Петропавлдағы қазақ мектеп-гимназиясында “Ұлтпен бірге жасайды өнеріміз” атты оқушылардың қалалық айтысы өтті. Дүбірлі додада байқаудың алғашқы кезеңінен іріктелген он төрт айтыскер бақ сынасты.
Қалалық білім бөлімі мамандарының ұйымдастыруымен өңірімізде алғаш рет өткізілген бәйгеге қатысушыларды мәдениет жанашыры, кәсіпкер Дәстен Баймұқанов құттықтап, сәттілік тіледі.
Бөлінген он бес минут ішінде албырт айтыскерлер қазақтың қилы тағдырын, отты шежіресін, жер, ел үшін қанын төгіп, басын бәйгеге тіккен батырлардың өр тұлғасын жырға қосты, тұғырлы Тәуелсіздікке тәубе етіп, еліміздің жетістіктерін мақтанышпен өрнектеді. Сондай-ақ, қоғамда орын алып жатқан кемшіліктерді де назардан тыс қалдырмады.
Дүбірлі дода қорытындысы бойынша жүлделі бірінші орынды қарсыласын уытты әзіл, отты ойларымен инедей шаншып, найзадай түйреген Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық гимназия-интернатының оқушысы Диас Аяғанов еншіледі.
Жарқын ЖҰПАРХАН,
облыстық халық шығармашылығы орталығының әдіскері.