраса, емдеу, дәрі-дәрмектер, медициналық тексеру шаралары науқас денсаулығының жағдайына қарай 300 мыңнан 500 мың теңгеге дейін жетеді. Келесі жылдан бастап бұл бөлімше Денсаулық сақтау министрлігінің үлестеме бағдарламасына қатысады. Содан кейін бала сүйгісі келетін солтүстікқазақстандық отбасылық жұптар репродукция бөлімшесінде тегін ем шараларын қабылдауға мүмкіншілік алады. Министрлік шешетін мұндай тегін медициналық көмектің иесі болудың өз шарттары бар. Ол үшін әйелдің бедеулігі немесе ердің белсіздігі расталуы тиіс. Үлестеме иесін саралау кезінде отбасылардың материалдық жағдайлары ескерілмейді.

– Денсаулық сақтау министрлігінің квоталық бағдарламасына қатысу үшін репродукция бөлімшелері бірнеше шарттарға сәйкес болуы тиіс. Алдымен бөлімшенің материалдық базасы тиісінше медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталып, білікті мамандармен толық қамтамасыз етілуі керек. Қазіргі таңда бізде Израильдің белді клиникалары мен Алматы қаласындағы репродукция институтында білімдерін шыңдаған 3 репродуктолог, 2 эмбриолог және 1 андролог дәрігер қызмет етеді. Біздің бөлімше құрал-жабдықтармен және білікті мамандармен толық қамтылған. Жұмысымыз да нәтижелі. Көрсеткіштеріміз бар. Шарт бойынша орталықтың ашылғанына 3 жыл толуы тиіс екен. Ал біздің бөлімше өз жұмысын бастағанына биыл небәрі 2 жыл толды. Сондықтан келесі жылдан бастап өңіріміздің отбасылық жұптары мемлекеттік квота арқылы бөлімшеде тегін ем-дом қабылдай алады, – дейді №3 қалалық аурухананың бас дәрігерінің акушерлік және гинекологиялық қызметі жөніндегі орынбасары Елена Калюжная.

Қазіргі таңда квота аламыз деп, кезекте тұрған отбасылар жетерлік. Биыл үлестемеге облысымыздан ие болған 20 отбасылық жұп, өңірімізде репродукция орталығы болса да, Астана, Алматы және Тараз қалаларындағы экстракорпоралды ұрықтандыру орталықтарында ем-дом қабылдауға мәжбүр. Жасанды ұрықтандыру тегін болғанымен, орталықтар еліміздің өзге қалаларында орналасқандықтан, материалдық және моральдық жағынан біраз қиындық тудырады, – дейді Елена Калюжная.

Осы жылдар ішінде репродукция бөлімшесінің көмегіне жүгінген кей отбасылық жұптардың арасында ем-дом алғаннан кейін табиғи жолмен бала сүйгендер де бар. Қазіргі таңда 5 ана жүкті болып, мекенжайы бойынша тіркелген емханаларда гинеколог дәрігерлердің бақылауында.

Қазіргі ғылымның не нәрсеге де қолы жеткен. Оны репродукция бөлімшесінің жұмысынан-ақ көруге болады. Бөлімшеде суррогат ана арқылы нәресте сүюді қалайтын жұптар да бар екен. Бүгінгі күні ондай екі отбасылық жұп тиісті медициналық тексерістерден өтіп, ем қабылдап жатқан көрінеді. Бір отбасылық жұп суррогат ана ретінде әйелдің сіңлісімен келісімшартқа отырған. Егерде суррогат ананың денсаулығы жарайтын болса, ата-аналар сәбилі болады, – дейді Елена Калюжная.

Репродукция бөлімшесінің тағы бір ерекшелігі оның көпбейінді аурухананың жанынан құрылғандығында. Бұл ауруханада репродукция бөлімшесінен өзге гинекологиялық, патология және перзентхана бар. Яғни, репродукция бөлімшесінде жасанды жолмен ұрықтандырылған ана босанғанға дейін осы аурухана дәрігерлерінің қарауында болуына барлық мүмкіндік қарастырылған.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp