Көрермен көп күткен жекпе-жек басталар сәт. Шаршы алаңды айнала жайғасқан көрермен Бенджамин Питтелудқа қошемет көрсетіп жатыр. Ол да өзінің жеңетініне сенімді сияқты, маң-маң басып, рингке қарай беттеді. Жанкүйерлердің арасында кезінде кәсіпқой бокстан әлем чемпионы атанған, бүгінде танымал промоутер Рикки Хаттон да бар. Ол да жекпе-жектің ұзаққа созылмай, тез біткенін тағатсыздана күтуде. Себебі, сонау жақтан Францияның беткеұстар боксшысымен келісімшарт жасасу үшін ат шалдырып жеткен болатын.
Бұл 2011 жылы 11 желтоқсанда Швейцарияда орын алған оқиға. “Salle du Bourg” аренасы лық толы. Көрерменнің көбі – француздар. Франциядан Швейцарияға бару, Көкшетаудан Петропавлға сапар шеккеннен аса алыс емес шығар, оның үстіне Еуроодақ елдері арасында шекаралық кедергілер де жоқ екені мәлім. Бір кезде ринг-анонсер шаршы алаңға Бенджаминнің қарсыласын шақырды. Жанкүйер шетелдіктің есімін естеріне сақтап та үлгермеді, тек Қазақстаннан екенін айтқанда ғана білетіндер бұл Азия құрлығындағы ел екенін біріне-бірі хабарлап жатты.
Төреші “бокс” дегені сол еді қос қарсылас бір-біріне арыстанша атылды, әсіресе, азиялық жігіттің екпіні күшті. Салған жерден қарсыласын соққының астына алды. Өз-өзіне сенімді шыққан француз сәлден соң сасайын деді, саспағанда қайтсын, бірінші раундтың өзінде екі рет нокдаунға түсті. Есеңгіреп қалған оны раундтың аяқталғанын білдіретін гонг қана құтқарып қалды. Бапкерлері жан-жақтан білгендерін үйреткендей болған, бірақ жекпе-жектің екінші кезеңі басталғаны сол еді соққылар тағы да қарша борады. Бір сәтте жұрт мақтаған Бенджамин кескен теректей құлады. Жан-жақтан айғайға басып, қолдау көрсетіп отырған көрерменнің көңілі су сепкендей басылды. Ұшқан шыбынның ызыңы естілердей тыныштық орнады.
Бір, екі, үш… он! Нокаут! Төреші жеңімпаздың қолын жоғары көтерді. Зал толы көрермен тік тұрып қол шапалақтады. Не болғанын түсінбей қалған Рикки Хаттон да орнынан мең-зең күйде көтерілді. “Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын” демекші, болашақта чемпион болады деп іздеп келген боксшысы таяқ жеп қалды. Кімнен? Аты-жөні де есінде қалмапты. Бірақ соққысы жойқын, бокстасу мәнері Костя Цзюды жеңген кездегі өзіне ұқсайды екен. Бірден көмекшісін шақырып, жеңімпаз жігітпен кездестіруін талап етті. Бәйге алар тұлпарды құлынынан танитын сыншыдай Рикки болашақ чемпионды көргендей болды. Көп ойланбастан оны өзінің промоутерлік компаниясына алғысы келетінін хабарлады. Осылайша, жерлесіміз, ол кезде есімі аса таныла қоймаған кәсіпқой боксшы Жанат Жақиянов атақты ағылшындық былғары қолғап шебері Рикки Хаттонның қол астында жаттығуын бастаған еді.
Осы бір оқиғаға қарап, Жанаттың жолы болғыш, спорттық ғұмыры даңғыл деп айтуға мүлдем болмайды. Спортта чемпиондар көп, бірақ тума таланттар сирек. Кез келген спорт жаттықтырушысынан сұраңыз, бәрі бір ауыздан бала кезінен бастап жаттықпасаң, жеңіс тұғырына жете алмайсың деп жатады. Бірақ осы бір қағидаға қарсы құбылыстар та бар. Мысалы, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков былғары қолғапты алғаш рет 18 жасында ғана киген екен. Оған дейін ауылда көкпар тартып, күреспен күнін өткізген. Сол сияқты бұл тізімге Жанат Жақияновты да енгіземіз. Оның да шаршы алаңға кәмелеттік жасқа жеткен соң ғана шыққанын біреу білсе, біреу білмес.
