«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕГЕНІ ЖЕЛКЕСІНЕН ШЫҚТЫ

Үстіміздегі жылдың сәуір айының аяғында Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы бөлімінің басшысы Айбас Нұртазинге А. есімді азамат жолығып, жеке кәсіпкердің салық берешегінің бар-жоғын біліп беруді сұрайды. Мұндай өтінішті орындау оған ешқандай қиындық тудырмаса керек. Ол жеке кәсіпкердің 2009 жылдан бергі жарамсыз “Тойота Ланд Крузер” маркалы көлік құралы үшін 1046000 теңге салық төлегенін айтады. Одан әрі Айбас Нұртазин А.-ға: “Егер ақысын жақсылап төлесең, салық үшін алынған соманы сол қалпы қайтарып беруге көмектесемін”, – деген ойын да жеткізеді. Бұл үшін көлік құралы есептен шығарылғаны жөнінде анықтама қажет болатындығын айтып, оны өзі-ақ 100 мың теңгеге жасап бермек болады.

Сөйтіп, А. Нұртазин әлгі азаматтан алдын ала келісілген 200 мың теңге ақшаны алып жатқан сәтте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі қызметкерлерінің қолына түскен.

Петропавл қалалық соты А. Нұртазинді Қылмыстық кодекстің 361-бабының 2-тармағы (қызметтік өкілеттігін жеке басы үшін пайдалану) және 325-баптың 1-тармағы бойынша (қолдан жасау, құжаттарды қолдан жасау және өткізу) қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Сот үкімі бойынша оның дүние-мүлкі түгелдей тәркіленіп, ол мемлекеттік функцияларды атқаруға байланысты қызметтен өмір бойына шеттетілді, сондай-ақ, бас бостандығынан айрылып, жазасын колония-қоныста өтейтін болып шешілді.

Қошан ҚАЛИ,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp