«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕМҚОРЛЫҚТЫ ЖОЮ ЖОЛЫНДАҒЫ ЕҢБЕКТЕРІ ЕРЕН

Осыдан 20 жыл бұрын Елбасының Жарлығымен құрылған Қаржы полициясы содан бергі уақытта еліміздегі сыбайлас жемқорлық және экономикалық қылмысқа қарсы аяусыз күрес жүргізіп келеді. Кәсіби мереке қарсаңында Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті (Қаржы полициясы) бастығының міндетін уақытша атқарушы, қаржы полициясының полковнигі Рүстем Рақышевпен сұхбаттасудың сәті түскен болатын.

– Рүстем Ғалымжанұлы, әңгімемізді Қаржы полициясының қысқаша тарихынан бастасақ.

– Қаржы полициясының тарихы 1994 жылғы 6 маусымнан бастау алады. Кейін, яғни 2001 жылғы 22 қаңтарда Елбасының “Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы” Жарлығымен Қаржы полициясы агенттігі құрылды.

Қазақстан – құқықтық мемлекет қалыптастыруды мақсат еткен ел. Бұл үдеріс ойдағыдай жүзеге асырылып келеді. Оның нақты бір мысалы, 2002 жылдың 4 шілдесінде қабылданған “Қазақстан Республикасының қаржы полициясы органдары туралы” Заң дер едім. Бұл құжат қаржы полициясы органдарының құқықтық мемлекет қалыптастыруға толыққанды қатысуына мүмкіндік берді. Осы сала қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттілігін айқындады, жауапкершілігімізді арттырып, қоғам алдындағы беделімізді өсірді.

– Өзіңіз басшылық ететін ұжымның жарты жыл ішінде атқарған жұмыстарына тоқтала кетсеңіз?

– Өткен 5 айдың ішінде департамент өндірісінде барлығы 274 қылмыстық іс тергелді. Өндірістегі қылмыстық істерді қосқанда 228 іс аяқталып, оның 154-і сотқа жолданды. Қалғандары тергелуде.

– Сыбайлас жемқорлық – қазіргі заманғы қоғамның көкейкесті мәселелерінің бірі. Қоғамдық кеселмен күресте департамент қызметкерлері жыл басынан бері осы санаттағы қанша қылмысты әшкереледі?

– Департамент қызметкерлері үстіміздегі жылдың 5 айында 62 сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмысты анықтады. Олардың 23-і айыптау қорытындысымен сотқа жолданды.

Бұл санаттағы қылмыстық істердің 14-і парақорлық болса, қызметтік жалғандық жасау бойынша – 13, қызмет бабын пайдалану арқылы жасалған алаяқтықтың – 3, қызмет өкілеттілігін теріс пайдаланудың – 10, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап етудің 7 фактісі тіркелді.

– Соңғы жылдары Елбасымыз шағын және орта бизнеске ерекше көңіл бөлуде. Қаржы полициясы кәсіпкерлердің құқығын қорғау бағытында қандай жұмыс атқаруда?

– Үстіміздегі жылдың 5 айында шағын және орта бизнес қызметіне араласу фактілері бойынша 2 лауазымды тұлғаға қатысты 4 қылмыстық іс қозғалды. Егер де кәсіпкерлер Қаржы полициясы қызметкерлері тарапынан қысым көрсе, департаменттің ішкі қауіпсіздік бөліміне шағымдануларына болады.

– Кәсіби мереке қарсаңында әріптестеріңіз бен сала ардагерлеріне тілегіңіз?

– Департаменттің жеке құрамын және ардагерлерді Қаржы полициясы күнімен құттықтаймын. Оларға қиын да жауапты қызметте абырой биігінен көрініп, табыс пен жетістіктерге жете берулерін тілеймін!

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp