Айыртау ауданының орталығы – Саумалкөл ауылында еліміздің мерекелі жылында бірқатар жаңа нысандар ашылып, пайдалануға берілді.
Саумалкөлде 45 пәтерлі тұрғын үйдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан басшысы Ағзам Тастеміров еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістіктерін мақтанышпен айтты. “Мемлекеттік “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында еңбек етіп жүрген жас отбасыларға салынған жаңа тұрғын үйдің пайдалануға берілуі соның бір айғағы”, – деген Ағзам Ахметжанұлы қоныс иелеріне жаңа пәтерлердің кілтін табыс етті.
Пәтер алушылардың арасында “Балауса” шағын орталығының тәрбиешісі Алтыншаш Шияп та бар. Ол мемлекеттік бағдарлама аясында жас отбасыларға көрсетіліп отырған қамқорлық үшін аудан басшыларына алғысын жеткізді.
Ауданның белгілі кәсіпорындарының бірі “Ғасыр Айыртау” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жаңа шұжық цехы да іске қосылды. Шұжық өнімдерін өндіруде жаңа жабдықтар мен технологияларды қолдану нарықта өнім түрлерін кеңейтуге мүмкіндік беретіндігін тілге тиек еткен аудан әкімі ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосқаны үшін Валентин Лыткин басқарып отырған серіктестік ұжымына алғысын білдірді.
Жанат СӘБИТОВ.
Айыртау ауданы.