Жанатпен алғаш Петропавл темір жол вокзалы маңындағы ескі су мұнарасының ішіндегі “Локомотив” деп аталатын шағын жаттығу залында кездесіп едім. Кәсіпқой рингке алғаш қадам жасаған кезі болатын. Маңдайдан аққан терді әлсін-әлсін сүртіп қойып, ағынан жарылып сұхбат берді. Жамбыл ауданынан қалаға көшіп келген кездегі көрген қиындықтарын көз алдына келтірді, вокзалда жүк тасығанын айтты. Тұрмыстың тауқыметі тек спорт залына кіргенде ғана ұмыт қалатын. Тағы бір атақты боксшымыз Геннадий Головкин сияқты Жанат та егіздің сыңары екенін сонда білдім. Жарық дүние есігін екі минут ертерек ашқан Азаматты “аға” деп құрметтейді екен. Кейін қалалық “Қызылжар нұры” газетінде “Егіздің сыңары ел намысын қорғап жүр” деген тақырыппен мақалам шықты.
– Жамбыл ауданының Благовещенка ауылында тұрған кезде күреспен айналыстық. Ауылда күрестен басқа айналысатын спорт та, оған сай зал да жоқ қой. 1998 жылы қалаға көшіп келіп, Жұмысшы кентінен үй алдық. Бұл шағынаудандағы сол кездегі жағдайды бәріңіз білесіздер. Ұрлық пен төбелестен көз ашпайтын. Бір сыныпта екі қазақ қанамыз. Оның үстіне ауылдан келген деп мазақтайды. Күнде төбелесетінбіз десем, өтірік айтқандық болмас. Осылай төбелесіп жүріп, бокс залына қалай барғанымызды білмей қалдық, – дейді сол кезді есіне алған Азамат.
Ағайындылардың ақ тер, көк тер болып жаттығып жатқандарын көрген алғашқы бапкері Владимир Чернышков та бар білгенін үйретуге тырысқан. Ұзамай ол өмірден өтіп, орнын Александр Лебедев пен Виктор Иванов басты. Олар да барын салып, қос бауырды шаршы алаңның шаңын қаққан нағыз шебер қылып тәрбиеледі. Азамат спортшылықтан бапкерлікке ертерек ауысты, қазір балғын боксшыларды жұдырықтасуға үйретіп жүр. АІВА-ның халықаралық дәрежедегі төрешісі ретінде әртүрлі жарыстарға төрелік етеді. Ал Жанаттың кәсіпқой бокстағы жеңістерін спортсүйер қауым жақсы біледі, қазір ол WBA тұжырымының уақытша әлем чемпионы деген атағына ие. Бүгінге дейін 27 жекпе-жек өткізіп, соның біреуінде ғана төрешілердің күмәнді шешімімен жеңіліс тапқан. Бұл сонау 2008 жылы болған оқиға. Кәсіпқой рингке енді шығып жүрген кезі, яғни алтыншы кездесуінде Ресейде шаршы алаң иесі Сахиб Усаровпен жұдырықтасып, тең дәрежеде өткен жекпе-жекте төрешілер қарсыластың қолын көтерген еді. Кейін Жанаттың промоутерлері қарымта кездесу ұйымдастыруды ұсынған, бірақ ресейлік келісім бермей қойыпты.
Жанат Жақиянов үшін сын сағаты әлі алда. WBA-ның уақытша чемпионы деген белбеуді “супер чемпион” атағына ауыстыру мүмкіндігі туып тұр. Ақпанның 10-ы күні кәсіпқой бокстың отаны саналатын Америкада 55,5 килограмм салмақ дәрежесіндегі супер чемпион Роуши Уорренмен жұдырықтасады. Егер жолы болып жеңіске жетсе, америкалықтың WBA және IBO тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеулерін тартып алмақ. Жанат өткен жылдың қараша айынан бері Англияда осы жекпе-жекке дайындалуда. Шаршы алаңда жасындай жарқылдаған Жанатқа жерлестері сенім артып отырғаны айтпасақ та түсінікті.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.