«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҢА ӘЛЕУМЕТТІК САЯСАТ

Мемлекет басшысы “Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму” атты биылғы Жолдауында тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жаңа бағдарламалар серпін алатынын айтты. Осыған орай әлеуметтің әлеуетін көтеру бағытында атқарылған және алдағы күндерге жоспарланған жұмыс жөнінде бізге облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ринат Елжасов әңгімелеп берді.

– Елбасы өз сөзінде: “Мен барлық әлеуметтік жағынан әлсіз қорғалған жіктерге сөзімді арнамақпын. Біз мұқтаждарға қашанда көмек қолын созып келдік. Сонымен қатар, әлеуметтік әділеттілік бұрмаланбауы тиіс. Өйткені, әрбір әлеуметтік төлем – бұл жай бюджетке ғана емес, әрбір жұмыс істейтін қазақстандыққа қосымша салмақ”, – дегенін бәріміз де естідік. Халықты әлеуметтік қолдау шараларын жүзеге асыру биыл да жалғаспақшы. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орташа алғанда – 28, білім беру саласы қызметкерлерінікі – 29, әлеуметтік қорғаудағы қызметкерлердікі 40 пайызға дейін артатын болады. Мүгедектігі мен асыраушысынан айрылуына байланысты әлеуметтік жәрдемақылардың 25 пайыздық өсімі күтіліп отыр, сондай-ақ, шәкіртақы көлемі де артпақшы. “2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап біз инфляция деңгейінің алдын ала отырып, ынтымақты зейнетақыны 2 пайызға индекстейміз. 2016 жылы “Б” корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы 30 пайызға арттырылатын болады. Бұл мақсаттарға қаржыны біз бюджеттік шығындарды оңтайландырғаннан кейін үнемдейміз. Осылайша біз еңбекақыны өсіру үшін қаржы тауып, өзіміздің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерімізді орындаймыз!” – деді Мемлекет басшысы. Яғни, Президент жаңа әлеуметтік саясат жасау міндетін жүктеді. Алдағы уақытта да мұқтаж адамдарға атаулы әлеуметтік қолдау көрсету олардың нақты табыстары мен өмір сүру жағдайына байланысты берілетін болады. 2016 жылдың І тоқсанында ел Үкіметі азаматтардың жекелеген топтарының ерекше сұраныстарын ескере отырып, өмір сүрудің ең төменгі деңгейінің құрылымдарын қайта қарайтын болады. Елбасы Үкіметке үш ай ішінде әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін оңтайландыру бойынша ұсыныс енгізуді тапсырды. Сондықтан тұрғындардың дағдарыстан үрейленіп, қобалжуына еш негіз жоқ.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тізіміне алған әлжуаз топ өкілдерінің саны – 8,5 мың адам. Жыл басынан бері әлеуметтік қолдау бағытында бюджет қаржысынан атаулы әлеуметтік көмек түріне, 18 жасқа дейінгі балалары бар тұрмысы төмен отбасыларға, тұрғын үй және әлеуметтік көмек мақсатында, мемлекет қолдауына мұқтаж басқа да санаттар бойынша азаматтарға 605 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды. Бүгінгі күні мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 2,6 мың адамға тағайындалған, бұл мақсатқа 62,3 миллион теңге көзделіп отыр. Үйде оқытылатын 366 мүгедек баланың оқуы үшін бюджеттен 14,2 миллион теңге қаржы қарастырылған. Сондай-ақ, облысымыздағы асырауында 18 жасқа дейінгі балалары бар әлжуаз отбасылардағы жеткіншектер саны 6,5 мыңнан асады, олар үшін 97,4 миллион теңге қаржы бөлінді. Жалпы жыл басынан бері көмекке зәру 15 мың тұрғын мемлекеттің қолдауын сезінді, бұл мақсатқа жұмсалған қаржы – 384,7 миллион теңге.

– Елбасы әлеуметтік қолдауды кеңейту мақсатында заман талабымен үндескен жаңа “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы жасалатынын айтты. Бұған дейінгі бағдарламалардың тиімділігін тұрғындар сезіне алды ма?

– Жергілікті билік органдарының сан-салалы жұмысының бір бағыты аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруға арналды. Жыл басынан бері “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы шеңберінде облыс бойынша 5 мыңға жуық адам еңбекке араласса, соның 4 мыңдайы тұрақты жұмысқа орналасты. Бағдарламаға қатысушылардың 2600-ден астамы өзін-өзі жұмыспен қамтыса, 1500 тұрғын – жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрғандар, қалған 200 азамат – тұрмысы төмен отбасының мүшелері.

“Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасының бірінші бағыты бойынша жоспарланған 32 жобаның 29-ы жүзеге асырылып, 334 жаңа жұмыс орны ашылды. Ал аталмыш бағдарламаның екінші бағытына қатысушыларға жалпы сомасы 451,3 миллион теңгенің 235 микрокредиті берілді. Олар мемлекеттің көмегімен ауыл шаруашылығы, жолаушылар және жүк тасымалы, қоғамдық тамақтану қызметін, азық-түлік өндірісі кәсібін дамытуды көздейді. Қайтарылған қаражат есебінен тағы да 75 несие берілгенін де айтып өткен жөн, несие алушылар қосымша 312 адамды жұмысқа қабылдады.

Тұрғындар бағдарламаның үшінші бағытының да игілігін көрді деп айта аламыз. Өйткені, биыл 130-ға жуық адам кәсіби оқуды аяқтаса, ниет танытқан 21 бағдарлама қатысушысы қайта даярлық курсынан өтті. Әлеуметтік жұмыс орындарына қабылданғандар саны – 330 адам, ал жастар практикасымен 350-ге жуық қызжігіт орын тапты. 3 мыңға тарта адам жұмыспен қамту орталығының бос жұмыс орындары базасы арқылы еңбек етуде. Сондай-ақ, бағдарламаның үшінші бағыты бойынша салынып жатқан облыс орталығындағы 2 бірдей жастар жатақханасының құрылысы аяқталуға таяп қалды. Біздің елімізде жастардың алаңсыз өмір сүруіне арналған игі бастамалар алдағы күндері де жалғасын табатын болады. Елбасы Жолдауында: “Мен жастарымызды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырамын. Жұмысшы мамандықтарын меңгеру керек. Кезінде мен де жұмысшы киімін киюден бастадым, домна пеші от-жалынының жанында тұрдым. Үлгі алыңдар! Жылдар өтеді, бірақ, осы өмірлік тәжірибелерің, сендер қандай өмір жолын таңдап алсаңдар да, міндетті түрде кәделеріңе жарайды”, – деді. Жастарға бағыт-бағдар сілтеп, қамқорлыққа бөлеп отырған Мемлекет басшысының жанашырлығы еліміздің жалынды, жігерлі қыз-жігіттерінің тарапынан қолдау табарына сенімдімін.

Әңгімелескен

Айгүл ЫСҚАҚОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp